Бішкектің Октябрь аудандық сотында қазақстандық белсенді Мұратбек Тұңғышбаевты Қазақстанға экстрадициялау мәселесін қарай бастады.  Сотта Тұңғышбаев көзіне операция жасалғанына байланысты абақтыда өзін тексеруге дәрігер жіберуін сұрады. Белсендінің айтуынша, оның қан қысымы жиі көтеріліп кетеді абақтыда тиісті жағдай жасалмаған, камерада адам шектен тыс көп. Судья қамаудағы күдіктіге медициналық көмек көрсету мәселесі абақты әкімшілігінің құзырында екенін айтты.

Сотқа қырғызстандық азаматтық белсенділер, құқық қорғаушылар қатысып жатыр.

Тұңғышбаев пен адвокаттары соттан белсендіні Қазақстанға экстрадицияламауды сұрады.

Соттың келесі отырысы 25 маусым күні сағат 16-да өтетін болды.

Блогер әрі белсенді Мұратбек Тұңғышбаев Қазақстан билігінің сұрауымен 10 мамырда Бішкекте ұсталған. Ол қазір Ұлттық қауіпсіздік мемлекеттік комитетінің (ҰҚМК) тергеу абақтысында отыр. Қазақстан билігі блогерді «тыйым салынған «Қазақстанның демократиялық таңдауы» қозғалысын қолдайды» деп айыптап отыр. Тұңғышбаев пен оның туыстары бұл айыптың саяси астары барын мәлімдеп, халықаралық ұйымдардан араша сұрайды.

18 маусымда Бішкекте қырғызстандық және қазақстандық азаматтық белсенділер Тұрңғышбаевты қудалауды тоқтатуды талап етіп, Қазақстан елшілігі алдында акция өткізген.

24 мамырда Қырғызстан Бас прокуратурасы Мұратбек Тұңғышбаевты Қазақстанға экстрадициялау туралы шешім шығарған. Бұған дейін оны қамауға алу туралы шешімге қарсы берілген шағымдардың ешқайсысы қанағаттандырылмады. Қырғызстанның миграциялық қызметі 5 маусым күні Азаттыққа Мұратбек Тұңғышбаевтың өзіне босқын мәртебесін беру туралы өтінішін қарастырып жатқанын хабарлаған.

Дереккөз:Азаттық радиосы

Алматы қаласы туралы жаңалық оқу

Comments are closed.