Парламентте талқыланып жатқан діни қызмет заң жобасына қатысты  тиісті министрліктің өкіліне бірнеше сұрақ қойып, сұхбатқа шақырған едік.

–Балғабек Әбдіқайымұлы, дін мен діни қызметке қатысты заң тағы да  өзгеріп жатыр. Мақсаты не?

Жаңа заң жобасын әзірлеудегі жалғыз мақсат – дінге қатысты заңнаманы жетілдіру. 2011 жылғы «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» заң дін саласындағы қатынастардың жауапкершілігін қалыптастырды. Мемлекет пен діни бірлестіктер арасында өзара құқықтар мен міндеттер бекітілді. Ол заң қабылданғаннан кейін әділет органдарында ресми тіркелген діни бірлестіктер ғана діни қызметпен айналыса бастады. Діни әдебиетті таратудың нақты қағидалары белгіленді. Шетелдік миссионерлердің қызметіне арналған құқықтық алаң жүйеленді.

Дегенмен 2011 жылдан бері дін саласында әлемдік деңгейдегі жағымсыз үрдістер күшейе түсті. Діни ұйымдармен бірлесіп еңсеретін бірқатар қауіп-қатерлер пайда болды. Соның ішінде кейбір діндар азаматтарымыздың арасында радикалды көңіл күйлер күшейді. Сондай-ақ тұрғындардың діни және құқықтық сауаттылығын көтеру, діни радикализм мен экстремизмнің алдын алу шараларын күшейту маңыздылығы алға шықты. Осыдан келіп жаңа талаптар мен қатерлерге қарсы діни қатынастарды жаңаша реттеу жұмысы шықты.

Конституцияда көрініс тапқан ар-ұждан бостандығын қамтамасыз ету және дінді заңға қайшы әрекеттерге пайдалануға жол бермеу мақсатында «Дін саласындағы мемлекеттік саясаттың 2017-2020 жылдарға арналған тұжырымдама аясында тиісті заңдарға өзгеріс енгізсек дейміз.

–Ол өзгерістерді парламент қолдап, президент қол қойса, діни қызмет талаптарын бұзғандар бұрынғыдан бетер қудалана ма? 

–Жоқ. Әкімшілік жазаны ізгілендіру, әкімшілік жауапкершілікке тарту тәртібін жаңғырту шеңберінде балама әкімшілік жазалау ретінде ескертуді қолдану ұсынылып отыр. Яғни қазіргі күнде айыппұл және қызметін тоқтатуды көздейтін жазалаулардың орнына заң жобасында алдымен жай «ескерту» беру көзделген.

Сонымен қатар айыппұлдардың да мөлшері төмендетілді. Бұрын діни қызмет заңнамаларын бұзғаны үшін ең төменгі айыппұл көлемі 50 айлық есептік көрсеткіш болса, жаңа заң жобасында бұл  30 айлық есептік көрсеткішке дейін төмендетілді.

–Жаңа заң жобасында кәмелетке толмағандардың діни құлшылығына қатысты талап бар екен… 

–Иә, ата-аналар немесе заңды өкілдер кәмелетке толмағандарға Құдайға құлшылық етуге немесе басқа да діни жораларға үнемі ілесіп жүре алмайды. Бұл жағдайда кәмелетке толмаған адамның қатысуына ата-анасының қарсы болмауы жеткілікті болады деп пайымдаймыз.  Заң жобасында бұған қатысты «кәмелетке толмаған адам ата-анасының бірі немесе оның өзге де заңды өкілдері қарсылық білдірген кезде діни бірлестіктің басшысы он алты жасқа дейінгі кәмелетке толмағандарды құлшылық етуге, діни бірлестіктің діни жораларына, рәсімдеріне және (немесе) жиналыстарына тартуға және (немесе)  қатыстыруға жол бермеуі міндетті»  деген толықтыру енгізілуде.

Сонымен қатар Құдайға құлшылық етуді және рәсiмдерді өткізуге уәкілеттік кімге берілетінін нақтылау мақсатында дiни жоралар мен рәсiмдерді өткізетін адамдарға қатысты талаптар енгізу қарастырылған. Құдайға құлшылық етуді, діни жоралар мен рәсiмдерді діни бірлестіктер уәкілеттік берген адамдар өткізеді деген толықтыру бар. Яғни діни бірлестіктерден уәкілеттілік алмағандар діни шаралар өткізе алмайды деген сөз.

