Діни-идеологиялық саладан ұлтшыл-патриоттық алаңға келген соң, бірінші кезекте мен есімімді өзгерттім: «Исмаилды» тастап, өзімнің азан шақырып қойған Тұрарбек есіміме қайта оралдым. Себебі мен  өзімнің Ақиқатымды тауып,  діндегі ұзаққа созылған ізденісімнің мәресіне жеткеніме белгі қойып кеткім келді. Екіншіден, рационал монотеизм идеясын ұлтшыл-патриоттарға, діни ағымдардың «шейхтары» сияқты, кенеше жабысып тықпалап уағыздамаймын, мұндай әдіс менің болмысыма о бастан жат. Ақиқат жолын ұсыныс ретінде ғана айтпақшымын. Мұндай кезде ислам мәдениетіне қатысы бар есімнің мен үшін аса қажеті жоқ деп шештім.

Қазақ ұлтшыл-патриоттарының ортасына барып кірігуге мені итермелеген бірнеше себеп бар. Біріншіден, сөз жүзінде болсын, елімізде либерализм идеяларын басшылыққа алып жүрген демократияшыл сипаттағы саяси партиялардың үні 2010 жылдан кейін өшті. Кейбірі әкімшілік қысымға шыдас бере алмады, кейбірі өз еркімен саяси жұмысын тоқтатты, енді біріне «биліктің саяси жобасы» деген жаманат жабысып, халық алдында дискредитацияға ұшырады.

Екіншіден, дәл осы  кезде  саясаттанушылар  қазақ  ұлтшыл-патриоттық  қозғалысының  қайтадан   күні  туғанын,  олар қазақ қоғамының негізгі қозғаушы күшіне айналғанын мәлімдеді. Саяси-идеологиялық қайшылықтарына қарамай, қазақ ұлтшыл-патриоттарының адам құқықтарына, демократия және азаматтық қоғам принципіне, либерализм құндылықтарына ыңғайлана алатын, саяси реформа жасауға бейім саяси күш екені жөнінде пікір айтыла бастады. Тарихи-саяси процестің әр кезеңінде жасақталған түрлі ұлтшыл ұйымдардың біріге бастағаны, мұның соңы тұтас әрі ауқымды қозғалысқа ұласатыны болжанды.

Осы жағдайға байланысты менің өз жоспарым болды. Ұлт- шыл-патриоттар рухани құндылықтарға берік қауым екенін жақсы білемін. Тіл мен дін мәселесін ешқашан айналып кете алмайды. Сондықтан  рационал монотеизм идеясын қоғамда ірі саяси күшке айналып келе жатқан ұлтшыл-патриоттардың ортасына салып, оны солардың күшімен дамытуды көздедім. Ұлттың рухани жаңғыруына себепші болатын бұл идея бертін келе коммунизмнің тоталитарлық жүйесі кезінде бұйығып қалған қазақ қоғамының демократиялық тұрғыда тез жаңаруына себепші болып, либералдық құндылықтарға деген сенімін арттыра түседі. Халықтың тұрмыс-тіршілігін оңдап, бақуатты өмір сүруін қамтамасыз еткен батыс елдерінің ұстанған бағыты дәл осы саяси реформалардан басталғанын сезіну қажет.

Алғашында саясаттанушылардың қазақ ұлтшыл-патриоттары жөнінде айтқан  болжамы дұрыс болып көрінді. Түрлі ұлтшыл-патриоттардың басын қосқан республикалық «Ұлы дала» қоғамдық қозғалысы құрылды. Оған «желтоқсаншылар», бұрынғы «Азат» қозғалысында болған белсенділер, тіл жанашырлары, Азат Перуашевтың «Ақ жол» партиясы, ыдырап кеткен оппозициялық партиялардың белсенділері, саясаттанушылар, зиялы қауым өкілдері, тәуелсіз журналистер қосылды. Қозғалысқа аймақтардағы саяси белсенділер түгел тартылды. Мен де солардың қатарында болдым.

