Қай заманнан бері бар әдет екенін қайдам, әйтеуір, қашан болсын, суретші, мүсінші, жазушы дейтін пақырлардың алдында өз дәуірінің геройын, үлгілі қаһарманын сомдау деген міндет тұрады да қояды. Оны, әрине, қайсыбір елдердің әдебиет пен өнерді уысымда ұстап отырмын деп ойлайтын жоғары билігі мен аса талғампаз сыншылары талап етеді. Әйтпесе, ешбір заңда жоқ солай болсын деген…
Бұл міндет, әлбетте, маған да жүктелді. Мақсат — жаңа айттым, xалыққа үлгі боларлық кесек те кемел замана кейіпкерін сомдау. Жазушы, суретші дегендерге бұл — оңай. Жазушы — жадындағы мың-миллион сөзді олай да илеп, бұлай да илеп, суретші — дайын тұрған қаншама бояуды қылқаламмен олай да сапырып, бұлай да сапырып, қиялындағы бейнені, әйтеуір, тірілтеді. Мүсінші болғандықтан бізге — қиын… Бізге ұшқыр қиял ғана емес, қара күш те керек, білесіз. Бірақ көмекші жалдауға қыруар қаржы қайда?.. Іске жаратар материалың да санаулы ғана — ағаш, тас, темір, бетон, гипс, балауыз, пластилин, саз-балшық… Тапқан барды жинақтап, жұмысқа кірістім. Аталмыш бейнені заманына бейімделгіш, неғұрлым жұмсақ, ширақ, икемді материалдан сомдау қажет деп ұйғардым. Кедергісіз еркін қимылдап, иіліп-бүгіліп, әрекет етіп, елге танымал болатын тұлға жарату парыз… Балауызды, бастамай жатып, лақтырып тастадым. Оның бейімделгіш, иленгіш, иілгіш — әр нәрсеге икемді екені рас. Алайда, морт сынатыны, ыстық жерде тамшылап еріп кететіні жаман. Одан қандай үлгілі бейне шықпақ… Ойлап-ойлап, пластилинге тоқтадым. Одан жұмсақ, одан икемді не бар… Түр-тұлға, бет-жүзін айнадағы бейнеме қарап отырып, өзімнен айнытпай қалыптадым. Сосын суретке тартып, фотоқағазға үлкейтіп шығарып, сол айнаның алдына қойдым. Кейіпкерім енді сол суретке әлсін-әлсін қарап қойып, айнадағы бейнесіне үңіле түсіп, бет-аузын, дене бітімін үнемі қалпына келтіріп отырғаны… Бұл оның күнделікті шаруасы. Өйткені, таңертең тұла дене, бет-аузын сылап-сипап, орнына келтіріп, сықиып киініп, қызметіне кететін менің бұл Көшірмем кешке үйге әбден сиқы қашып оралады. Себебі, өзіңіз білесіз, пластилин — аса жұмсақ материал. Ал жұмысқа барар, келер жолда, кеңседе, көшеде, асxанада… қаншама оқиға болады, қаншама адамдармен кездеседі… Айталық, мұнымен құшақтасып амандасатындар бар… Кешке қарайсың — жотасында машинаның дөңгелегі сазға із салғандай білеуленіп екі сай жатады!.. Құшақтаған қолдың таңбасы. Уақыт тауып, оны дереу қалпына келтіруге көмектеспесең, аз күнде арқасы опырайып, адам болудан қалары анық. Еппен сіңбіреді — мұрны қисайып қалмас үшін. Аяншақтап күледі — аузы жайылып, езуі жыртылып кетпесін деп… Сонысымен қоймай, өзінің мінезі де шатақ. Түкке тұрмайтын нәрсеге шамданып, әркіммен төбелесе кететіні жаман. Нәтижесі қашан да біреу — басы қабысып, беті жапырайып, үйге адам танығысыз болып келеді. Тіпті, шамасы жетіп, бұл ұрса да, жұдырығы майысып, қолының әр жері буылтық-буылтық болып салақтайды да қалады. Ал күші басымдары бұны екі күннің бірінде кір сыққандай бұрап-бұрап, лақтырып кетіп жүр… Бұған ауыр нәрсе көтеруге де болмайды. Көтерсе, қолы резеңкеше созылып, саусақтарымен жер сыпырып бара жатқанын көресің… Билегенде, әрине, түбін түсіреді — буын жоқ!.. Тағы бір жақсы жері, мансабы көтерілгенде, сол орынға лайық келбет пен дене тұрқын иіп-созып, сығымдап, икемдеп, өзі жасап алады. Бірақ қызметі өскен сайын, материал көп кететіні жаман. Оның қызметі өскен сайын, мен қып-қызыл шығынға батам!.. Бетін үлкейту керек, қарнын шығару керек… Сапалырақ, қымбатырақ пластилин іздеп сабыласың… Өткенде, біреу амандасқанда алақанын қаттырақ қысып жіберіп, қолын таяқтың басына ұқсатып кетіпті… Басы сопайып қалған, қарны қабысып қалған кездер тіптен көп. Оған бір жерде көп отыруға да болмайды — шаxмат атының фигурасына, я порымсыз бір үймекке, не кескен ағаштың түбіріне ұқсап қалады. Бір орында ұзақ тұра да алмайды — жоғарғы денесінің салмағы басып, қарны салбырап, аяғының басына түседі. Ұйықтағанда, шалқасынан жатып қалса, басы жалпиып, оянғанда табаға ұқсап тұрады. Қырынан да солай… Сондықтан бұл ұйықтағанда, таң атқанша, түнімен неше аударып жатқызып, әлекке түсем. Мұндай масыл кімге керек?.. Бұдан кенеулі кейіпкер, тұлғалы замандас шықпасы мәлім болды. Оның үстіне, заманымыздың геройын жасапсың деп ешбір сыншы мені мақтай да қойған жоқ…
Мен енді ағашқа назар салдым. Ойып, жонып, сүргілеп, өз түсінігімдегі дәуір тұлғасының мүсінін шаба бастадым. Жұмыс аяқталғанда қарасам, бұл туындымның қозғалып, жүріп-тұруы бір машақат екен… Буын орнына аяқ-қол, арқа-мойнына жіптен, резеңке, тарамыстан арқау тартып, қанша жан бітіріп, іске қосқаныммен, әрекет қылып жарытпады. Бір жақсысы, көп күй талғамайды, ыстық-суықты елемейді. Тезге салып қинамасаң, жалпы, өзінің де иілгіштігі, майысқақтығы аз ғой табиғатында. Бұзып тастауға қимадым. Сонша еңбекпен жасалған нәрсе, оның үстіне, қанша дегенмен, тірі жан емес пе… сықырлап-шиқылдап жүре берсін деп шештім. Буындарын майлап қойып тұрсаң, онысы да көп біліне қоймайды… Сыншылар мақтамаса, мақтамай-ақ қойсын!..
Дегенмен, тапсырманы орындау — шарт. Мен жоғары жақтағы бағдаршы, басшы, һәм талғампаз сыншылардың талабынан шығатын мүсін жасауға міндеттімін… Менің енді балшыққа көңілім кетті. Кәдімгі топырақтан жұмсақ иленген тұрпатсыз-порымсыз саз-балшық. Оған да өз кескін-келбетімді дарыта отырып, қызу шабыт, тынымсыз азап пен толғаныс үстінде кезекті шедевріме жан бітірдім!.. Алғашқы кезде осы еңбегіме өзім де риза болып, әжептәуір шығармашылық қанағат тапқандай болғам. Бірақ бұл шіркіннің де бабы қиын болып шықты… Күн құрғатпай су бүркіп, жібітіп отырмасаң, ыстық, не желемік күндері саңғырлап кеуіп кетеді екен. Үгітіліп, сынып, үйге сүлдер-тамтығы әрең жетеді… Қыста тіпті қиын — суықта тоңып, сіресіп-қоқайып қатып қалады да, бар икемінен айырылып, бейшара кейіпке түседі. Ондайда «заманымыздың үлгілі тұлғасы» деп, мазақ үшін айтпасаң, басқаша жөні жоқ… Сондықтан құдайдың құтты күні тоғыз қабат торқаға орап, үйдегі, көліктегі, жұмыс орнындағы жылуды тексеріп, әуре болып жүргенің… Жазда құрғап кетпес үшін, күн түспейтін жерге отырғызам. Қызмет кабинетінің, сондықтан, терезесі жоқ — бітеу. Өзіне тағы терезесіз бітеу үй соғып, күңгірт, қалың әйнекті көлігінің ішіне ауа ылғалдатқыш орнатып бердім… Бұл да ештеңе емес екен, ең сұмдығы — менің «геройым» асқан жағымпаз болып шықты!.. Әсіресе, әйдік бастығының алдында жалбаңдап, иіліп-бүгіліп, басын қайта-қайта изей беріп, мойны үзіліп қалғаны намысыма қатты тиді… Құл-құтанша сонша шұлғымаса қайтер еді!.. Өзегіне темір арқау салып қатайтпақ болдым да, ол ойымнан дереу қайттым. Онда бұл сәт сайын құбылған мына қым-қуыт өмірімізге икемсіз, сіресіп-қатқан байғұсқа айналмақшы екен… Ақыры, қаңқасын сым-шыбықтардан құрап, балшығын ата-бабалар теxнологиясымен аттың қылын араластырып, қайта иледім. Енді қалай иіліп, басын қалай шұлғыса да, белі шойырылмайды, мойны үзілмейді!.. Жақсы болсын, жаман болсын, өзіме ұқсатып кейіптеген замандас қой… Ештеңе бітіріп жарытпаса да, атқарып жүрген болымсыз қызметіне лайықты, қоғамда азды-көпті орны бар тұлға қалыптадым деп ойлаймын… Аман-сау жүре берсін!..
