Қарағанды облысы, Бұхар Жырау ауданына қарасты Қушоқы ауылының тұрғыны Григорий МАЛЬНЕВТІҢ мәйіті бүгін туған жеріне жеткізілді. Әжесінің айтуынша, Мальнев отбасы алғашқы рет қыдыруға саяхаттап шыққан екен.

Кеше, 17 маусым күні Сарышаған-Шу учаскесінде Астана-Алматы бағытындағы 9/10 пойызының жолаушылар отыратын 8 вагоны рельстен шығып кеткен болатын. 14 адам түрлі дене жарақатын алып, 12 жастағы Григорий Мальнев қайтыс болды.

"Екі миллион теңге баламызды тірілтпейді"
Ольга Мальнева

«Олар азын-аулақ қаражат жинап алғашқы рет демалуға алыс сапарға кеткен еді. Немерем үшін алғышқысы да, соңғысы да осы болды. Қырғызстанда туыстарымыз бар, соларға барып, жолдан Ыстықкөлге демалып келеміз деген жоспарлары да болған еді. Өкінішке қарай, ойлағандары жүзеге аспады. Келінім Григорийден айырылып қалдық деген хабарды естіртті. Бірақ мен осы күнге дейін немеремнен көз жазып қалғаныма сенбеймін»,- деп сұхбат берген Ольга МАЛЬНЕВА көз жасқа ерік берді.

Жасөспірімнің отбасына «Қазақстан темір жолы» компаниясы 2 млн теңге көлемінде өтемақы төлейтін болды. Алайда,  «қаражат баламызды ана дүниеден алып келмейді, сондықтан кінәлі адамдар өз жазаларын алу керек» деп санайды  қайғы жұтқан отбасы.

Мальнев отбасы тұратын үйдің алдында бүгін туыстарынан бөлек, жергілікті әкімшілік пен Бұхар Жырау аудандық әкімшілік қызметкерлері күзетумен болды. Жасөспірімнің отбасын журналистермен кездесуге рұқсат бермей, тіпті оларды алшақтатып, тілшілердің назарынан таса алып кетіп отырумен болды.

Қаза болған отбасына  2 млн теңге өтемақы төленетінін мәлімдеген «Қазақстан темір жолы» компаниясының департамент директоры Ақболат ЖАҒЫПАРОВ сонымен қатар, зардап шеккендерге де жарақаттарына қарай тиісті төленеді дегенді алға тартты.

«Компания қара жамылған отбасына 2 млн теңгеден аса, ал қалған жарақатына қарай зардеп шеккендерге 500 мыңнан 1 млн теңгеге дейін өтемақы төлейтін болады. Қазір қалпына келтіру бойынша шаралар жүргізілуде. 9 арнайы техника мен 300-ге жуық теміржолшы соның басында жұмыс істеуде. Жол қозғалысы  тоқтаған жоқ. Екінші жолмен жүріп жатыр.Оқиғаның себебі анықталуда».

Ертең Григорий Мальневтің денесі жер қойнына тапсырылатын болады.

Фотолар автордікі.

МАТЕРИАЛДЫ РЕДАКЦИЯНЫҢ РҰҚСАТЫНСЫЗ КӨШІРІП БАСУҒА БОЛМАЙДЫ.

Алматы қаласы туралы жаңалық оқу

Comments are closed.