Біз Сейдахмет Бердіқұлов есімімен тым кештеу таныстық. Күні кешегі 86-ның қозғалысы күшпен таратылғаннан кейін болған үлкен талқыда Мәскеуден арнайы келген лауазымды өкілге «саусағыңды шошайтпа!» депті ықпай. Нақтысы мәскеулік өкілге арналғанын кейін білдік, ол кезде нақ Колбиннің өзіне айтыпты деп аңыз қылысып жүрдік. Естуімізше, көптеген зиялы қауым өкілдері «үстелінің астына жасырынып қалғанда», санаулы ғана ақын-жазушы басын бәйгеге тігіпті. Біраз дөй деген жазушыларың сатылып кеткен көрінеді сонда.

Осы сияқты әңгімелер жастық максимализмнің шылауында жүрген студенттерге майдай жағар еді.

Бұрын-соңды шығармасын оқымаған Сейдахмет Бердіқұловтың бұл ерлігіне «неткен батырлық» деген сүйсіністен арыға бара қоймаппыз. Кейін байқасақ, былайғы жұрт та осы біздің деңгейде ғана танып-білген сияқты. Жарытымды ештеңе жазылмапты. Аздаған естеліктерден де тақырыпты қалай қойғаны (сол қолымен көлденеңінен сызып жіберіп, журналистің ойына да келмеген тапқыр тақырыпты қойып жібергенде…), спортқа тек спорт ретінде ғана емес, ұлттық деңгейде көңіл бөлген, табаны тиген елдің спортын тарихи-мәдени ерекшеліктерімен астастыра отырып жазғаны, жақсы адам екені төңірегінде ғана аз-маз ақпарат алғаныңыз болмаса, Сейдахмет бейнесін қапысыз таныдым дей алмас едіңіз. Біздің қалам ұстаған ағайын да алдымен спортшылығын, сосын редакторлығын айтумен шектеле бергесін, Сейдахмет есімі «Бердіқұлов атындағы турнир» деңгейінде ғана насихатталумен келеді екен.

Оқуға ешкім кеңес бермеген жазушыға алғашында немкетті қарайтының болады. «Қазақ спорт журналистикасының атасы» деп жүрген адамды жазушы ретінде мүлде елестетпеген басымыз «Жүрек ұйықтауды білмейді» повесін парақтай бастағанда «мынау қайтеді-әй» деген көңіл күймен қабылдағанымызды қалай жасырайық. Анығында, төгіліп тұрған ұқыпты тіл немқұрайды оқуыңа көнбейді. Дақпыртын естігеніміз болмаса, аса таныстығымыз жоқ спортшы Сейдахмет емес, жазушы Сейдахмет еді бізді елітіп бара жатқан…

Сүзіп шыққанда ұқтық, жазушы ретінде танылмай, аталмай қалуына Бердіқұловтың өзі де аз себеп болмаған сияқты. Бір анық – оның жазушылыққа шындап ден қоймағаны. Бәлкім, көлденең елдің бәрекелдісі спорттық білігіне ғана көп арналып кетті, бәлкім, әу баста жазушы болу емес, журналист болуды мұрат тұтып жүріп нақты шешім қабылданбай қалды.

Дебюті – көркем шығарма ма, әлде журналистік мақала ма? Сейдахметті ең алғаш жұртшылық кім ретінде таныды? Нақты жауабын тұспалдауға болады – ол іссапар арқылы, очерктерімен танылды.