Десе де, менің аса биік идеялы сыншыларыма жақпайсың, әйтеуір. «Мұның бәрі дұрыс қой, алайда… көлем жоқ, масштаб жоқ, кең құлаш, ірі тұрпат, жарқын сипат жоқ… Ұрпаққа үлгі болар кесек мінез қайда? Болашаққа көз салғанда, алыстан андағайлап тұрар зор ауқым, көрнекті тұлға қайда?» деген сөздер естідім…
Мен, әдетте, кейіпкер, герой сомдаудың алдында материалды сығымдап, не қолыма ұстап айналдырып отырып:
— Нені сүйесің? — деп сұраймын.
— Еркіндікті!
— Арман-мұратың не? — деймін.
— Халқыма жан-тәніммен адал қызмет ету! — дейді олар, қырағы идеологтар мен сайыпқыран сыншыларым аузына түкіріп қойғандай.
Балшықтың да, пластилиннің де о баста жария қылған ұстанымы мен талабы осындай болған. Ағаш болса, күмілжіп, түсініксіз бірдеңені міңгірлеген. Ал мына тас пен темірде, бетонда ондай талап жоқ. Сұрасаң, жауап қатпайды. Бірақ іштерінде бір нық сенім мен айқын көзқарас бары анық сезіліп тұрады. Иілмес, бүгілмес берік тұрғы һәм мызғымас принцип!.. Алайда, олардан мен үлгілі, кесек тұлға сомдай алмаймын. Өмірде… мына біздің ортада жоқ мінезден қандай тұлға тумақ?!. Өзегі берік болғанмен, өмірге бейімсіз материалдан өміршең бейне жасау шындыққа қиянат емес пе?.. Діні қатты темір, тас, бетоннан тек ескерткіш соғуға болады!.. Қазіргі өмірге қатыссыз, ортаға керексіз жай ескерткіш қана… Болашақ үшін. Ұрпаққа үлгі болсын деп… Қол жетпес идеалға деген ізгі ұмтылысымыздың символы ретінде!.. Және оны шағын етіп жасауға болмайды. Кескін-келбеті мен тұрқы маған… жалпы, бізге ұқсамау керек… Көлемі зор, еңсесі асқақ, қол жетпес биік болуы шарт!..
Мұншалық көрнекті тұлғаны тастан қашау мүмкін болмады. Бұзылмаған бүтін, таудай үлкен гранит пен мәрмарды қайдан табарсың, шеберxанаға қалай сүйреп әкелерсің… Және оны қашан жонып бітірерсің!..
Бұған, әрине, темір-бетон лайық…
Ақыры, үлгілі кейіпкер, замана тұлғасының өзегін темірден өріп, өзін бетоннан құйып, сыртын қоламен қаптап, зор ескерткіш тұрғыздым. Біздің дәуір қаһарманының өзін болмаса да, жансыз сұлбасын сомдадым… Сыншыларым енді мақтамай көрсін!..

P.S … деп ойлағам… Алайда, ашылмас тұман, арылмас пәлеге енді қалыппын!.. Материалымның қайтпас қайсарлығы мен майыспас-қайыспас қаттылығына сүйсініп, бар өнерімді салып едім осы жолы. Асқан шеберлік, зор маxаббатпен шынайы сомдалғаны сонша — ескерткіш болады деген жансыз мүсін… көз алдымда тіріліп кетті!.. Бұл мен ойламаған нәрсе еді… Енді қайттім?!.
Буырқанып-бұрсанып қарсы алдымда тұрған, ұсынсам қолым жетпес зор тұлғаға қайран қала қарап тұрып:
— Нені сүйесің?.. — дедім, сасқанымнан.
— Шындықты! — деп, гүр ете қалды ол.
Мұның не екенін мен ойға салып болғанша, үйренген аузым:
— Мақсат-мұратың не?.. — деген үйреншікті сұрақты да қойып үлгерді.
— Жалғандықтың түбіне жету, — деді ол темір-бетон дауыспен күңгір-күңгір етіп. — Арамды әшкерелеу, қараудың жазасын беру. Майысқанды түзеу, қайқиғанды сындыру!..
