Қазақстанда темекі өнімдері акциздерінің бағасын көтеру жоспарланып отыр. Сонда бір қорап шылымның бағасы орта есеппен алғанда 650 теңге болмақ. Оған қоса, денсаулық сақтау министрлігі темекі құмарлармен күресу мақсатында дүкендер дәл осы тауар түрлері сатылатын сөрені пердемен жауып қоюды ұсынуда. Бұл жайында Дүниежүзілік банк өкілдерімен денсаулық сақтау министрлігінде өткізілген жиында белгілі болды.

Негізі, темекі өнімдерін ашық саудалауға қатысты тыйым 2014 жылы Ресейде қабылданған темекіге қарсы заңды қайталап отырғаны анық. Онда темекі өнімдері сатылатын сөрені пердемен жауып, тұтынушыларға әліпбиге сай түзілген темекі маркалары мен бағалары жазылған тақтаны ұсыну айтылған еді. Ресей билігі бұл заңға пысқырмағандардың басынан сипай қоймады. Нәтижесінде көрші елде жыл сайын темекі өнімдерінің саудасы 8 пайызға төмендепті.

Осыған орай, денсаулық сақтау министрлігі де темекі саудасына қатысты ұсыныстарын жыл соңына дейін мәжілістің қарауына ұсынбақ. Ал әзірге елімізде шылымқұмарлармен күрестің негізгі түрі ретінде темекі өнімдерінің бағасын қымбаттату ғана мүмкін болып тұр. 2013 жылдан бері Қазақстандағы темекі өнімдері нарығындағы бағаның 31-ден 60 теңгеге көтерілуі ересектер арасындағы шылымқұмарлықты 8 пайызға дейін төмендетіп, мемлекеттік бюджетке түсетін салық көлемін үш есеге арттыруға мүмкіндік берді.

Егер Қазақстан мен Ресейдің сауда нүктелеріндегі темекі өнімдерінің сатылу бағасына назар аударатын болсақ, онда шылым құнының көрші мемлекетте бізден 30 пайызға қымбат екенін байқауға болады. Демек, отандық темекі өнімдері нарығындағы бағаны ресейліктермен теңестірсек, бір қорап шылымның бағасы 400-ден 650 теңгеге өседі.  Денсаулық сақтау саласындағы тиісті ведомствоның есебінше, бұл шара еліміздегі темекі құмарлардың жалпы санын 17,8 пайызға дейін қысқартуға мүмкіндік бермек. Оған қоса, шарықтаған баға есебінен қазына қаржысы 261 миллиард теңгеге молаяды.

Дүниежүзілік банк өкілдері де темекі шегушілермен күресті одан ары қарай жалғастырып, шылым бағасын еуропалық деңгейге жеткізуді ұсынады. Елімізде соңғы жылдары темекіге қарсы күрес жүйелі түрде жүргізіліп келеді. Темекі бағасын өсіру де сол істің жалғасы екені анық.

 

 

Алматы қаласы туралы жаңалық оқу

Comments are closed.