Әу баста ел ішін аралап, облыстар мен аудандардан ерекше тағдыры бар кейіпкерлер іздеумен басталған шығармашылық жол – өзі де бір орында отыра алмайтын еңбекқор адамды кейін келе шетел асырып жіберетінді шығарды. Шетелге шығу ол кезде қазіргідей емес, өте қиын болғанын айтады жұрт. Бір жеңілдеу жолы бар – спорт. Бұған дейін де аздаған қызығушылар болмаса, расында, спортты түбегейлі жазуға ешкім бел шеше кіріспепті. Азамат соғысы, ашаршылық, репрессия, Ұлы Отан соғысы, тың игеру… Күн сайын болып жатқан өзгерістерден ел есін жия алмай жатқан кезде спорт тақырыбы соншалық сұранысқа ие емес болатын. Ал Сейдахметтің дәуірі – соғыс тыйылған, тым бүркеніп жатып алған КСРО да аздап шекарасын ашып, енді өзінің мықтылығын спорт арқылы да дәлелдемей болмайтынын ұққан кез. Шындығында, соғысудан қолы тимей келген әлемнің спорттық тартыстарға шындап ден қойған кезі де осы болатын. «Ғұмырында не бір ғаламатты көрген көне жердің футбол деген сөзді естігеніне көп болған жоқ, бір жарым ғасырдың о жақ, бұ жағы. Өткен ғасырдың елуінші жылдарында тұманды Альбионның көкмайса алаңдарында екі иығын жұлып жеп, жүз қаралы адам доп атаулы құрып, емге табылмай қалғандай жалғыз доптың соңына түсіп, далаңдап шабатынды шығарды. Кәртамыс Европа оқтау жұтқан ағылшындардың «алаңғасар ойынына» кеңкілдеп күлді де қойды», – дейтін жазушының өзі де. Сейдахмет жазуға келген кез – осындай түсініспеушіліктер тоқтап, спорттың жекелеген түрлері халықаралық деңгейге көтеріліп, өзінің жанкүйерлерін тауып үлгерген уақыт болатын. Бәлкім, осының да әсері болды, Сейдахмет қаламы көркем шығармашылықты мүлде тастап кетпесе де, спортқа қарай жиі қисаятынды шығарды. Былайғы жұрт та спорттан өзге емес, осы Сейдахмет арқылы хабардар болып отырды деуге болады. Өйткені ол әшейін «барды, көрді, жеңді» дейтін ақпарат емес, спортшылармен қоян-қолтық араласа жүріп арыдан тартып жазды.

Спортшылар туралы жазылған очерктері мен эсселеріне көз салсаңыз, Сейдахмет Бердіқұловтың спорт журналистикасы ғана емес, жалпы қазақ спортындағы маңызды фигуралардың бірі болғанына ден қоясыз. Бір мысал:

«…Машинаға шейін шығарып салған Тимурмен қоштаса бергенімде, түкпір тұста барлай қарап тұрған баяғы бозбалаға көзім түссін.

– Қарағым, менде бір шаруаң жоқ па?

– Шаруам жоқ, – деді де, секіріп қасымызға келіп сәлем берді. – Осы сіз Бердіқұлов ағайсыз ғой.

– Иә, інім.

– Танымаушы ма ең, Қанат? – деп Тимур екеумізге кезек қарады. – Дүниені дүрілдетіп тұрған Қанат Байшолақов – осы, Сәке.

– Менен қашып жүрген Байшолақов сен екенсің ғой?

– Қашып емес, қорқып».