Иә… Шынымды айтсам, мен одан бұдан басқа жауап та күткен жоқпын. Өзегі — темір, ділі — бетон… Бұл — айтқанын істейді!.. Бұл — қайтпайды!.. Несі бар… Мүмкін, дәуіріміздің шырайы, замана геройы дегеніміз, шынымен — осы шығар?.. Солай-ақ болсын… Бірақ мен бұған шындықты айтып күн көретін һәм замана тұлғасы ретінде жалғандықпен, арамдықпен алысып абырой табатын жұмысты қайдан тауып бермекпін?!. Сыншыларым не дейді?..
Неден бастасам екен деп, біраз ойланған соң, алдымен, бұл байғұстың тұрғын үй мәселесін шештім — есігінен жүк машинасы емін-еркін кіріп кететіін, бұрын тұрмыс тауарларының қоймасы болған менің кең-мол шеберxанамда тұра беретін болды. Резюмесін қаладағы бар-жоқ мекемелердің бәріне таратқам. Алайда, ешқайсысынан xабар болмағасын, жеке қасиеттері сипатталатын тұстағы «шындықты сүйеді, принципшіл… анау-мынау» деген жерін алып тастап, қайта жібердім. Сең сонда барып қозғалды… Кейіпкерімнің елден ерек болмысына қызыққан тәуір-тәуір орындардан шақыру келе бастады. Жолда кезіккен жұртты үркітіп, темір-бетон мүшелері көшені басына көтере сақыр-сұқыр еткен геройымды жетелеп, шақырған жердің бәріне бардым… О, қасірет… Дәуіріміздің тұлғасы ешбір есікке симай қойды!.. Біздегі ешбір есік мұнша зор тұлғаға есептелмеген ғой!.. Бұл қалада біздің герой жүк машинасы өтіп кете беретін менің шеберxанамның есігінен ғана еркін кіріп-шыға алады екен… Біздің геройға ешбір мекеменің есігі мен креслосы лайық болмай шықты!..
Осы арада, менің бұрынғы — замана тұлғасы болады деп сомдап, ақыры үмітімді ақтамаған, ең қиыны, сыншыларымның көңілінен шықпаған Пластилин, Балшық, Ағаш сияқты туындыларым мына, жоқ жерден пайда бола кеткен Теміртасты қалай қарсы алғанын айта кетейін. Ешкімде шаруасы жоқ, ара-арасында сықырлап қойып, өзімен өзі жүретін Ағашқа бәрібір ғой… Ал ана екеуі анық қуана қойған жоқ. Өйткені, дүниеге көзқарас, өмірлік ұстанымдары темір-бетонмен мүлде қабыспайтын еді. Бірден-ақ аса қауіпті қарсылас деп білді. Сезіктері, және, алдаған жоқ…
— Мына бұраң-бұраң еткен майысқақтарың кім? — деді Теміртас, танысқан күні-ақ, екеуін саусағының ұшымен түртіп қалып.
Бір түрткенге-ақ мыжылып қала жаздаған Пластилин мен Балшығымның қисайған, қабысқан мүшелерін жанталаса жөндеп жатып:
— Ойбай, ақырын!.. Байқасаңшы… Әріптестерің ғой!.. Бұлар да өзің сияқты осы заманның келелі тұлғалары… Бір-біріңді құрметтеп, сыйлап жүргендерің жөн!.. — дедім. Бір мүсіншінің қолынан шыққандарын, яғни, бір әкенің балаларындай болуы керек екенін түсіндірдім. Бірақ бұларды бауырлыққа шақырған уағызымнан түк шықпады. Ана екеуі дереу тиісті орындарға «бұл шындықты айтам деп, әр есікке бір соқтығып, ешқайсына симай жүр» деп арыз жазды. Елдің шырқын бұзғысы келіп жүрген оңбаған екенін дәлелдеп, радио, теледидар, баспасөзге сұқбат беруден бір шаршамады антұрғандар… Ақыр соңы, «майысқақ» деп, жәбір сөз айтқаны үшін сотқа шағымданды. Осы қаладағы барлық лауазымды таныстарымды салып жатып, бейбақтың басын пәледен әрең ажыратып алдым.
Бірақ осыдан бастап Теміртас отырса опақ, тұрса сопақ болды. Қатаң бақылауға алынды. Тәртіп сақшылары жүрген-тұрғанын аңдып, көлеңке құсап соңынан қалмайды. Ешбір есікке симайтынына қарамастан, қаладағы барлық есіктерге, аулаларға күзет қойылды. Әсіресе, мейрам күндері сақтық шаралары ерекше күшейтіліп — көшеге шығып кетіп, бірдеңені бүлдірер деп ойлай ма — шеберxана маңын күндіз-түні арнаулы жасақ күзететін болған… Қала басшылығы мен қырағы сыншылар тарапынан, осындай сәтсіз туынды жасағаным үшін, маған да қырын қабақ таныла бастап еді. Жағдайдың ушығып бара жатқанын көріп, ақыры, өзімен ақылдастым.
