«Итім қазақша түсінеді, бірақ, айта алмайды»…

1274

Семей қалалық мәслихатының кезекті жұма күнгі 27 сессиясының күн тәртібіне қала әкімі Ермак Сәлімовтің Семейдің 2016-2020 жылдар аралығындағы даму бағдарламасын жүзеге асыруға қатысты баяндамасынан басқа тағы да бірнеше мәселелер қойылған екен. Қалалық мәслихат хатшысы Бейсенбек Ақжаловтың жиын ашылмай тұрып, келгендерді айт мерекесімен құттықтай бастағынына қарап, мәслихат сессиясын өзі жүргізетінен күмәніміз болмаған. Оның үстіне депутаттар алдында қала әкімінің өзі баяндама жасайды дегендей… Алайда, Б. Ақжалов сессияның өтуіне дөп келген мәслихат депутаты Дариға Дайырованы «Он жетіге толған» (өзінің әзіл сөзі-авт) туған күнімен қазақша құттықтай сала мәслихаттың бетпердесі сыпырылды.

Қандай заңдылыққа сүйенгенін қайдам,  қаланың әкімі мен мәслихат хатшысы қос қапталында отырғаны сол, төрдегі тізгінді депутат Сергей Покатилов кезекті рет қолына алды. Әкім мен хатшының, өзге де депутаттардың Сергейге не себепті  сенім білдіретінін кім білсін, сессияның қазақ тілінде өтуі сергелдеңге түскен күйі тағы да босағаға сырғып кетті. Күн тәртібіне қойылған мәселелер жайын мемлекеттік тілді меңгеруден мақұрым депутат таныстырып өткеннен кейін қала әкімі Ермак Сәлімов мінберге барды. Дайындап әкелген баяндамасын қазақша қағазға қарап кібіртітктеп бастаған қала басшысы ары қарай Покатиловтың қабағына қарағандай, орысша ойқастата жөнелді. Баяндамасында цифрлар мен пайыздар өріп жүретін әкімнің сөзіне сүйенсек, қаланың өткен жылмен салыстырғанда өндіріс көлемінің өсу көрсеткіші бар. 2017 жылы өңірлік экономика бағыты бойынша 1074,3 млн. теңгені құрайтын 7 іс-шара орындалыпты.

Иә, әкім баяндамасының көрсеткіштері әдемі түзіліпті. Алайда, көктемгі су тасқынынан қалаға келген шығын сомасы мен одан зардап шеккен отбасыларға қандай көмектер көрсетіліп жатқаны туралы бір ауыз сөз айтылмағаны таңқалдырды. Бәлкім, 2017 жылдың ғана көрсеткіштері ғана айтылуы тиіс пе еді, әлде?.. Егер олай болса, неге 2016-2020 жылғы даму бағдарламасы туралы баяндау қамтылады? Бір қызығы депутаттар тарапынан да қала халқын қатты қажытқан осы жай туралы сұрақ қойылған жоқ. Бәлкім, Үкімет басшысы Бақытжан Сағынтаевтың Семейге «жетейін десе жете алмай» кеткені естеріне түсті ме екен, кім білсін?.. Әйтеуір, қала әкіміне оқыс сұрақ қоюға ешқайсының дәті бармады. Есесіне, Ермак Сәлімов баяндамасын судыратып оқып бере салысымен, орынына барып алдындағы суды асыға жұтты да, есікті айқара ашып шығып кетті. Кейін анықтағанымыздай, іссапарға кетіп бара жатқан беті екен. Мәслихат сессиясына жолдан кіре кетейін десе керек…

Бір тәуірі қала әкімінен кейін мінберге барған қалалық экономика және бюджетті жоспарлау бөлімінің басшысы Гүлжан Қайырханқызы баяндамасын таза қазақ тілінде дайындап келіпті. Осы тұста айтар жайт, қалалық мәслихат сессиясының 24 мамыр күні өткен 26 сессиясы жайында «Семейдің шенеуніктері мемлекеттік тілді менсінбейді» деген сыни материал «Жас алаштың» сайтында жарық көрген болатын. Расы керек, осы мақала қала билігіне де, мәслихат басшылығына да шаншудай қадалғанын құлағымыз шалған. 26 сессияда орыс тілінде сөз алған Г. Алтынбекованың бұл жолы қазақ тілінде мінсіз жасаған баяндамасына қарап, сыннан қорытынды шығарғанын аңдадық. Алайда, одан тек қана бөлім басшысы ғана емес, қала әкімі бастап барлық атқамінер қорытынды шығаруы тиіс еді ғой.

Депутаттар тарапынан сұрақ қою, ұсыныс айту кезеңі басталғанда депутат Қайрат Мирашев Ертістің жағалауын бекіту жұмыстарын нығайтпаса, халыққа көктем сайын көп қиындық келтіретіндігін ана тілінде айтып өтті. Баяндамасын қазақ тілінде жасаған бөлім басшысына ойларындағы сауалдарын орысша жолдаған басқа депутаттардың (арасында қазақтары да бар-авт) ісі ақын Қадырдың «менің итім қазақша түсінеді, бірақ, айта алмайды» деген уытты әзілін еске түсірді.

Фотолар автордікі.

3 ПІКІРЛЕР

Comments are closed.