Атырауда заңсыз жұмыс істейтін балалар көп

407

Атырауда жыл басынан бері кәмелетке толмағандарды жұмысқа тарту бойынша жиырма бестен аса әкімшілік іс қозғалып, тоғыз мекеме басшысы жауапкершілікке тартылған. Бұл туралы zhasalash.kz сайтының аймақтағы тілшісі хабарлайды.

Заң бойынша, ұл балалардың ата-аналары мен жұмыс берушілерге 80 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл салынады. Ал 1-12 маусым аралығын қамтыған «Бала еңбегін қанаумен күрес» акциясы кезінде екі көлік жуу бекетінде, бір донер жасайтын дүңгіршекте жұмыс істеп жатқан жасөспірімдер анықталған. Облыстық ішкі істер департаменті жергілікті полиция қызметінің аға инспекторы Ерболат ЖҮСІПҚАЛИЕВ олардың ата-анасының рұқсатынсыз және тыйым салынған кешкі мезгілде нәпақа тауып жүргенін айтады.

Облыстық жасөспірімдер соты ұсынған 2015 жылғы 23 қарашадағы № 414-V ҚР Еңбек Кодексінің баптарына сәйкес, 14-16 жастағы жұмыскерлер үшін аптасына 24 сағаттан аспайтын, 16-18 жастағылар үшін аптасына 36 сағаттан аспайтын жұмыс уақыты белгіленген. Еңбек келісімшарты он алты жасқа толған азаматтармен жасалады. Кей жағдайларда 14-15 жастағы балалармен де еңбек шартын жасауға жол беріледі.

Алайда, бұл буыны бекіп, бұғанасы қатпаған балалар жұмыс істеп ақша табуына болады дегенді білдірмейді. Жасөспірімдердің қандай жағдайларда еңбекке тартылатыны заң баптарында көрсетілген.

Шын мәнінде, үш ай жазда шаруа жасап, табыс тауып жүрген балалардың қарасы қалың. Мәселен, дүкендер мен базарлардан сауда жасап, «барып кел, шауып келге» жүріп, әке-шешелеріне көмектесіп отырған ұл-қыздар жаз мезгілінде көбейеді. Қаладағы сауда нүктелерінің бірінде киім сататын  Фируза С. 7 сынып бітірген ұлын осымен үшінші жылғы базарға алып келіпті. «Үлкен балаларым мектеп бітірген, мұны тастайтын жер жоқ. Каникулда амалсыз қасымда ұстаймын» дейді. Расул (аты-жөндері өзгертілді) «тауарларды жақсы өткізетінін, тез есептеуді үйренгенін» айтып мақтанды. Кәсіпке ерте араласқан балаларды есеп-қисапқа бейімдігі мен ширақтығы көзге көрініп тұр.

-Ата-анасының жанында жүрген балалардың заңсыз жұмыс істеп жатқанын дәлелдеу өте қиын. Ешкім де «мен балама жұмыс істетіп қойдым» деп айтпайды, сұрастырсаң, бала-шағасы жандарында жүрген, анау-мынау ұсақ-түйекке көмектескен болып шығады» дейді Ерболат Жүсіпқалиев.

Фотолар автордікі.

МАТЕРИАЛДЫ РЕДАКЦИЯНЫҢ РҰҚСАТЫНСЫЗ КӨШІРІП БАСУҒА БОЛМАЙДЫ.

3 ПІКІРЛЕР

Comments are closed.