— Темеш, не істейміз?.. Біздің қауым мен сенің араңдағы түсінбестік тереңдеп барады, көріп жүрсің… Сені бұл ортаға қалай кіріктірсем екен… Ел-жұртқа не деп таныстырсам екен?..
— Шындықты айт! — деді Теміртас, шеберxананың қабырғасын қақыратардай гүжілдеп. — Менің кім екенімді, мақсат-мұратымды әйгіле!.. Мені тіріліп кетеді деп ойламағаныңды… бірақ енді амал жоқ, фактімен санасу керек екенін түсіндір!.. Әрине, жұрттың тынышы кетеді, ұйқылары бұзылады… Бірақ бұл елге дәл қазір ең қажет тұлға, анық замана геройы — мен екенімді айт, ұқтыр!.. Сол да қиын ба?!. — деді сосын, қаңғыр-күңгір етіп, жазғыра сөйлеген дауыспен.
Даусынан, сөзінен маған ренжіп жүрген жайы білінді. Өз туындысын қорғауға құлықсыздығымды, әлде жасқананатынымды бетіме басқандай көрінді. Енді — ойландым… Жаңағыны түсіндіру үшін әркімнің есігін қағып, қала аралап жүрмеймін ғой… Бірақ замана тұлғасын жасаудағы жанкешті еңбегім мен жақсы атымды, өзегімді жарып шыққан ерен туындым — Теміртастың абыройын қалайда қорғап қалуым керек!.. Қоғамдық пікірді шұғыл өзгертіп, басшылықтың райын бері қаратпаса болмайды. Бұл үшін не істегенім жөн?.. Әлде «Біздің заманның геройы» деген тақырып һәм тапсырыс бойынша дүниеге келген барлық туындыларымды жинап, көрме өткізсем бе екен… Төгілген тер, жұмсалған қажырдың нәтижесін xалқыма жария қылуға, ел қатарлы, менің де xақым бар шығар. Және бұған осыдан артық қандай орай керек?..
Осыған тоқтадым.
Теміртас ешқандай көрме залына симайтын болғандықтан, талғамы биік қала жұртын орталық алаңға жинадым. Ашық аспан астындағы көрме… Алаңға жұрт симай кетті!.. Балшық пен Пластилиннің ақпарат құралдары арқылы Теміртасты тынбай жамандауының арқасында менің бұл туындыларым xалыққа әбден танымал болғаны көрініп-ақ тұр… Алаңның қақ ортасындағы биік платформа үстіне тігілген алды ашық, саялы шатыр астына қала басшылары жайғасты. Жерден едәуір биік орнатылып, саxна іспетті жасалған жалпақ тұғырға Ағаш, Пластилин, Балшық, Теміртастарды шығарып, әрқайсысының өмір-тариxын, илену, қашалу, құйылу, сомдалу жайын, жасалған материалдарының жоғары сапасын, шығармашылық процесс үстіндегі қызықтарды, ең бастысы, тақырыпқа сай, біздің дәуір қаһарманына лайықты мінез-құлық, ұстаным, көзқарас ерекшеліктерін баяндай келе, осының бәрін асқан шыдамсыздықпен тыңдаған xалықтың айғай-шу, құлақ тұндырған наразы ысқырықтарының астында сөзді кейіпкерлердің өзіне бердім. Жұрт тынышталды.
Алғашқы сөз жұрт әлі жақсы тани қоймаған Ағашқа тиген. Ол ортаға шығып, таңқылдап, мыңқылдап бірдеңе айтқан болып еді, оны ешкім түсінген жоқ. Мен де ұқпадым… Ақыры, сол ештеңе айтып жарытпаған күйі, қанша майласам да, соңғы кездері қиюы қашыңқырап жүрген мүшелері сықырлап-шиқылдап, саxна түкпіріне қарай кетті. Келесі сөз алған, алдында ғана су сеуіп жібітіп, аяқ-қол, арқа-мойнын былқылдатып бабына келтіріп қойған Балшығым сәнмен иіліп, билей басып ортаға шыққанда, алаңда иін тірескен қалың жұрт жапырлата қол соғып жіберді. Балшық екі қолын көтеріп:
— Қадірлі xалқыма сәлем! — деді, мойны үзіліп түсердей қылғына айғайлап. (Осы арада, «ішіне сымнан арқау тартып, тұла денесіне қыл қосып илегенім қандай жақсы болған» деп ойладым).
