Аягөздік шененуніктер жесірдің ақысын жеп жүр ме?

1165

Аякөз қаласында тұратын 8 отбасы көктемгі су тасқынының зардабын тартқалы екі айдан асса да жергілікті әкімдіктен көмек ала алмай отыр. Тоқсанғазин, Желтоқсан, Қажымұқан, Амангелді көшелерінің тұрғындары  арыз-шағымдарына құлақ асар шенеунікке зар.Облыс әкімі Даниал АХМЕТОВТІҢ алғашқы апталарда баспаналарын су шайып кеткен 14 отбасыға жаңа пәтер кілтін табыс етіп, бірінен кейін бірін қуантып жатқанда «бізге де көп ұзамай бір-бір үй бұйырып қалатын болар» деп қапысыз сенгендері рас.

Күнделікті көріп жатқан бейнеттері бірінен бірі өтетін отбасыларға баспана беруді былай қойғанда аудан әкімі Бақытжан БАЙАХМЕТОВ бастаған жергілікті шенеуніктердің құлағалы тұрған үйлерін жөндеуден өткізуге тұрғындарды қалай да көндірмек болған іс-әрекеті жаныңды түршіктіреді. Жанайқайын айтып, «Жас алаштың» Шығыстағы қосынына қоңырау шалған отбасылардың жағдайымен танысуға Аякөзге арнайы барып қайтқан жайымыз бар.

Бірінші болып Тоқсанғазин, 125 үйде тұратын 5 баласы бар Марат АХМЕТОВТІҢ үйіне кірдік. Жары Әсел қос өкпесі де сыз үйден пневмония дертіне шалдығып ауруханадан шыққан беті екен. Қабырғаларындағы жарықшақтардан бөлек қолқаны қабар сыз исіне қарамастан амалсыз күндерін өткізіп өмір сүрген болып жатыр.

Ахметов апат орын алған бетте ауданды аралап жүргенде біздің үйге де кірді. Мен жағдайымды айтып, мұндай баспананың ендігіде тұруға келмейтінін, көмек қажеттігін айтып жылап қоя бергенім сол, кәдімгідей қолымнан ұстап «Әсел, сен жылама, мәселелердің бәрі де шешіледі. Ешкім де баспанасыз қалмайды. Сендерге де көмектесеміз. Жарай ма?» дегенде қатты толқығаным есімде. Атын сыртынан ғана білетін білдей облыс әкімінің жаныма келіп, қамқор үнмен сөйлегенін естігенде үйді қазір алатындай елжіреп кеткенім рас. Содан қапысыз сенумен бір айымыз өтті. Әкімдік «әне болады, міне, болады» деп алдарқата берді. Бір күні облыс әкімінің орынбасары Серік АҚТАНОВ та келіп көрді. Мен үй қажеттігін тағы да айттым. Қасында Аякөз ауданының әкімі Бақытжан Байахметов те бар.  Жағдайымызбен танысқан Ақтанов  келесі бөлмеге қарай өткенде Байахметов маған зілдене қарап: «Ты где будешь жить, мы решаем. Ты будеш может стадионе или спортзале» деп салды. Үйдің апатты жағдайда тұрғаны туралы комиссия қорытындысының да бар екенін біле тұра, әкімнің бұлай сөйлеуіне қандай қақысы бар?! 

Осылай деп көз жасын көл еткен Әсел қазір жүйкесі әбден жұқарып, күйеуімен күнде ұрыс-керіске баратынын да жасырған жоқ. Сыз өткен үйде балалардың жағдайы да мәз емес: бір күн ауру, бір күн сау. 

Тау бөктерінде орналасқан Тоқсанғазин 143 мекенжайда тұратын жесір ана Зайтуна ҚАҺАРМАНОВАНЫҢ зарын тыңдағанда аза бойымыз қаза болды. Өткен ғасырдың отызыншы жылдарынан қалған тоқал тамда екі баласымен және ауру анасымен тұрып жатыр.

-Әкімдік қазір мені жаттап алған. Жесір деп басына ма, қайдам, әкімнің орынбасары Бауыржан НҮКІБАЕВ бір күні үйіме келіп үстел тоқпақтап: «Егер өмір сүргің келсе,  жан-жаққа арызданып хат жаза беруіңді доғар. Депутат Сабильяновқа жазғаныңнан да түк шықпайды» деп сес көрсетті. Оның бұлай зілденуінің себебі бар. Мамыр айының алғашқы аптасында Ақтанов келген кезде әкімдікке үйімнің жайын білуге барғанмын. Себебі, мен бірінші кезекте үй алуға тиісті 34 отбасының тізімінде бар болатынмын.  Ақтанов отырған үстелінің суырмасынан менің құжаттарымды алып шығып: «Қаһармановаға үй алуы үшін 6 млн. теңге есептеліпті ғой. Ол неге алмаған?» деп айналасына таңдана қарады. Дәл сол арада Нүкібаев, комиссия мүшесі, аудандық білім бөлімінің басшысы Нұрғали ӘЗІМБАЕВ ТА та отырған. Түрлері бұзылып кетті. Мен дереу «аға, құжаттарымды соткама түсіріп алуға бола ма?» деп телефонымды қолыма алып оқталғаным сол, Ақтанов бірден тартпаға қайта сүңгіте салды. «Сені кейін өзіміз шақырамыз. Бара тұр» деп алдарқатып шығарып жіберді. Есесіне, көп күн өтпей 18-мамыр күні Нүкібаев кешкісін келіп қорқытып кетті. Мен де қазір кімге барып шағынып, тиесілі үйімді қалай аларымды білмеймін,-деп ашынады Зайтуна.

Аудан шенеуніктерінің тұрмысы төмен, арқасүйер азаматынан айырылғанына 2 жылдың жүзі болған жас ананың жесірлігін өз мақсаттарына пайдаланғанда төбе шашың тік тұрады.

-Аудандық білім бөлімінің басшысы Әзімбаев менің жағдайы нашар үйде тұратынымды жан-жаққа хабарлап, менің сыртымнан ақша жинатқанына дейін естідім. Әр ауылдың қожалық иелерінен, ауқатты отбасыларынан 2 мың, 3 мың теңгеден ақша жинатқанын түсіне алмай, әкімдікке тағы бардым. Әзімбаев онысының рас екендігін мойындап қана қоймай, 25 мамырда жиналған қаражатты қолыма ұстатуға уәде берген. Алайда, әлі күнге дейін бір тиын берген емес,-дейді З. Қаһарманова.

Осылайша жалғызбасты ананың үй алуына тиесілі 6 млн. теңге қаражаттан бөлек, жылу жинау арқылы алдыртқан ақшаның неге берілмей келе жатқанын түсіндірудің орынына келіп қысым көрсетіп кететін аякөздік әкім-қаралардың ісінен жаның түршігеді. Біз бұл сапарымызда өз көзімізбен көрген екі үйдің жайын ғана баяндадық. Ал шын мәнінде 8 отбасының барар жер, басар тауы жоқ. Олардың әрқайсы туралы алдағы уақыттарда тағы да жазатын боламыз.

Фотолар автордікі.

МАТЕРИАЛДЫ РЕДАКЦИЯНЫҢ РҰҚСАТЫНСЫЗ КӨШІРІП БАСУҒА БОЛМАЙДЫ.

 

 

3 ПІКІРЛЕР

Comments are closed.