Заң жобасында «деструктивті діни ағым», «діни радикализм» деген жаңа ұғымдар бар. Мұны қалай түсінуге болады?

«Деструктивті діни ағым» және «діни радикализм» деген жаңа ұғымдар енгізілді. Осы ұғымдар парламент мәжілісінде пысықталып, жетілдірілді.

Деструктивті діни ағым дегеніміз – адамның қорғалатын құқықтары мен бостандықтарына қатер төндіретін, конституциялық құрылысты, қоғамдық тәртіпті әлсіретуге және (немесе) бұзуға, рухани, мәдени құндылықтар мен қоғамның дәстүрлеріне зиян келтіретін діни көзқарастар, идеялар жиынтығы.

Діни радикализм дегеніміз – адамның діни көзқарастар мен сенім-нанымдарды ұшқары, ымырасыздықпен ұстануына негізделген, өзге адамдарға діни ұйғарымдар мен догмаларды сөзсіз орындауды талап ететін үндеулер және (немесе) іс-әрекет.

Бұл ұғымдарды енгізу және деструктивті діни ағымдардың идеологиясын, атрибуттары мен сыртқы белгілерін таратуға тыйым салу арқылы сырттан елімізге жат идеологияның енуіне тосқауыл қоюға мүмкіндік береді.

Осыған сәйкес, салалық заңның 3-бабының 21-тармағына «Жеке және заңды тұлғаларға деструктивті діни ағымдардың идеологиясын, оның ішінде бұқаралық ақпарат құралдары арқылы таратуға тыйым салынады»  деген анықтаманы енгізу көзделуде.

Сонымен қатар салалық заңға «Деструктивті діни ағымдарға қатыстылығын көрсететін сыртқы атрибуттарды, киім-кешекті қоғамдық орындарда пайдалану, кию және таратуға жол берілмейді.

Сыртқы атрибуттарды, киім-кешекті қоса алғанда, деструктивті діни ағымдарға қатыстылығын айқындайтын белгілер уәкілетті органның, ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитеті және ішкі істер органдарының бірлескен нормативтік құқықтық актісінде бекітіледі» деген түзету енгізілуде.

– Жаңа жоба мемлекеттік қызметкерлердің діни сенімін, жоралғысын шектемей ме?

– Жоқ, керісінше, қызметтік жағдайын өзінің немесе өзгенің діни мүддесі үшін пайдалануға жол бермеу бөлігінде мемлекеттік қызметшілерге талаптар нақтыланған. Жобаға мемлекеттік қызметшілердің әдеп кодексінде көзделген үш шектеу енгізілген. Атап айтқанда: өзінің қызметтік мүмкіндіктерін діни бірлестіктердің мүдделеріне пайдаланбау; өзіне бағыныстағы қызметшілерді діни қызметке мәжбүрлемеу;  діни бірлестікті құруға бастамашы немесе оның мүшесі болмау.

Тиісті норманы «Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі туралы» заңына енгізу ұсынылып отыр.

Осыған орай, бірқатар азаматтардан аталған түзетулер мемлекеттік қызметкерлердің ораза ұстауына рұқсат етпей ме деген сұрақ түсіп жатыр.

Жалпы, ұсынылатын нормалар азаматтардың аталмыш санатының  дін саласындағы негізгі құқықтарына, яғни, мысалы, жұмыс уақытынан тыс діни іс-шараларды және рәсімдерді орындау немесе оларға қатысу құқықтарына әсер етпейді.

Менің ойымша, мемлекеттік қызметкерлердің ораза ұстауына заң жобасындағы түзетулер кедергі келтірмейді. Дегенмен бұл жерде де шектен шығып кетуге болмайды. Мысалы, ең алдымен ораза ұстау мемлекеттік қызметкердің жұмысына кері әсерін тигізбеуі керек. Сонымен қатар ораза ұстаған адам «мен оразамын, аузым берік» деп өзіне жүктелген міндеттерден бас тартпауы керек. Осы шарттар орындалған жағдайда біреудің ораза ұстап-ұстамағанында ешкімнің де шаруасы болмайды.

–Діни бірлестіктердің қаржы қызметтері де қадағаланады деп жатыр…

Бүгінгі күні діни бірлестіктердің қаржы айналымы мемлекеттің бақылауынан тыс қалып отыр. Қандай қаржылық мүлік, қандай мөлшерде және қандай мақсатта пайдаланып жатқандығы белгісіз.