Әрине, бұл кезде Сейдахмет Бердіқұловтың атағы дүрілдеп тұрған шақ. Ел ағасы дерлік жаста. Десе де, соншалық ығатындай бұл кездің өзінде біршама атаққа жетіп үлгерген палуанның басына не күн туды екен деп ойлайсың. Әлбетте, аға сыйлаудың, жай аға емес, дардай жазушыны сыйлаудың әңгімесі басқа, бірақ соншалық «қорқудың» жөні жоқ сияқты көріне береді. Дегенмен бір нәрсе анық, басқа болмаса да, мінезі тік, спорт туралы сөз болғанда алдымен ұлт, намыс мәселесін айта беретін тұлғамен спортшылар ғана емес, спорт комитеті бар, басқасы бар – жауапты тұлғалардың өзі санасуға мәжбүр болғанын болжауға болады. Былайғы елді қайдам, спорт төңірегінде жүрген кім-кім де Бердіқұлов есімімен етене таныс болғанын, сырттай-ақ ығып тұратынын көзін көргендер де растайды. Жаңағы диалогтың жалғасында Тимур Сегізбаев та: «Өкшеңізді басып келе жатқан, баяғыдан сырлас менің өзім біржола батыл боп алдым демеймін, Сәке», – деп қалады. Бұл жоғарыдағы сөзімізді бекіте түсумен қатар, жазушының спортшылардың қайсысымен болсын өте жақын араласқанын байқатады. Әйтпесе шетел барып, сырттай ғана тамашалап, жазып келіп жүретін журналист аз ба?! Ал Бердіқұловтың жөні бөлек екен. Мұндай деңгейге жету, мұндай деңгейде құрметтелу, расында, жазушының жазушылықтан гөрі спорт жағына көбірек ден қоюына себеп болғаны тағы анық. Осындай адамның спорт тақырыбын жете зерттемеуі, спорт журналисі атанбауы мүмкін де емес екен. Спортшылар туралы, спорттық ірі оқиғалар туралы жазылған публицистикалық материалдарынан бөлек, спортшылар өмірінен жазылған деректі повестері де Бердіқұлов есімінің спортқа қатысты алдымен аталуына көп себеп болса керек.

Бір қызығы, осы бір жайт жазушының өзін де аз толғандырмаған сыңайлы. Бірде «ширек ғасырдан астам бір пұшпағын илеген спорт деген қызылкөзді желкенің шұқырымен ғана көруге белді бекем буғанын» айтыпты. Мұның себебін жазушылық пен журналистиканың (спорт) арасындағы тартыстан іздеген жөн. Көктепең деген бір ауылдасы «Бердіқұловты қойшы, жазатындары шайтан арба мінген…» деп салыпты бір отырыста. Сейдахметтің сөзін сөйлеп отырған Қаудыр деген ағасы Көктепеңнің сөзінен кейін Бердіқұловты көп қорғап әуре болмай: «Жөн, ол итті қойдық. Әнуар, Сұлтанғали, Оспанхан, ауылда жамбастап жазып жатқан Мұхамеджанымыз бар. Олардан қалмайтын Базартай бір төбе». «Жөн, ол итті қойдық» дегізіп, осыны өзі жазып отыр дегенге сенгің келмейді. «Әдебиеттің ауылында да Көктепеңнің пікірлестері табылып тұрады» дейді және. Соған қарағанда әу бастан-ақ спорт пен көркем шығармашылық арасындағы сарсаң жазушыны аз толғандырмаған сияқты. Әйтпесе спорт – ұлттың еңсесін көтеретін дүние, мен жазбасам кім жазады деген сияқты пафоспен ақтарылып кеп жіберсе де, «осың қалай?!» дей алмас едің. Пафос демекші, «спорт – көп жаншылған елдің еңсесін көтеріп, рухын оятатын нәрсе. Сол себепті халықаралық жарыстарда 30-шы орын алған қазақ баласы да баспасөз бетіне шығу керек» іспеттес ұстаным жазушының өле-өлгенше берік тұтынған қағидасы болыпты. 70 пен 86-ның арасындағы «Лениншіл жастың» кез келген нөмірін ашып көріңізші, спортсыз, спортшысыз шыққан кезі жоқ. Жастар газетінің соншалық көп таралымға жетіп, елдің ықыласына ерекше бөленуінің бір сыры да осы спорт тақырыбын игеруде жатыр. Олай болатыны – ол заманда сыртқа шығармаса да, әр қазақ ауылында жатып қазақтың жеткен сәл жетістігінің өзіне елеңдесіп жүретін. «Қайраттың» ұлттық сипат алып кеткені сондай – ауылдан арнайы келіп ойынын көріп кететін қазақтар аз болмапты бір кезде. Біздің әкелеріміз спорт пен футболдан анау айтқандай білімі болмаса да, сондай қазақтардың сапында «Қайрат–Динамо» ойынын көріп қайтқандарын айтатын. Сейдахмет Бердіқұлов ел ішіндегі осындай мінездерді қапысыз танығаны үшін өзгеден озды.

