Соңғы кездері елімізде азық түлік сапасына қатысты заң бұзушылықтар көбейіп барады. «Халал» сертификаты бар деген өнімдердің өзінен әр түрлі зиянды қоспалар табылып, тіптен құрамынан шошқа ДНК-сы анықталып жатқаны туралы ақпараттарға жұрттың құлағы да үйрене бастады деуге болады. Енді міне, еліміздегі кейбір дүкендер еш қымсынбастан сақтау мерзімі өтіп кеткен өнімдерді сата беретіні анықталып отыр. 

Астана қаласының Қоғамдық денсаулықты қорғау департаментінің мамандары дүкендердің бірінен жарамдылық мерзімі өтіп кеткен 35 түрлі азық-түлік өнімін анықталғаны туралы мәлімет таратты. Бұл жерде жарамдылық мерзімінің біткенінен 5 ай болған өнімдер де сатылып келіпті.

«Сарыарқа ауданының Қоғамдық денсаулықты қорғау басқармасының мамандарымен азық-түлік өнімдерінің қауіпсіздігіне мониторинг жүргізу кезінде Есенберлин көшесі, 38 үй мекен-жайында орналасқан «Сұңқар» дүкенінде пайдалануға жарамсыз 35 түрлі өнім анықталды. Олардың арасында пайдалану мерзімі 2 күннен 5 айға дейін уақыт өткен өнімдер бар. Сонымен қатар, мониторинг кезінде тез бұзылатын және кремді-кондитерлі өнімдерді тиісті құжаттар мен маркілеусіз сату фактісі анықталды. Бірқатар кондитерлік өнімдердің қауіпсіздігін растайтын және рұқсат құжаттарының жоқтығы белгілі болды», — делінген Астана қаласының қоғамдық денсаулықты қорғау департаментінің Facebook  желісіндегі парақшасы арқылы таратылған хабарламасында. 

Анықталған жарамсыз өнімдердің қатарында күріш, дәнді дақылдар, кондитер өнімдері (тоқаш, какао-вафли, кәмпит, сүтті шоколад), нан өнімдері (қытырлақ нан, тоқаштар), сүт өнімдері (сүт, ірімшік, ішімшік десерті), ет консервілері, соустар, чипсы, кетчуп секілді жұрт жиі тұтынатын әрі еш ойланбастан баларымызға сатып алып беретін өнімдер бар. Атап айтар болсақ, Италияда жасалған «Kinder Delice» бисквитті сүтті тоқашының пайдалану мерзімі 10.02.18 жылға дейін деп көрсетілген.

«Осыған байланысты тұтынушыларға азық-түлік өнімдерін сатып алу кезінде оның сыртында көрсетілген дайындалған күні, жарамдылық мерзімі, сақтау шарттары және т.б.растайтын мәліметтермен мұқият танысуларыңызды сұраймыз», — дейді департамент мамандары.

Фото: forumdaily.com

Алматы қаласы туралы жаңалық оқу

Comments are closed.