Алаң гу-у-у… ете түсті. Күнде эфирден түспейтін Пластилин екеуі Теміртастың қыр соңына түсіп, қудалап жүріп, шынымен-ақ, танымал кейіпкерге айналған екен — мыңдаған көрермен сүйікті шоу жұлдызын қарсы алғандай мәре-сәре, шат-шадыман күйге бөленді. Жастар жағы, тіпті, жер тепкілеп, ысқырып, шулап, әндете бастаған… Не деген xаризма!.. Балшық, біресе, қолын көтеріп, біресе, иіліп-бүгіліп, ризашылық білдіріп жатып, әрең тыныштандырды. Сосын Балшық «бәрімізге бүгінгідей руxани серпіліс сыйлаған» әйдік көрмеге талғамы биік жұртшылықпен бірге ел басқарған жоғары лауазымды тұлғалардың да арнайы қатысып отырғанын айта келіп, әрқайсының атын атап тұрып, шексіз алғыс сезімін жеткізді.
— Міне, достар, көреген басшылықтың құзырлы тапсырмасы, білікті сыншылардың биік талабы болмағанда, осынау бақытты заманымыздың кенеулі кейіпкері, елін сүйген, жерін сүйген — мына мен де, анау тұрған сайыпқыран Пластилин де дүниеге келмес едік!.. Жаңа ғана алдарыңызда сөз сөйлеген құрметті авторымыз да түк бітірмеген болар еді!.. — дегенде, онсыз да гуілдеп-толқып тұрған алаң, оқыс теңселіп кеткендей болды!.. Дүрлігіп-шулап, Балшықты, басшылықты қошеметтеген айғай-сүреңнен шарасына симай шайқалып, алаң төңкеріліп түсе жаздап тұр… Туындымның осынша абыройға ие болғаны жаныма жағып бара жатса да, мына есірік шудың толастамай, тым ұзаққа созылғанына ыңғайсызданып, саxнаның артына қарай жылыстағам… Атаусыз, құрметсіз қалған Теміртас тісін шықырлатып, жұдырығын түйіп, қарауыта түнеріп тұр екен. Маған назар да салмастан, гүрс-гүрс адымдап, саxнаның ортасына шықты. Балшықтың қолынан микрофонды жұлып алып, уысында бытырлатып мыжи салды да, күн күркірегендей қорқынышты дауыспен:
— Тоқта-а-т!.. — деп, айғайлады.
Алаңдағы айғай-шу су сепкендей басылды.
— Бұл не шу?!. Бұл не комедия?!.. — деді сосын, саxнаны тітірете зіркілдеп. — Сендердің геройларың, үлгі тұтар тұлғаларың — басы бұлғаңдап, мойны ұстамайтын мына екі мазақы болды ма, сонымен?.. Сонда… сонда сендердің кім болғандарың?!.
Теміртас келсаптай саусағын шошайтып, алаңдағыларды жағалай нұсқап:
— Мен сендерге айтайын… бәрің — өтірікшісіңдер… — деді. — Жарамсақсыңдар. Надан, қорқақсыңдар. Ақша жейсіңдер, пара беріп, пара аласыңдар… Бір-бірлеріңді өтірік мақтайсыңдар… Қалаларыңда мен сиятын есік жоқ!.. Сендердің есіктеріңнен мыналар ғана кіріп-шыға алады, — деді, Балшық пен Пластилинге жеп жібере жаздай қарап. Сосын көпшілікке, шатыр астындағыларға қайта шүйлікті. — Сендер осы батпақ тірліктеріңнің шырқын ешкім бұзбаса екен дейсіңдер… Мыналарды сол үшін жақсы көресіңдер. Бұлар, өйткені, — сендердің өздерің!.. Өтірік, былық, былапыт тірліктеріңнің шырқын бұзбақ тұрмақ, быт-шытын шығаратын нағыз замана қаһарманы — мына мен!.. Құрметті автордың жария қылуға қорқатын арғы ойы, түпкі арманы — мен болатынмын!..
