Тәжікстан президенті Эмомали Рахмон Орталық Азия елдерінде су тапшылығы байқала бастағанын мәлімдеді. Азаттықтың Тәжік редакциясының хабарлауынша, Рахмон Душанбеде өтіп жатқан су мәселелері жөніндегі халықаралық конференцияда аймақта маусымдық жауын-шашынның аз түсуінен құрғақшылық бола бастағанын айтты.

«Маусымдық жауын-шашынның аздығынан өзен суларының көлемі жылдық орташа көрсеткіштен әлдеқайда азайды, ал мамандар суғару маусымында өзен суларының көлемі тиісті норманың 60-70 пайызына ғана жетеді деп болжайды» деді Тәжікстан президенті.

Оның сөзінше, Орталық Азия елдері аймақтағы мұндай мәселелерді ынтымақтаса отырып және тығыз байланыс орнату арқылы шешуі керек.

Эмомали Рахмон сонымен қатар соңғы жылдары ғаламдық климаттың жылынуы Орталық Азия елдері мен Тәжікстанның табиғатына және әлеуметтік-экономикалық жағдайына да әсер еткенін айтты.

«Соңғы 60 жылда Тәжікстанда жылдық орташа температура бір градусқа жоғарылады, стихиялық гидрометеорологиялық құбылыстар да жиі және қарқынды жүре бастады. Соңғы бірнеше ондаған жылда Тәжікстанда 1 мыңға жуық шағын және орташа мұздық еріп кетті» деді Эмомали Рахмон.

Тәжікстан үкіметінің бастамасымен және БҰұ қолдауымен өтіп жатқан өтіп жатқан конференция 22 маусымға дейін болады. Конференцияға 110 мемлекет пен халықаралық ұйымдардың өкілдері қатысып жатыр.

Дереккөз:Азаттық радиосы

Алматы қаласы туралы жаңалық оқу

Comments are closed.