Бұл түрлі заңсыз іс-қимылдарға алғышарт туғызады (сыбайлас жемқорлық, заңсыз ұйымдарды қаржыландыру, шетелдік көздерден заңсыз түсімдер алу және т.б.).

Олардың алдын алу үшін қоғам діни бірлестіктерден ақша мен мүлікті алу мен пайдалану бойынша ашықтықты талап етеді. Сондай-ақ бұл норма діни бірлестіктердің мәртебесін арттыруға септеседі.

Сондықтан діни бірлестіктерге түсетін қаржы қаражаты, қайырмалдық, қайырымдылық көмек және басқа да мүлік, оның ішінде халықаралық және шетелдік ұйымдардан, шетелдік азаматтар мен азаматтығы жоқ адамдардан түсетіндер міндетті түрде діни бірлестіктердің қаржылық құжаттарында есепке алуы туралы талап енгізіп отырмыз.

Осыған сәйкес, діни бірлестіктер барлық кіріс көлемі және көздері, сондай-ақ шығыстар көлемі, Қазақстан заңнамасына сәйкес, жыл сайын бұқаралық ақпарат құралдарында жариялап отырулары тиіс болады. Бұл бұқаралық ақпарат құралдары діни бірлестіктердің өздерінің басылымдары немесе ресми сайттары болуы мүмкін. Яғни біз діни бірлестіктердің дін қызметі де, қаржылық қызметі мен қоры да қоғам алдында ашық болсын дейміз. Әлбетте, бұл талаптарға ешкім наразылық танытпас.

–Әңгімеңізге рақмет.

Заңға әкімшілік жазалау шарасы ретінде сегіз түзету енбек.

  1. Дiни жораларды, рәсімдерді және (немесе) жиналыстарды өткізуге; қайырымдылық қызметті жүзеге асыруға; діни әдебиетті және діни мазмұндағы ақпараттық материалдарды, діни мақсаттағы заттарды әкелуге, шығаруға, әзірлеуге және (немесе) таратуға; ғибадат үйлерін (ғимараттарын) салуға, үйлерді (ғимараттарды) ғибадат үйлері (ғимараттар) етіп қайта бейіндеуге (функционалдық мақсатын өзгертуге); дінді оқып-үйренуді ұйымдастыруға;
  2. Бет-әлпетті тануға кедергі келтіретін киім-кешекті қоғамдық орындарда киіп жүруге қатысты заңнама талаптарын бұзуға;
  3. Уәкілетті органмен келіспей, шетелдік діни орталық тағайындаған адамның діни бірлестікті басқаруына;
  4. Он алты жасқа толмаған кәмелетке толмағандарды ата-анасының біреуінің, кәмелетке толған жақын туысқанының немесе кәмелетке толмаған адамның өзге де заңды өкілдерінің ілесіп алып жүруінсіз, сондай-ақ ата-анасының бірі немесе кәмелетке толмаған адамның заңды өкілі қарсылық білдірген кезде Құдайға құлшылық етуге, діни жораларға, рәсімдерге және (немесе) жиналыстарға қатыстырғаны үшін заңнама талаптарын бұзуға;
  5. Мемлекеттік бюджеттен және Қазақстан Республикасы Ұлттық банкінің бюджеті қаражатынан қаржыландырылатын ұйымдар жұмыскерлерінің діни бірлестіктердің мүддесі үшін қызмет бабын және онымен байланысты мүмкіндіктерін пайдалануға, сондай-ақ өзге тұлғаларды діни бірлестіктердің қызметіне қатысуға мәжбүрлеуге жол бермеу жөніндегі заңнама талаптарын бұзуына;
  6. Деструктивті діни ағымдарға қатыстылығын көрсететін сыртқы атрибуттарды, киім-кешекті қоғамдық орындарда пайдалану, киіп жүру және таратуға;
  7. Қоғамдық, діни бiрлестiк басшыларының, мүшелерiнiң не қоғамдық, діни бiрлестiктiң осы қоғамдық, діни бiрлестiктердiң жарғыларында айқындалған мақсаттар мен мiндеттердiң шегiнен шығатын әрекеттер жасауына;
  8. Қоғамдық, діни бiрлестiк басшыларының, мүшелерінің не қоғамдық, діни бiрлестiктiң Қазақстан Республикасының заңнамасын бұзатын әрекеттер жасауына ескерту беру көзделген.
Алматы қаласы туралы жаңалық оқу

Comments are closed.