«Ұлы дала» қозғалысының құрылтай жиынында үміт күттіретін тезистер, баяндамалар оқылды, бағдарлама бекітілді. Бірақ көп ұзамай қозғалыс ішінде алауыздық басталды. Кейбір сарапшылар мұны қоғамдық қозғалысты құруға бастамашы болған, Алматы сауда палатасының бұрынғы президенті, белгілі меценат Ізбасар Бозаевтың кенеттен қайтыс болуынан кейін туындады деген пікір айтады.

«Ұлы даланың» бөлініп-жарылу процесінің басы-қасында болған мен бұл пікірмен келісе алмаймын. Қозғалыстың ыдырауына себепші болған басты фактор – жүзшілдік пен рушылдық. «Ұлы даланың» құрылғаны жөніндегі сүйінші хабармен қатарласып ұйым ішінде бұл қозғалыстың жетекшілері түгелімен Ұлы жүздің өкілдері екен деген сыпсың әңгіме басталған. Қозғалыс жетекшісі Ізбасар Бозаев өмірден озған соң, алауыздық тіпті өршіді. Саясаттанушы Айдос Сарым өзінің жақтастарымен бірігіп, «Ұлы даланың» тізгінін қолына алмақшы болды. Оның әрекеті Жетісу өңірінің беделді ақсақалдарының қызғанышын тудырып, өздерінің мүддесін қорғап жүрген Ғабиден Жәкейді Айдос Сарымға қарсы қойды.

Ішкі қайшылық конфронтация фазасына жеткен кезде мен таласушы екі тарапты жарастыруға күш салдым. Бірақ екі тарап та алған бетінен қайта қоймады, мәміле табылмады. Осы жағдайда маған кімнің жағында болатынымды анықтау- дан басқа амал қалған жоқ. Атыраудың тумасы болсам да, Ғабиден Жәкей командасының жағына шығып, қозғалысты қайта қалпына келтіруді мақсат тұттым.

Талас-тартыста Айдос Сарымнан басым түскен Ғабиден Жәкей аз уақыттың ішінде «Ұлы даланың» төрағасы болып сайланды, мен ұйымның аппарат жетекшісі қызметін атқардым. Қозғалыстың бағдарламасы мен жұмысын насихаттау үшін «Дала.тв» сайтын аштық. Бірақ сеңдей бұзылған қозғалыстың бас-аяғын жинау мүмкін болмады, ұлтшыл-патриоттардың негізгі бөлігі топ-топқа бөлініп шашырап  кетті.

Ұлтшыл-патриоттар  қазақ  қоғамының  қозғаушы  күші, саяси процестердің локомотиві болады деген болжам бос сөз екен. «Ұлы дала» қозғалысы Қонаевтың мерейтойын өткізу, өмірден өткен мемлекет қайраткерлерін еске  алатын  спорттық  турнир ұйымдастыру, Мұстафа Шоқайдың басына барып құран оқу, Жаңаөзен құрбандарының әруағына арнап ас беру сияқты өткенге салауат айтуға ұқсайтын, көңілсіз, бұрынғы өмірді аңсап қамығып жүрген кейіпті көрсетуге құмартқан, ішкі мазмұны ұлтшыл лидерлерді жарнамалаудан аспайтын шаралардың шеңберінен шыға алмады, елдегі саяси процестерге кіріге алған жоқ. Олардың Кедендік одақ пен Еуразиялық экономикалық одаққа қарсы ұйымдастырылған форумдарға қатысуы да ұлтшыл-патриоттардың саяси идеологиясын ақтап алу, тәуелсіздіктің адал қызметшілері екенін көрсету ғана  еді. Мұның бәрі даурыққан даңғазадан басқа ештеңе емес, қазақ қоғамын жаңғыртуға тиісті саяси-экономикалық сипаттағы концептуалды ешқандай құжат жасалған жоқ. Мен кейде қазақ ұлтшыл-патриоттық ұйымдарын жердегі қазыққа арқанмен байлап қойып, ішіне жылы ауа  үрленген әуе шарына ұқсатамын. Оның ішінде ешқандай мазмұн жоқ: ішіндегі ауа суыса, тырсиған шар солып, парашют сияқты жерге жайылып құлайды, жылы ауа үрлесе, қайтадан торсиып шыға келеді.

