Грузияның биліктегі «Грузия арманы» партиясы қаржы министрі Мамука Бахтадзені премьер-министрлікке кандидат етіп ұсынды. 13 маусымда премьер-министр Георгий Квирикашвили Тбилисидегі бірнеше күнге созылған наразылық акциялары кезінде отставкаға кеткен.

«Біз Грузия халқының Еуро-Атлантикалық кеңістікке интеграциялану жолындағы тарихи таңдауын іске асырамыз» деп мәлімдеді Бахтадзе 14 маусымда өзін премьерлікке ұсынғаннан кейін. Ол сонымен қатар «түбегейлі және бастамашыл реформалар жүргізуге, Грузияның әр азаматының өміріне ықпал ететін жаңа экономикалық модель жасауға» уәде берді.

Георгий Квирикашили премьерліктен отставкаға кететінін жариялап тұрып, мұндай шешім қабылдауына «Грузия арманы» партиясының жетекшісі, миллиардер Бидзина Иванишвилимен келісе алмауы себеп болғанын мәлімдеген. Квирикашвили Грузия үкіметін 2015 жылдың желтоқсанынан бері басқарған.

36 жастағы Бахтадзе бір апта ішінде президент Георгий Маргвелашвилиге үкімет құрамын ұсынуы тиіс. Маргвелашвили бұдан соң бір апта ішінде үкімет құрамын парламенттің мақұлдауына ұсынады. Бұрын «Грузия теміржолы» компаниясын басқарған Бахтадзе 2017 жылы қарашада үкіметтегі ауқымды қайта құру кезінде қаржы министрі болып тағайындалған.

Дереккөз:Азаттық радиосы

Алматы қаласы туралы жаңалық оқу

Comments are closed.