Трамп: АҚШ "мигранттар лагеріне" айналмайды

30


АҚШ президенті Дональд Трамп өз елі «мигранттар лагері» болмайтынын мәлімдеп, демократтарды миграциялық заң жобасын әзірлеуде әкімшілікпен жұмыс істегісі келмейді деп айыптады.

18 маусымда Ақ үйде Ұлттық ғарыш кеңесінде сөйлеген Трамп соңғы кезде мигранттар мен олардың отбасы мәселелеріне қатысты өзіне айтылған сынға елге қатаң миграциялық тәртіп керек деп жауап берді.

АҚШ-та соңғы уақытта заңсыз мигранттардың отбасы мүшелерін бір-бірінен ажырату саясаты қызу талқылана бастады. Отбасы мүшелерін ажырату тәжірибесі бұрын сирек қолданылатын. Енді федералдық агенттер елден босқын мәртебесін алуды көздегендерді немесе заңсыз елге кіргендерді кері қайтарып жатыр. Ақ үй өткен аптада соңғы алты аптада екі мыңға жуық кәмелетке толмаған бала ата-анасынан ажыратылғанын хабарлаған.

Үкімет жариялаған бейнетаспаға қарағанда, ата-анасынан ажыратылған балалар жақсы жағдайда өмір сүріп жатыр.

БҰҰ-ның Адам құқықтары жөніндегі жоғарғы комиссары Зейд Раад әл-Хусейн балаларды қысымға алу арқылы миграцияны азайту амалын «шектен шығу» деп атады.

Бұл мәселе бойынша АҚШ-тың бірінші ханымы Мелания Трамп та пікірін білдірген.

«Мелания ханым балаларды отбасынан ажыратып жатқанын ауыр қабылдайды және екі тараптың да бірлесіп, сәтті миграциялық реформа жасайтынына сенеді», – деп мәлімдеді оның баспасөз қызметі.

Бұрынғы бірінші ханым Лора Буш Washington Post газетіне берген сұхбатында отбасын бөлу саясатына «қатыгез, моральға қайшы» деп пікір білдірген.

Дереккөз:Азаттық радиосы

3 ПІКІРЛЕР

Comments are closed.