Аякөз қаласында су тасқынынан баспанасы тұруға жарамай қалған отбасылардың қатарында Желтоқсан көшесі 90 үйде тұратын Берікқали СЫДЫҚОВ та бар. Ол қазір зайыбы Шынармен бірге көлігін қойып жүрген гаражына «бөлек шығуына» тура келген. Ал қабырғалары қақыраған үйін жөндемек тұрмақ, ішіне бір кіріп шығуға да дәті бармайды. Әйтеуір бүкіл дүние, төсек — орынымен көшіп алған жайын көрдік.

«Әкімдіктегі жергілікті басшылар да, сарапшылары да, комиссиясы да бірнеше рет келіп көрген үйдің жағдайын. Қырық құбылып созып келгені аздай енді, баспанамды жөндеп бермек ойлары барын айтып, апта сайын келіп кетеді. Келісім бермейтінімді неше рет айтсам да, Байахметов бастаған басшылар тыңдайтын түрі жоқ. Құрылыстан хабарым бар адаммын. Үйдің іргесі бір ажырағаннан кейін, қанша жамап-жасқасаң да түбі бір құлап тынады. Ең басында үй қарауға келісім берген. Кейіннен әкімдік айнып қалды»,-дейді Б. Сыдықов. 

Аягөздіктер гаражда тұрып жатыр
Шүленбаевтар отбасының үйі

Ал оның құдайы көршісі, 98 үйде тұратын Бақытжан ШҮЛЕНБАЕВТЫҢ баспанасының сыртына қарап, ішінде адам тұрады деуге дәтің бармайды. Терезелері алынып тасталғаны өз алдына, ішкі кірпіштері үгітіліп, бөлме іші үйіндіге толған. Көп балалы Шүленбаевтар отбасының ең кішісі 1 жастағы нәресте. Барлығы  қазір құлаудан аман қалған бір бөлмеге амалсыз тығылыпты.

«Мен басында жөндеуге келісім беріп қойғанмын. Тарбағатай ауданынан келген  «Мико и компания» фирмасының құрылысшылары жұмысты жүргізе бастағанда залдың ішкі қабаты бір-ақ құлады. Сол-ақ екен, құрылысшылар ары қарай жөндеуден бас тартқан соң әрқайсынан жөндеу жұмыстарын жүргізе алмайтындығы жөнінде қолхат жаздыртып алдым», — дейді Б. Шүленбаев.

Аягөздіктер гаражда тұрып жатыр
Рахат Бақтыбаевтың үйі.

Тарығып жүрген қиналыстары атар таңға дейін жететін бейнеттің тағы бірін белшеден кешіп отырған Рахат БАҚТЫБАЕВ – жас отбасы иесі. Жары Фариза екеуі 2 жастан енді асқан Айзерені қолына алып достарының үйін паналап жүр.

«Үлкен қызымды ауылдағы әке-шешеме амалсыздан жібердім. Өйткені, қарт әке-шешемінің қолында зағип ағам да бар. Бәріміз бірігіп осы үйде тұрамыз деп жүргенде үйімізді су алып кетіп, өз басымызбен қайғы болып кеттік. Дүние-мүлік, көрпе-төсек түгелдей суға кетіп басымызды әрең аман алып қалдық.  Гуманитарлық көмек келгенде киім-кешек іздеп барғанымызды қайтейік, қолымызға киілген көйлек-көншекті ұстатқанда өзімізді қор сезіндік. Одан қалса, шеті күйіп қалған етікті де бермек болды»,-дейді Аманкелді көшесінде тұратын Рахат.

Рахаттың айтуынша, жергілікті әкімдік наурыз айының ортасында болған тасқыннан көп ұзамай сатып алатын үй іздеулеріне келіскен. 3 млн. 800 мың теңгеге бағаланған үйдің иесімен келісіп, күні ертең алатыныма сенімді болып келгенде басшылық шешімін күрт өзгерткен.

Р. S орынына: Айтпақшы, Аякөзге барған сапарымызда қасына өскемендік тәуелсіз экспертті ертіп «жұртта қалған» жеті үйді аралап жүрген аудан әкімінің орынбасары  Бауыржан НҮКІБАЕВ, аудандық мәслихаттың «нұротандық» депутаты Рысбек ДҮЙСЕМБАЕВПЕН кездесіп қалдық. Адам түгілі ит байласа тұрмайтын үйлерді қалайша жөндеуге келтірмек болғанын түсіндіруін сұрағанымда Нүкібаев жауап беруден басын ала қашты. «Сасқан үйрек артымен жүзедінің керімен»  сарапшы мамандар шешім шығармайынша «заң талабын қатаң сақтайтынын айтып» жанындағы нөкерлерімен көліктеріне отырып тайып тұрды. Сарапшы демекші, осымен үшінші рет келген басқа сарапшы да аты-жөнін, ісіне байланысты ақпарат айтудан бас тартты.

Фотолар автордікі.

МАТЕРИАЛДЫ РЕДАКЦИЯНЫҢ РҰҚСАТЫНСЫЗ КӨШІРІП БАСУҒА БОЛМАЙДЫ.

Алматы қаласы туралы жаңалық оқу

Comments are closed.