Еуропа Одағы (ЕО) АҚШ-тың БҰҰ Адам құқықтары жөніндегі кеңесі құрамынан шығу туралы шешіміне қарсылық танытты.

ЕО Вашингтонның бұл шешімі «АҚШ-тың әлемдік аренадағы  демократия лидері және жақтасы ретіндегі қызметін бұзуы мүмкін» деп біледі.

ЕО Адам құқықтары жөніндегі кеңестің оңтайлы жұмыс істеуіне қолдау көрсететінін және кеңесті нығайту үшін барлық елмен ынтымақтастықты жалғастыруды жоспарлап отырғанын айқын білдірді.

19 маусымда АҚШ БҰҰ-ның Адам құқықтары жөніндегі кеңесін «пайдақор» орган деп атап, кеңес құрамынан шығатынын мәлімдеген. АҚШ Мемлекеттік департаментінде сөйлеген АҚШ-тың БҰҰ-дағы тұрақты өкілі Никки Хейли кеңесті «авторитарлық елдердегі адам құқықтарының бұзылғанына көз жұма қарайды, бірақ соған қарамастан Израильді үнемі сынайды» деп айыптаған.

Оқи отырыңыз: АҚШ БҰҰ Адам құқықтары кеңесінен шығады

АҚШ-тың кеңес құрамынан шығуына БҰҰ бас хатшысы Антониу Гутерриш те қарсы болған. «Бас хатшы АҚШ-тың Адам құқықтары жөніндегі кеңесінде қалғанын қалайды» деп мәлімдеген БҰҰ-ның баспасөз хатшысы Стефан Дюжаррик.

Женевада орналасқан БҰҰ-ның Адам құқықтары жөніндегі кеңесі 2006 жылы құрылған. АҚШ бұл кеңестің құрамына 2009 жылы, президент Барак Обаманың тұсында енген.

Кеңес құрамына қазір Африка, Азия-Тынық мұхит аймағы, Батыс және Шығыс Еуропа мен Америка құрлығынан — барлығы 47 ел мүше. Кеңес мүшелері үш жыл мерзімге сайланады, АҚШ-тың кеңеске мүшелігі 2019 жылғы желтоқсанның 31-інде аяқталуы тиіс еді.

БҰҰ қарары бойынша, Адам құқықтары жөніндегі кеңестің басты мақсаты — адамның негізгі құқықтары мен еркіндіктерін қорғау және адам құқықтарына қатысты БҰҰ аясындағы іс-қимылдарды тиімді үйлестіру.

Бұған дейін кеңес құрамындағы кей елдердің адам құқықтарына қатысты міндеттемелерін сақтамай отырғаны туралы бірнеше мәрте сын айтылған.

Дереккөз:Азаттық радиосы

Алматы қаласы туралы жаңалық оқу

Comments are closed.