Рационал монотеизм идеясын ұлтшылдардың күшімен қазақ қоғамының қажеттілігіне айналдырам деген жоспарымның сол мезетте-ақ күл-талқаны шықты. Ұлтшыл қайраткерлер мен зиялы қауымның басым бөлігі мифтік санамен өмір сүреді. «Абылай ханның түс көруі», «Асанқайғының  жерұйығы» секілді қияли әңгімелерден, діни-идеологиялық қиссалардан мән іздеп әуреленеді. Ұлтшыл-патриоттардың көпшілігі – қазақ қоғамын жан-жақтан тартқылап жатқан шетін идеологиялық секталардың жасырын уағызшылары, тіпті кейбірі радикал «шейхтарға» қол берген адамдар (пірге өмір бойы бағыныштылығына мойынсұнудың діни жоралғысы). Құдайдың сыйын – ақылын пайдаланбай, тағдырын әлдебір «шейхқа» табыстап қойған адамдардан не күтуге болады?! Тіпті олармен ақиқат жөнінде пікірлесу мүмкін емес еді.

«Қазақ ұлтшылдығы – салауатты саяси күш» деген тезиспен де келісе алмаймын. Қазақстанның геосаяси және қазақ ұлтының менталды ерекшелігіне сай ұлтшыл-патриоттар нацизм-фашизмге бой алдыра қоймайтын шығар. Бірақ кейбір фактілер көңілге күдік қалдырып кетті. Президенттік сайлауға кандидатурасын ұсынуы мүмкін екенін айтқан саясаткер Владимир Козловқа жұмыртқа лақтырып, сол жиында төбелес шығарған «желтоқсаншылар» мен «сақалы ұзын, балағы қысқа» ұлтшыл діндарлар болатын. Бір кездері Кеңес Одағындағы ұлттық кемсітуге қарсы шығып, еліміздің тәуелсіздігі мен еркіндігі үшін күрес жолынан өткен «желтоқсаншылардың» нәсілшілдікке бой алдырғанын көріп отырып, қазақ ұлтшылдығын қалай салауатты саяси күш деп айта аламыз?! Немесе қазақ ұлтшылдығының көрнекті өкілі Нағашыбай Есмырзаның әлемді қанға бөктірген нәсілшіл Гитлерді пір тұтып, табынып жүруі, сондай адамның қазаққа қажет екенін талмай айтып, жарнамалауын қалай түсінеміз?! Осындай жағдайға қарап отырып, азаматтары тең құқылы, демократиялық билік жүйесі бар, либерализм құндылықтарын басшылыққа алатын мемлекет құрып жатқанымызға қалай ғана сенеміз?!

Ұлтшылдар жөнінде жоғарыда айтылған пікірдің бәрі – ҰҚК-нің Астанадағы тергеу изоляторындағы жалғыз кісілік камерада алты ай жатқан кезде түйген ойым. Оған дейін, ұлтшыл-патриоттармен бірге болғанда шешімді тұжырым жасауға, олардың әрекетіне сақтана қарауға мүмкіншілігім болған жоқ. Сөйтіп жүргенде қазақ ұлтшылдарының ішіндегі жүзшілдік, рушылдық, аймақшылдық сияқты жаман кесел маған да жұғыпты. Мұны мен сепаратизм және конституциялық құрылымды күштеп өзгерту айыбы бойынша сотталып, түрмеге түскенде бір-ақ білдім.

Тұрарбек ҚҰСАЙЫНОВТЫҢ «Мен қалай рухани жаңғырдым» кітабынан үзінді. 

МАТЕРИАЛДЫ РЕДАКЦИЯНЫҢ РҰҚСАТЫНСЫЗ КӨШІРІП БАСУҒА БОЛМАЙДЫ.

Коллаж:zhasalash.kz

Алматы қаласы туралы жаңалық оқу

Comments are closed.