Жақын күндері  өзінен бірнеше жас үлкен оқушылар зорлауы мүмкін деген сарыағаштық жеті жастағы балаға қатысты сараптама қорытындысы жария етіледі. Бұл туралы zhasalash.kz тілшісіне  Сарыағаш аудандық әкімдігінің жауапты қызметкерлері хабарлады.

Шенеуніктердің айтуынша, қазіргі уақытта зорлануы мүмкін деген бала Алматы қаласында. Оның Абай ауылына қайтып оралу-оралмауы белгісіз.  Оған қатысты сараптама қорытындысын жақын күндері Бас прокуратура көпшілікке жариялайды. Тергеу амалдарына байланысты аудандық білім бөлімінің басшысы мен екі мектеп директоры әлі қызметінен шеттетіліп тұр.  Дегенмен…

Біз бұған дейін Сарыағаш ауданы әкімінің орынбасары Құдірет ҚЫСТАУБАЕВҚА хабарласқанымызда да ол сараптама қорытындысын жақын арада Бас прокуратураның жария ететінін айтқан еді. Алайда одан бергі аралықта арада бір айдан астам уақыт өтті. Шенеуніктердің бұл жолғы мәліметінің қаншалықты рас боларын уақыт көрсетеді.

Жуырда «Нұр Отан» партиясы Саяси кеңесінің кеңейтілген отырысында президент Нұрсұлтан Назарбаев сарыағаштық баланың ісіне қатытсы пікір білдірген болатын. Мемлекет басшысы: 

«Оңтүстік Қазақстандағы кішкентай ұлмен болған жағдайға байланысты. Оны жоғары сыныптың оқушылары зорлаған. Осы жағдай қоғамның назарын өзіне аудартты, бірақ осы оқиғаға кінәлілерді тауып, жауапқа тарта алмадық. Неге екенін білесіздер ме? Себебі, тиісті орындарда туған-туыстар отырған. Полицияда да сондай. Жоғары органда да туған-туыстар қызмет атқарған. Заң бойынша мұндай жағдай болмауы керек», – деді.

Иә, президент нақты айтты. «Жоғары сыныптың оқушылары зорлаған» деді. «Зорлаған болуы мүмкін» деген жоқ. «Осы оқиғаға кінәлілерді тауып, тиісті жауапқа тарта алмадық» деді. Бұл жерде президент  бала зорлады деп күдіктелген жетінші сыныптың оқушыларын айтып отырмағаны бесенеден белгілі. Мәселе осы оқиғаны барынша жауып-жасырған азаматтар туралы сияқты. Бұған дейін ақпарат құралдарында жазылғандай, бала зорлады деп күдіктелген оқушылар оқитын мектеп директорының қайын атасы Сарыағаш аудандық білім бөлімін ұзақ жылдар басқарған, қазір кәсіподаққа жетекшілік етеді, ал қайын ағасы облыстық полицияда лауазымды қызметтерді атқарады. Зағипа БАЛИЕВА Орталық сайлау комиссиясына төрайымдық еткен жылдары «экс-завРайОНО» осы комиссияның аудандық өкілдігіне жетекшілік еткен…

Сөйткен Балиева осы аптада президенттің өкімімен Қазақстандағы балалардың құқықтары жөніндегі уәкіл қызметінен босатылды. Оның орнын басқан Сәуле АЙТПАЕВА  ақпарат құралдарына берген сұхбатында сарыағаштық баланың мәселесіне міндетті түрде назар аударатынын мәлім етті.

Бұған дейін құқық қорғау органдары мен сарыағаштық білім саласы басшылары баланың зорланғанын жоққа шығарғаны белгілі. Себебі алғашқы сараптама қорытындыны солай берген. Алматы қаласында жасалған қосымша кешенді сараптама нәтижесінің жақын күндері жария етілетінін жоғарыда айттық. Егер сараптама оң қорытынды берсе… Онда біраз шенеунік креслосымен қош айтысады. Тіпті «баланың зорланғаны расталса, қызметімнен кетемін» дегенді кейбір шенеуніктер күні бұрын айтып қойған болатын.  Ал теріс қорытынды берсе…

Онда президент қателескен бола ма?

Фото: azattyq.org

МАТЕРИАЛДЫ РЕДАКЦИЯНЫҢ РҰҚСАТЫНСЫЗ КӨШІРІП БАСУҒА БОЛМАЙДЫ.

 

 

 

 

 

 

Алматы қаласы туралы жаңалық оқу

Comments are closed.