Осындай біліктілік қой, оны ұлттық спорттың маңызды тетігіне айналдырып жүрген. Бірақ соның бәріне қарамастан, жазушының жан түкпірінде «көркем шығарма жаза алмай қалдым-ау» деген бір өкініштің тыным бермей жатып алғаны анық.

Десе де, жазушылық – оның әншейін бір қыры ретінде ғана бағалануға тиіс емес. Отыздың ар жақ, бер жағында жазған әңгімелері мен «Ол орамал жоғалмайды», «Жүрек ұйықтауды білмейді» іспеттес повестері оның сол кездің өзінде-ақ жазушы ретінде толық қалыптасып үлгергенін көрсетеді. Бұл екі шығарма да оның балалықтан бозбала шаққа өтер кезеңінің бояуы қанық естеліктері. Бердіқұловтың дүниетанымы мен азаматтық қалыптасу кезеңіне сілтейтін «Ол орамал жоғалмайды» – қай жағынан алсаңыз да, төрт аяғын тең басқан нығыз проза. Сонау Ленинградтан келген бір хаттың тарихынан басталатын оқиғалар тізбегі соңына жетер-жеткенше өзінің құрсауынан бір босатпайды. Алдымен автормен бірге мың ойланып, жүз толғанып барып конвертті ашасыз, ары қарай сенімді шегініс. Неміс тілінен сабақ берген, ұлты да неміс Мария Эдуардовна атты ұстазының жазып қалдырған көк дәптерін оқып отырып, сонау соғыс жылдары Қазақстанға эвакуацияланған әртүрлі ұлттың тағдыры мен бір ауылдың айналасында өткен оқиғалар тізбегін рет-ретімен түзіп шығады. Бір кездері «халықтар достығы» аталған, қазір «ұлтаралық татулық» деп дәріптеліп жүрген қазақ даласындағы 130-ға жуық ұлттың қиын күндерде қазақ даласына қалай келгені, елдің қалай қабылдағаны, балалармен балаларының тіл табысуы төңірегіндегі қызғылықты жайттар оқыған жанды жүр-жүрлеп бағады. Бір қарағанда бұл – сол күндерде қаны жерге тамбай тұрған науқандық тақырыптардың бірі. Бірақ Бердіқұлов бұл тақырыпқа бейкүнә кейіпте, еш жасандылықсыз келеді. Ара-тұра сатиралық (рас, Оспанхан есіңе түседі) тіл қолданыстарын төгіп-төгіп жіберетін жазушы өзгені ғана емес, өзін де шағып алады. Айталық, ауып келген Аркаша деген бала екеуінің арасындағы достық. Аркаша өзі арық бала, әлжуаз. Қиырдан арып-ашып келген соң солай болады да (жазушы әлжуаздықтың бұл себебін айтпайды, өзіңіз ойлап үлгересіз. «Сөз арасын оқу» дейтін еді ғой). Аркашамен Кәлен деген бала күреспек. Кімнің жеңетіні түсінікті, Аркаша бас тартады. Осы кезде лирикалық кейіпкер (Қуат) суырылып шығып, өзі күреспек болады. Аркашаға ара түскен түрі. Ақыры ауыл балалары жиылып келіп бұл екеуін сабап кетеді.

«Кәлен келесі күні де, келесі жұмада да сөйлеспей жүрді.

«Сен екеуміздің руымыз бір. Сүйекке таңба салдың. Қайдағы бір қаңғып келген кәпірдің жоғын жоқтап…» – дейді. Ол Қаленнің өзінің сөзі емес. Үйіндегілердің үйреткені. Әйтсе де «сүйекке таңба салғаным рас та болар» деп қатты қиналып та жүрдім».

