Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев Татарстанға сапарында Еуразия экономикалық одағына (ЕАЭО) ондаған мемлекет қосылғысы келетінін мәлімдеді деп хабарлады ресейлік БАҚ. Мәскеу бастаған ЕАЭО құрамында Қазақстаннан өзге Қырғызстан, Беларусь және Армения бар. Молдова ЕАЭО-ға бақылаушы мемлекет мәртебесін алған.

Қазақстан президенті ресми сайтының хабарлауынша, Назарбаев Қазан федералдық университетіне барғанында Қазақстан мен Ресей дипломатиялық байланыс орнатқан 25 жылда екіжақты «үлгі аларлық» саяси және экономикалық ынтымақтастық орнағанын айтты.

«ТМД кеңістігінде тығыз ынтымақтастық орнатудың арқасында жаңа интеграциялық бірлестік — Еуразия экономикалық одағы пайда болды» деді Назарбаев.

«РИА Новости» агенттігінің хабарлауынша, Қазан федералдық университетінде сөйлеген Назарбаев «Тағы 40 мемлекет осы одаққа қосылғысы, бақылаушы болғысы келеді» деген. Назарбаев ЕАЭО «қазір жақсы нәтиже көрсетіп жатқанын», өткен жылы одақ елдері арасындағы сауда 30 есеге жуық өткенін айтқан.

Нұрсұлтан Назарбаев Татарстанға жұмыс сапарымен 14 маусымда барған. Ол сол күні бұдан ертерек Мәскеуде жұмыс сапарымен болған.

Назарбаев екі күндік сапарында Татарстан президенті Рустам Миннихановпен екіжақты қарым-қатынасты тақылайды деп хабарлады Миннихановтың баспасөз хатшысы Лилия Галимова.

Дереккөз:Азаттық радиосы

Алматы қаласы туралы жаңалық оқу

Comments are closed.