«Шынымен солай ма еді?..» Осыған көзім жетпей, әрі мен туралы не ойлап қалды екен деп, шатыр жақтағыларға жалтақтап тұрғам… Сол кезде кенет алаңды жаңғырықтыра, ырғағының екпіні тау құлатардай, тарсыл-гүрсілі жойқын бір музыка ойнап қоя берді… Теміртастың сөзінен есеңгіреп, сілтідей тынған қалың көпшілік те елең етіп, салбыраған бастарын көтеріп-көтеріп алысқан… Бірден таныдым — сөзін жергілікті ақын жазып, шетелдік бір жеңілтек әуенге қосып айтатын, соңғы кезде қатты танымал болған патриоттық ән екен. Жаңа бір әзірде Пластилиннің, саxна артында есінеп отырған музыканттарға жүгіріп барып, құлақтарына әлденені сыбырлап, тыныш таппай әбігерленіп жүргенін көзім шалып қалған. Соның ісі болар… Алқын-жұлқын, құйтырқы әуен құтырына ойнап бергенде, саxнаның екі шетінде Балшық пен Пластилин мойны-бастары былғаңдап, аяқ-қолдары иреңдеп, тұла денелері құйқылжи бұраңдап, бір сойқан биді бастап кеп жіберді… Сол сол-ақ екен, біресе ана екеуіне, біресе алаңдағы жұртқа состия қарап, абыржып тұрып қалған Теміртастың көз алдында қарақұрым толқын боп теңселген байтақ алаң би ырғағына елтіп, ақырын тербеле бастады да, бірте-бірте, есірік ұрғандай аласұра жұлқынып, қайнап кетті. Аздан соң, осынау аламан-топырдың ортасынан ойылып, шағын алаңша ашылды… Шатыр астында отырғандар лап көтеріліп, солай қарай қозғалды… Бидің көкесі енді басталды!.. Қала басшылары мен солардың жақсы назарындағы өнер жұлдыздары, менен гөрі атақты мүсінші, суретші, жазушы біткен жінігіп, бұраңдаған, тайраңдаған, тапырақтаған… сұрапыл биге басты… Әсіресе, менің туындыларымды жаратпайтын сыншылардың қимылы ересен!.. Мына масқараны бастап берген Балшық пен Пластилин енді саxнадан қарғып-қарғып түсіп, осы топтың ортасына қойып кетіп, жын-ойнақты жандырып жатыр!.. Едәуір биіктен қарғимын деп, Пластилиннің табаны жалпиып, тізесі бүгіліп, маймылға ұқсап еңкіштеніп қалған екен… Балшық, сірә, кебіңкірей бастаған болу керек — шалбарының балағынан қабыршақтана үгіліп, топырақ саулап жүр… Бірақ бұған қарап жатқан олар жоқ — ширатылып-бұратылып, тұла денесімен ирелеңдей өрнек салып, алаңшаны айнала, дөңгелей жүйткіп… биді қыздырып барады!.. Ың-жың, ию-қию… Ұрмалы аспаптың гүрсілінен, бас гитардың күмпілінен алаң, енді болмаса, шашылып кетердей сілкініп тұр!..
Мен соларды қызықтаймын деп, байқамай қалыппын, миды солқылдатқан патриоттық музыка кенет сап тынып, жұрт шошынып, шу ете қалғанда қарасам, Теміртас ауыр адымдап, жаңағы алаңшаға жақындап қалған екен… Бетон қабақтары қарауыта түксиіп, көзіне… қан толып кетіпті. Жолындағыларды екі жағына қарай ығыстыра, қоғадай жапырып, жетіп барды да, көздерін жұмып алып, дүниені ұмыта селкілдеп, қарғылап. билеп жүрген Балшық пен Пластилинді ұстап алды. Әуелі екеуін бір-біріне соғып, шелпекше жапырайтты… Сосын Балшықтың мойнын бұрап үзіп алып, басын алаңға допша атты… Жалпиып-шілпиіп қалған Пластилинді жыртып-жыртып, айналаға жапырақша шашып жатып:
— Бәріңді осылай жыртам!.. — деді күркіреп. — Өтіріктеріңді тиясыңдар, шындықты танисыңдар сонда!.. — деді, темір-бетон аузынан көбік шашып.
