Кеше «Астана Аренада» Қазақстан мен Әзірбайжанның жастар құрамасы кездесіп, 1:1 есебімен тең ойнады. 33-минутта қонақтардың қорғаушысы Сертан Ташқын есеп ашты. 80-минутта команда капитаны Айбол Әбікен пенальтиді дәл енгізіп, таразы басын теңестірді.

Жастар құрамасы Еуропа чемпионатына іріктеу кезеңіне дайындығын пысықтап жатқан болса, ұлттық құрама күзде Ұлттар кубогына қатысады. Сондықтан бүгінгі Қазақстан–Әзірбайжан ұлттық құрамалары кездесуінің маңызы өте зор.

Қазақстан құрамасының бас бапкері Станимир Стойлов матч қарсаңында бірқатар шетін мәселелер туралы сөз қозғады.

Ұлттар лигасының маңызы жөнінде: «Бұл турнирге ерекше дайындалуымыз керек. Осы уақытқа дейін Қазақстан құрамасы бір орынды таптап тұра берді. Енді алға жылжуға тиіспіз. Жанкүйерлер маған: «Қашан ұлттық құрамаға бапкер боласыз?» – деген сұрақты жиі қоятын. Демек, олардың құрамаға жаны ауырады. Біз сенімді ақтауға тиіспіз».

Құрама ойыншылары жөнінде: «Бүгінгі кездесуде Станислав Лунин мен Еркебұлан Сейдахметті құрамға қоса алмаймын. Лунинді сынап көргім келіп еді, алайда ол өзін жайсыз сезініп отыр. Еркебұлан «Уфа» сапында алған жарақатынан әлі толық айығып біткен жоқ. Сондықтан тәуекелге барып, жарақатын асқындырып жібергім келмейді. Оны мұның алдындағы ойындарда толық байқадым, мүмкіндігі қаншалықты екенін жақсы сезінемін. «Қайраттың» жас шабуылшысы Вячеслав Швыревті әдейі шақырдым. Жас футболшылардың өз-өзіне сенімі арта түскені жақсы. Қазақстан кубогындағы «Оқжетпес» – «Қайрат» (3:5) кездесуінде Швырев өзінің сұңғыла футболшы екенін көрсетті. Жас футболшыларды шақыру арқылы олардың әр қадамын бағып отырғанымызды аңғартқым келеді. Бауыржан Тұрысбектің өз-өзіне сенімі өсе түскені байқалады. Дегенмен құрама талабына сай болу үшін ол әлі еңбектенуге тиіс. Еркебұлан Тұңғышбаевқа қояр талабым да сол. Олар бір сәт босаңсымауы керек».

Қарсыласты таңдау жөнінде: «Әзірбайжан құрамасының жолдастық кездесуге келіскені үшін алғысымды айтамын. Бұл команда ойын үлгісі жөнінен болашақ қарсыласымыз Грузияға ұқсайды. Оның үстіне біз енді Ұлттар лигасына дейін жолдастық кездесу өткізе алмаймыз. Сондықтан шілдеде басталатын еурокубок ойындарының маңызы зор. Сол кезде құрамаға нақты кандидаттар іріктеле береді».

Алматы қаласы туралы жаңалық оқу

Comments are closed.