Құрылысы 10 жылдан бері тоқтап тұрған Семейдегі 2000 адамға жоспарланған мешітті көтеру ісі қайтадан жаңаша түледі. О баста Сауд Арабиясының қаржыландырылуымен салынбақ болған алып мешіттің екі жыл өтпей тоқырап, өлі нысанға айналып кеткені семейліктердің жанына бататыны рас еді. Оның үстіне аспалы көпір арқылы Ертістің сол жағалауына өткенде бірден көзге түсетін, көрнекі жерден таңдалған орында аяқталмай үңірейіп қалған мешіт қабырғалары да сұрықсыз көрінетін.

Енді, міне, көңілге қаяу түсірген ол күндер артта қалды деуге әбден болады. Тарбағатай өңірінің тумасы, бұл күнде Алматыдағы «ТAS Group» комнаниялар тобының иесі, белгілі жас кәсіпкер Дулат пен әкесі Тұрсын бастаған ТАСТЕКЕЕВТЕР әулеті тәуекелге бел буып, 2019 жылдың соңына дейін мешітті аяқтап ел игілігіне беруді қолға алды. Құрылысы 500 млн. теңгеге бағаланып отырған имандылық ордасының жалпы аумағы 600 шары метр.  Бас мердігер – «AHTAS Construction» құрылыс компаниясы. Ал қаражат «Тас кредит» компаниясынан бөлінеді.

Семейліктерді шексіз қуанышқа бөлеген істің жалғасуына орай сөз алған қала әкімі Ермак СӘЛІМОВ осыдан бір жыл бұрын  Тастекеевтер әулеті тарапынан ұсыныс айтылғанын атап өте келіп, шынайы ризашылығын білдірді. Әкімнің айтуынша, мешіт құрылысын жүргізуге бұған дейін түрік, араб инвесторлары да ынта білдіргенімен, орындай алмаған. Тіпті, үш мәрте мал сойылып, құрбан шалыныпты. Есесіне, ерлікке лайық шаруаны атқара алатын азамат ел ішінен табылды.

Семейдегі үлкен мешіттің құрлысы қайта жанданады
Әкелі-балалы Тастекеевтер

«Бұл біз үшін де үлкен жауапкершілік жүктейді. Алматыда дос-жарандарымыз кездесіп қалғанда Семейдегі осынау мешіттің тоқтап қалғанын әзілге бұрып та айтып жүретін. Ал шындығында бұл бізді қатты ойландыратын. Ақыры балаларыммен, ағайындарыммен ойласа келе мешіт құрылысын жүргізуді өзіміз қолға алғанды жөн көрдік»,-дейді Тұрсын Тастекеев.

Айта кеткен жөн, Тастекеевтер әулеті 2009 жылы туған жері – Тарбағатай ауданы, Екпін ауылында, 2016 жылы аудан орталығы Ақсуатта да өз қаражаттарына мешіт салып беріп, ғибраты мол ісімен танылған әулет. Ал, енді, семейліктерге тарту етілетін бұл мешіттің өзіндік ерекшеліктерінің бірі- 500 көлікке арналған автот тұрағы мен қатымханасының да салынатындығы. Қазақстан Мұсылмандар Діни басқармасының Семей аймағы бойынша өкілі, Орталық мешіттің бас имамы Мақсат қажы АЛТЫБАЙДЫҢ айтуынша қазіргі күнде Семейде 11 мешіт бар. Құрылысы қайта жалғасқан осынау мешіт те межелі уақытта жамағатқа берілгеннен кейін есепке алынатын болады.

Фотолардың авторы А. Омаш.

Алматы қаласы туралы жаңалық оқу

Comments are closed.