Елдің бірауыздан жылы қабылдағанын Мария Эдуардовнаның көк дәптері арқылы жеткізетін жазушы ара-тұра басбұзарлардың да болғанын бейкүнә кейіпте жеңіл ғана игереді. Сөз жоқ, неміс келіншек – жақсы адам. Өзін құшақ жайып қарсы алғандардың арасындағы пендешілік танытқандар жайлы тіс жармайды. Айтса да білінер-білінбес, тігісін жатқызып, емеурінмен ғана… Ал былайғы оқиғаларды бала Сейдахмет (Қуат) өзінің есте қалғандарымен түйіндеп отырады. Қиын-қыстау заманда бүтін нанды бөліп, жарты нанды жарып жеген деп жақауратып бағатын ұлтаралық татулық туралы аз өзеуреген жоқпыз ғой, бірақ дәл сол күндердің панорамасын беруде бұл повестің жөні бөлек. Ауылсоветтің шешімімен қаптың түбін қағып, қолы дірілдеп ұн алып шығатын шешесінің қиналысы – ауып келген өзге ұлттардың қазақ ауылына аз қиындық туғызбағанын көрсетеді. Өзі де аш отырған ел «ендігі күніміз не болады?» деп аз тұлданбапты.

Балалық кезеңнен өтіп, бозбала шаққа жеткен Бердіқұловтың бейнесін жаңа айтқан «Жүрек ұйықтауды білмейді» повесінен көреміз. Қолымызға алғаш кітабын алған кезде «пәлі» дегізген де осы шығарма еді. Кейіпкерлерін жеке-жеке тақырыптарға бөліп, алдымен қарапайым тәсілмен-ақ таныстырып шығады (Бердіқұлов жалпы шығармашылығында күрделі желі түзбейді). Қай баланы таныстырса да, ар жағында жазушының бала күндегі бейнесі менмұндалайды да тұрады.

Бала психологиясын ашу аса қиын шаруа деп жатамыз ғой. Сейдахмет балалар әдебиетіне арнап шығарма жазған жоқ, бірақ ол жазған шығармалардың ішінде кездесетін қай бала да өте сенімді бейнеленеді. Саурық деген баланың ішкі монологын ғана мысал етейікші: «Аңырақай, қандай жер екенсің сен? Балаларың қандай десеңші сенің. Менің Жүкі әжемнің үйіндегі күшіктен қорқып-ақ, талай оқтау әкелуге жарамаған жайым бар. Ал олар қасқырдың өзін тұмсыққа бір-ақ соғады. Қолдары қасқырдың тістері орып түссе де қанамайтын болар олардың». Тым әсершіл, аңғал баланың ұйқы алдындағы қиялы оқырманның ойын да бала кезге қарай жүр-жүрлейді. Елдің баласының мықты екенін айтқан сайын, өзіңнің кемшіліктерің баттиып-баттиып көз алдыңа келетін бала кездегі бір сәттер көз алдыңа келеді. Осындай тәп-тәтті естеліктер-ақ жазушы әлеміне ертерек ден қоймағаныңа өкіндіреді.

