Қытай атажұртқа оралып, Қазақстан азаматтығын алған қандастардың зейнетақысын  2017 жылдан бері төлеуді тоқтатқан. Бейнетінің зейнетін көре алмай жүрген қандастар бүгін Алматыда өткен дөңгелек үстелде Қытай үкіметіне заңды зейнетақымыз төленсін деген талап қойды.

Жиынды ұйымдастырушылардың бірі, «Атажұрт ерікті жастары» қоғамдық ұйымының өкілі Қыдырәлі ОРАЗҰЛЫ  Қытай үкіметі Қазақстан азаматтығын алған қандастардың зейнетақысын төлеуге міндетті, бұл аспанасты елінің өз заңдарында тайға таңба басқандай жазылған дейді.

— Қытайдағы зұлым саясат сонда тұратын қазақтарға ғана жасалып жатыр десек, бұл Қазақстанға оралған қандастарға да әсерін тигізді. 2017 жылдан бастап Қытай еш түсіндірместен атажұртқа оралған қандастардың зейнетақысын тоқтатты. Жастары келген қандастар жұмысқа жарамсыз болған тұста еңбегінің жемісін жей алмай отыр. Бұл мәселені БҰҰ адам құқықтары жөніндегі комитеті мен президент Нұрсұлтан Назарбаевқа жеткізсек дейміз. Қытай заңында «Қытайда зейнетке шығып, басқа елге қоныс аударып, шетел азаматтығын алған азаматтарға зейнетақы төлене береді» делінген.

Жиынға қатысқан Ыбырай ӘМЕТХАН сегіз айдан бері зейнетақысын ала алмай жүр:

Қандастар Қытайдан зейнетақысын талап етті

— 2013 жылы заңды демалысқа шығып, Қазақстанға оралдым. 2017 жылдың тамызында Қазақстан азаматтығын алдым. Зейнетке шыққан соң да зейнетақысы тоқтамайды деген құжат берілген. Сонда бар кінәміз – ұрпағымыздың жанында болайық деп тарихи Отанымызға қоныс аударғанымыз ба?! Маған осы күнге дейін зейнетақымның не себепті тоқтатағанын түсіндірген жоқ, ешқандай құжат та көрсетпеді. Біз Қытайға қайтып бара алмаймыз, сондықтан Қазақстан үкіметі бұл мәселеде бізге қол ұшын созуы керек.

Ыбырай Әметханның айтуынша, зейнетақы жөнінде сұрау салған қандастарға Қытай тарапы «елге келіп кет» деп талап қоятын көрінеді. Зейнетақысын даулап Қытайға барғандардың  төлқұжаттары тартып алынады. Осы себепті елге кері қайта алмай жатқан зейнеткерлер бар көрінеді.

Қандастар Қытайдан зейнетақысын талап етті

Бақытбек ҚАЛМАҚБАЙ:

— Қытайдан шетелге қоныс аударып, азаматтығын ауыстырған өзге ұлттардың миллиондаған өкілдері зейнетақысын алып жүр. Сонда бес тал қазаққа келгенде, Қытайдың ақшасы жетпей қалып па?

Сатыш ӘБІЛЕЗ:

— Қытайдан Іле облысы Шаты ауылы Шаты орта мектебінде сабақ бердім. Отыз жыл бойы қызмет етіп, 1994 жылы зейнетке шықтым. Қазақстанға 2006 жылы көшіп келдім. Ықтиярхатпен жүріп, 2017 жылдың қазанында азаматтыққа тапсырдым. Азаматтық алған соң, ақпан айынан бастап зейнетақымды тоқтатты.

Қандастардың бір бөлігі өмір бойы Қытайға қызмет етіп, зейнетке шыққан соң Қазақстанға оралып, бейнетінің зейнетін көре алмай жүр.  Бірақ зейнет жасына жетпей көшіп келгендердің арасында да зейнетақысына жете алмай зар илеп қалғандар бар.  Солардың бірі Шапиқ ЖҮКЕЙҰЛЫ бүгінде Қазақстаннан небәрі 13 мың теңге көлемінде жәрдемақы алып отыр.

Қандастар Қытайдан зейнетақысын талап етті

— 1998 жылы атажұртқа көшіп келген едім. Бірақ ол кезде зейнет жасына жетпегенмін. Қытайдағылар «зейнетке шыққан кезде кел, рәсімдеп береміз» деген. Зейнетке шыққан соң барсам, «қай елдің азаматысың?» деп сұрады. «Қазақстан азаматымын» деп едім, «онда зейнетақы бермейміз» деді. Сөйтіп, Қазақстанда құрығанда ең төменгі зейнетақы аламын ба десем, 13 мың теңге жәрдемақы ғана алады екенмін. Сонда Қытайда істеген жұмыс өтілім есепке алынбайды.

Жиыннан кейін ондаған зейнеткер Алматыдағы Қытай консулдығына хат тапсыруға барған еді. Алайда консулдық өкілдері түскі уақытты алға тартып, олардың арыздарын түскі сағат үште қабылдаймыз деген. Шыжыған күннің астында қарияларды үш сағат күттірген консулдық өкілдері түстен кейін ғимараттар сыртына «қауіпсіздік себептеріне байланысты консулдық құжаттарды қабылдау және беруді тоқтатады» деген тілімдей қағаз іліп, қандастардың арыздарын қабылдаудан бас тартқан.

Фотолар автордікі.

МАТЕРИАЛДЫ РЕДАКЦИЯНЫҢ РҰҚСАТЫНСЫЗ КӨШІРІП БАСУҒА БОЛМАЙДЫ.

Алматы қаласы туралы жаңалық оқу

Comments are closed.