Америкалық белгілі адвокат Джаред Генсер Алматыда баспасөз мәслихатын өткізіп, Қазақстан билігінен қазақстандық бизнесмен Ескендір Ерімбетовпен кездестіруді сұрағанын мәлімдеді деп хабарлайды Азаттық тілшісі.

АҚШ-тағы Perseus Strategies заң фирмасын басқаратын Джаред Генсер жиында Қазақстандағы адам құқықтарының бұзылуы, оның ішінде Ескендір Ерімбетовті қорғауға және «Магнитский  актісінің» Қазақстанға қатысты қолданылу ықтималдығы туралы сауалдарға жауап берді. Қазақстандағы халықаралық адам құқығы бюросында өткен жиынға қазақстандық құқық қорғаушылар, белсенділер мен Ескендір Ерімбетовтің туыстары қатысты.

Джаред Генсер жиында сөзін Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың елді 1990 жылдардан бері басқарып келе жатқанын, елдегі барлық президент және парламент сайлауы нәтижелерін ешбір халықаралық ұйымның мойындамағанын, елде сөз бостандығы жоғын айтты. Ол Қазақстандағы сот жүйесінде «әділдік жоғын» және «белсенділердің қорғалмайтынын» заңның дұрыс жұмыс істемейтінінен көретінін жеткізді.

Адвокат Қазақстанға билік өкілдерімен диалог орнату үшін келгенін, ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымовпен кездесуді сұрағанын мәлімдеді. Бірақ министр кездесуден бас тартып, орнына басқа шенеуніктер кездесуі мүмкін екенін айтқан. Адвокат бұған қоса Қазақстан билігінен өзін Ескендір Ерімбетовпен кездестіруді сұрағанын, егер билік өтінішті орындаудан бас тартса, онда ол халықаралық пактілерді бұзу болып саналатынын ескертті.

Генсер Қазақстан билігі өзін Ерімбетовпен кездестірмесе, онда оның Астанаға кері салдары тиетінін, қазақстандық шенеуніктерге «Магнисткий актісі» заңы бойынша санкция салынуы мүмкін екенін ескертті. Адвокаттың сөзінше, «Магнитский актісі» бойынша санкция салынатындар тізіміне ең алдымен министр Қалмұханбет Қасымов ілігуі мүмкін. Ол санкция салынатын шенеуніктер тізімі түрмедегі құжатпен расталған азаптау фактілері бойынша алты айдан бір жылға дейінгі мерзім ішінде түзілуі мүмкін екенін айтты.

Perseus Strategies заң фирмасы биыл 24 қаңтарда «қазақстандық бизнесмен, Қазақстанда қамауда отырған және азаптауға ұшыраған Ескендір Ерімбетовті қорғаумен айналысатынын» хабарлаған.

Қазақстан билігі «БТА банкінен» жымқырылған қаржыны «жылыстатуға қатысы бар» деп айыптайтын Ескендір Ерімбетовтің туыстары оған қарсы істі «қолдан жасалған және ол азапталып жатыр» деп мәлімдейді.

Оқыңыз: Азаптау шағымы «Ерімбетов ісінің» сипатын өзгертті

Туыстары Ерімбетовті кезінде «БТА Банктің» бұрынғы басшысы Мұхтар Әблязовтің заңгері болған қарындасы Бота Жәрдемәліні елге қайтару үшін қуғындап отыр деп біледі. Мұхтар Әблязов өзін Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың саяси қарсыласымын деп санайды.

Ескендір Ерімбетовтің ісі бойынша сот 14 маусым күні түстен кейін Алматыда басталады. Джаред Генсер сотқа құқық қорғаушы әрі бақылаушы ретінд қатысатынын айтады.

Perseus Strategies фирмасы әлемдегі ең әйгілі саяси тұтқындарды, оның ішінде Чехияның бұрынғы президенті Вацлав Гавель мен Нобель сыйлығының лауреаттары Аун Сан Су Чжи, Лю Сяобо, Десмонд Туту және Эли Визельді қорғаумен айналысқан.

«Магнитский актісі» аталып кеткен заң АҚШ және бірнеше Батыс елінде қабылданған. Ол заң 2009 жылы қарашада Мәскеу абақтысында қаза тапқан Hermitage Capital қорының заңгері, Ресей бюджетінен ірі көлемде қаржы жымқыру айла-шарғысын әшкерелеген Сергей Магнитскийдің құрметіне «Магнитский актісі» аталған. Әуелде АҚШ Конгрессі қабылдап, кейін кеңейтілген заңда Вашингтон «адам құқығын бұзуға қатысы бар» деп білетін ресейліктерге экономикалық санкциялар салу және виза бермеу қарастырылған.

Дереккөз:Азаттық радиосы

Алматы қаласы туралы жаңалық оқу

Comments are closed.