Алғашқыда стиль деген – жазу, сөйлем құрау деп ойладық. Сөйтсек, стиль – алдымен ойлау жүйесі екен. Әдебиеттанушылар көркем ойлау жүйесі дейді. Дүниені түйсіну, өмірді тану, адамдарды, оқиғаларды таңдау да осы стильдің бір тармағы екен. Жалпы, стиль – шығармашылықтағы жазушының танымы десек көп қателеспейміз. Сейдахмет дүниетанымы да ә дегенде өзіне онша тарта қоймайтындай көрінеді. Тым қарапайым тартылған желі, сапырылысып, еркін жатқан сюжет, кейіпкерлердің тосын сөз саптастары, автордың өзінің де кейіпкер ретінде шығармаға жиі килігіп отыруы – оның шығармаларын тым жұпыны көрсетеді. Бірақ мұның бәрі алғашқы алдамшы әсер. Достоевский туралы Хэмингуей айтатын «нашар тілмен жақсы шығарма жазуға болады екен ғой» дейтін тоқтамның да ар жағы осы стиль мәселесіне келіп тіреледі. Тосындау сөз саптайтын жазушыны ә дегенде жатырқайтының рас, бірақ көп өтпей әлгіндей кемшілік болып көрінген дүниелер өз-өзінен ғайып болады да, шығармадағы өмір ғана қалады. Бұл – оқиғаның тартымдылығы ғана емес, оқырманның жазушыны игеруі. Оқырман жазушыға бейімделуі. Яғни уақыт өте келе жазушының ойлау жүйесін қабылдай бастайсың. Мәселен, Жұмабай Шаштайұлының «Аяз би» романы туралы оқығандардың бәрі дерлік алғашқы 30-50 бетін қиналып оқығандарын айтады. Сөйлемдер шашыраңқы, басы аяғына шығып жатқан бір дүние сияқты көрінеді. Бірақ мұндағы басты мәселе – сөйлемде емес, жазушының күрделі ойлау жүйесінде. Оқырманның миы біраз жол жүрген соң стильді меңгеріп алады да, ары қарай қиналыссыз қабылдайды. Ел айтқандай, сөзі шынымен шашыраңқы болса, тілі соншалық тұрпайы болса, 50 бет тұрмақ, 500 бет оқысаң да қинай беретіні сөзсіз. Сейдахмет шығармашылығын да осы мәселеден алыс жатыр дей алмас едік. Олай болатыны – әу баста ұқыпты, тартымды көрінген тіл көп өтпей адастыра бастайды. Жазушының ойынан адасып қала бересің. Оның үстіне көп кейіпкерлер жоғалып кетіп отырады. Тағы біреулері пайда бола салады. Жазушының өзі де кейіпкер ретінде жиі килігеді. Оқиға жеткізетін ойды, кейіпкер білдіретін тұспалды жазушының өзі айтып салып қарап отырады. Бұл алғашында оқырманға кемшілік болып көрінеді. Жазушыға етіңіз үйренген соң барып қана оның негізгі мақсаты – жұмбақтап, астарлап, күрделі желі тарту емес, тура өзі жазып отырғандай, еркіндік екенін түсіне бастайсың. Шығармадағы басты ерекшелік те – ойпыр-ай дерлік күтпеген шешім емес, ондағы адамдардың мінез-құлқы мен өзінше тағдырлары. Тағдыр дегенде де, онда қаһарман деп атап, әдебиетке әкелген жаңалық дей қоярдай алып образдар жоқ. Тіпті спортшылар өмірінен жазған шығармаларында да оларды ғаламат қаһарманға айналдырмайды. Онда алдымен дерек сөйлейді. Жазушы кейіпкерлерінің ішіне зорлап кіріп алмайды. Көп жағдайда сырттай бақылайды. Сол себепті де бұрмалау, әсірелеу жоқ. Бұл, өз кезегінде, оның жазуын аздап жұтаң көрсетуі мүмкін. Бірақ мұның бәрі, жаңа айтқанымыздай, уақытша көңіл күй.