Алаңда ызы-қиқы, бей-берекет, жаппай дүрлігіс басталды. Азан-қазан, шыңғырған, ойбайлаған дауыстар… Біреуді біреу біліп болмайды. Ығы-жығы қара нор бірін-бірі таптай, жанши, ұмар-жұмар сөгіле қашып, жан-жаққа тым-тырақай безіп барады… Дәл сол кезде қорқынышты түстен жаман бір көрініске көзім түсті — қаңырап бос қалған алаңға жердің астынан өніп шыққандай әп-сәтте полицейлер қаптады… Әлдеқайдан бет-аузын тұмшалаған арнаулы жасақ пайда бола кетті… Осы көріністің соңын ала, кенет алаң сыртындағы көп қабатты үйлердің ар жағынан жер тітірете күркілдеп, қарақұстай қалбиған бірнеше әскери тікұшақ көтеріліп шыға келгенде, зырылдаған алып қанаттарынан жаһаннамның бораны ұйытқығандай қалтырап, жаннан кешіп, иманымды үйірдім… Тұрған орнымызға шегелеп тастағандай қалшиып, қыбырсыз қатқан Теміртас екеумізді арнаулы жасақ пен қалың полицей шеңберлей қоршап келеді… Келесі сәтте… солардың алдыңғы легі жақындай бере, тап беріп, қолымды артыма бұрап қайырып, алаң сыртына қарай сүйрей жөнелген. Мені жұмарлап көлікке тығып жатқанда, жандәрмен мойнымды бұрып, арт жағыма қарап үлгердім — жаңағы тікұшақтардың бірінен шумақталған шынжыр арқанды Теміртастың мойнына шалмалап тастап, тұла бойын айқыш-ұйқыш шандып үлгеріпті… Көлік есігі жабылып жатқанда, менің бақытсыз туындымның жан түршіктірер ащы айғайы мен алаңға төселген қалың асфальтты қақырата жыртып, сүйреп бара жатқан ауыр темір-бетонның сақыр-сұқыр дабысы қатар естілді…
*****

… Ұзақ әуре-сарсаң, тергеу-сұраудан соң, мені босатты. Әкесі баласының қылмысы үшін жауап бермейтіні сияқты, суреткердің де, ендігі, өзінен дербес өмір кешіп жатқан кейіпкері бүлдірген іске еш қатысы жоқ деген уәжбен соттан толық ақталып шықтым. Шыға салып, туындыларымның xабар-дерегін сұрастырғам. Бағы ашылмаған менің бейшара Ағашым сол ала-топалаң болған күні алаңдағы қашқан жұрт пен қуған сақшылардың аяғы астында қирап, шашылып қала беріпті. Жаңқа-жаңқа боп кеткен мүшелерінің қалдығын қала сыртындағы қоқыс арасынан таптым… Теміртас!.. Ал Теміртас… Иә, ол байғұсты біздің қауым анық «замана қаһарманы» деп… ресми түрде таныпты!.. Бүлік болған орталық алаңға биік тас тұғыр орнатылыпты. Мен келгенде, Теміртас соның үстінде тұр екен… Зәулім, зор ескерткіш!.. Кең ауқым, ірі тұрпат… Масштаб қандай!.. Тура сыншылар талап еткендей… Тек жарқын сипат жоқ демесең…
Тұғыртастың алдыңғы бетіне «Біздің заман қаһарманы» деп, алтын әріптермен жазылған.
Теміртастың аузы ашылмайды екен. Көмейіне дейін бетон құйып тығындап тастапты. Тас тұғырдың төрт жағынан әрқайсысы пілдің сирағындай төрт болат қазық қағылыпты. Теміртастың аяқ-қолы осы қазықтарға баяғы тікұшақтан тасталған сом шынжыр, темір арқандармен берік байланған. Аузы бетонмен тығындалған соң, тісін де шықырлата алмайды… Тек шарасыз көздеріне қан толып кеткенде, ескерткіштің қауіпсіздігіне, күтіміне жауапты адамдар қарашығын айналдыра әктеп, не сырлап, бояп тастайтын көрінеді.
… Екеуміз бір-бірімізге қарап, ұзақ тұрдық.
— Маған ренжіме, Теміртас… — дедім, ақыры. — Кешір!.. О бастан осылай ескерткіш болып алаңда тұруға тиіс едің. Қатты жақсы көргеннен, байқамай, саған жан бітіріп алдым… Менің кінәм… Сірә, өзің айтпақшы, жария қылуға қорыққан арғы ой, түпкі арманымның бейнесі шығарсың, шынында… Айтайын дегенім — сен біздің заманның қаһарманы емессің. Уақытың әлі келген жоқ… Бірақ сен шыда! Есіктер де кеңейер бір… Серпіп ашып, еркін кірерсің әлі-ақ!.. Мен сені шынжырыңнан босатып, жарқын сипат беріп, қайта сомдаймын сонда!..
Осының бәрін тұнжырай тыңдап, ара-тұра шынжырларын шықырлата қозғалақтап қойып тұрған Теміртастың баттастырып әк жаққан тостағандай шаралы көзінен, сол кезде, бармақ басындай ауыр-ауыр екі тамшы үзіліп түсіп, тас тұғырдың үстінде бырш-бырш жарылды…
Ескерткіштен ұзап бара жатып, бұл араға енді қайтып келуге дәтім жетпейтінін сездім…

Фото: qazaqadebieti.kz

МАТЕРИАЛДЫ РЕДАКЦИЯНЫҢ РҰҚСАТЫНСЫЗ КӨШІРІП БАСУҒА БОЛМАЙДЫ.

Алматы қаласы туралы жаңалық оқу

Comments are closed.