Ол дүниені дәлдікпен, дерекпен қабылдайды. Одан өзге әсірелеу оған жат. Ол көп жағдайда сапарда жүрген журналистің көзімен қарайды. Әр оқиғаға, әр адамға алғаш көргендегі әсерімен баға береді. Қимылын, қылығын, сөзін өзіне тән сенімділікпен жай ғана суреттей береді. Журналистік іссапарға құрылған «Егеулі найза» повесі ғана емес, өзге жағдайдан бастау алатын «Нар тәуекел», «Ол орамал жоғалмайды», «Жүрек ұйықтауды білмейді» сияқты шығармалары да бір бойына бірнеше оқиға мен тағдырды өгейсітпей сыйдырып тұрған повестер. Бір қарағанда әрқайсысын бөлек-бөлек алып қоя салсаң, бір-бір әңгіме шығатындай көрінетін оқиғалар тізбегі, расында, бір-бірін онша жоқтатпайтын да сияқты. Мәселен, «Егеулі найзадағы» жас журналист Қуат Сейітовтің бір сапарында алдынан шығатын адамдардың әрқайсысына қатысты оқиғалар бір-біріне онша тәуелді емес. Бірақ ондағы әр оқиғаны байлап ұстап тұрған – уақыт. Өз заманының панорамасын қапысыз жазып кеткен жазушы қайда барса да, алдынан шығатын типтер мен образдардың ұқсастығы мен айырмашылығын ашып беруге тырысады. Бір колхоз директоры мен екінші колхоз директорының бұны қалай қабылдағаны, аудан председателінің өзін ұстауы, және қай ауылға соқса да, «ертең газетке шықсақ атымызды ел біледі» деп, бұның жоғын барын салып іздейтіні, табылмай бара жатқан соң ақырындап жалығатыны, сөйтіп, бірте-бірте суынатыны… Бәрі ұқсас типтер болғанымен, жазушының қапысыз баққаны – солардың әрқайсысының өзіндік дүниетанымдары мен ішкі әлемі. Мінездердің бір сәттік жарқылдарын қапысыз жеткізуге барын салады. Ол сомдаған ауыл шалдарының асау, бірбеткей образдары сүйсіндіреді. Ал былайғы кезде кездесетін кейіпкерлердің бәрі – тас қопарып, тау бұзбаған шағын ғана адамдар. Сонысына қарамастан, өзіндік тағдыры, өткен тарихы бар кейіпкерлер тым зорайып кетпесе де, соншалық кішірейіп те қалмайды.

Өз табиғатын қапысыз таныған жан өзінде жоқты бар қылып көрсетуге тыраштанбаса керек. Бұл жайлы бір әңгімесінде жазушының өзі де айтады. Меніңше, жазушы өзінің көркемдік деңгейін сөзсіз білген. Сол үшін де тым ділмарсып әуре болмағандай көрінеді. Рас, кейде осыны ары қарай неге жетілдірмеді екен деген детальдар, ойлар жүреді.

Қай заманда, қай жазушы жазған шығарма болсын кейіпкерлерін жасандылау сөйлетіп қоятын тұстарын аз кездестірмейсің. Ал Бердіқұлов бұл жағынан өкпе айтқызбайды. Елдің ішін көп қыдырған, елдің аузын көп баққан жазушы бала күнінде шалдардың әңгімесін қанып ішкен бе дейсің. Қай кейіпкері сөйлесе де, жеріне жеткізіп, еркін көсіледі. Оның шығармашылығындағы негізгі ойды айтатын да, негізгі жүкті көтеретін де –  кейіпкерлері. Әсіресе ол кейіптеген шалдардың бойынан, сөзінен бір жасандылық тапсаңшы! Мұны жазушының өзі де біледі, содан да сондай шалдарды көп сөйлетуге тырысады. Әйтпесе деректі деп атауға толықтай сай келетін шығармашылығында жазушы көп жағдайда журналистік сарынмен жазады. Сөйте тұра әлгіндей шалдар шерткен кеп әңгіме ішіндегі әңгіме ретінде ерекше оқылады. Әлдебір кейіпкері әңгімесін бастап ала жөнелгенде журналиске тән бір белгі тапсаңыз қане. Соған қарап Сейдахметтің жазушылық қабілетін жеріне жеткізіп пайдаланбағанына тағы да ден қоя түсесің.

Алматыға жақын болғасын ауылына жиі барып тұратын жазушының көп қызықтайтын бір адамдары болған сияқты. Барған сайын соларды сөйлетуге, солардың әңгімесін тыңдауға арнайы уақыт бөлгенін аңдап қаласыз. Өзі іштей иемденіп алған кейіпкерлермен әр кездескен сайын дайын тұрған көркем образдардың өз қаламына ілінбей бара жатқанына налыған да шығар.

Көз алдыңа «проза жазбай кеттім-ау» деп, ауылынан көңілсіздеу қайтып келе жатқан жазушы келеді…

Фото:today.kz

 

 

 

 

Алматы қаласы туралы жаңалық оқу

Comments are closed.