Жыл сайын 15 маусымда басталып кететін суға түсу маусымы Атырау облысында биыл ресми түрде әлі жарияланған жоқ. «Біз облыстық төтенше жағдай жөніндегі департаментке мамыр айында нұсқаулық бергенбіз. Мүмкін, алдағы сенбіде маусым ашылып қалар» дейді Атырау қаласы әкімінің орынбасары Мейірім ҚАЛАУИ «Жас алаш» тілшісіне телефон арқылы берген сұхбатында. Алайда, департаментке аяқтай барып, мамандарынан «қала басшылығының шешім шығармай тұрғаны» жөнінде естідік.

Жұртшылық суға түсу маусымының нақтылануын күтіп отырған жоқ. Күннің ыстығында Атырау қаласының Тұрғын үй қалашығы және Дене-сауықтыру кешенінің маңындағы жағажайлар суға түсушілерге лық толы.

«Қалада осы аталған екі жерден басқа Мечников портының жанында да жағажай бар. Бірақ, оны былтыр жалға алған иесі ештеңе істеп отырған жоқ. Сондықтан, бұл жағажай «жабайы» саналады. Бұл үш жағажайдың үшеуін де былтыр тендерден өткен кәсіпкерлер бес жылға жалға алды. Егер олар бірнеше жыл қатарынан қойылған талаптарды орындамаса, ескерту жасалып, келісім-шарт қайта қаралады. Ал Балықшы ықшамауданынан, Мұнайшы поселкесінен және Мәметова көшесінің жанынан ашылуы тиіс жағажайларға жылдың басынан бері тендер жарияланып келе жатыр, маусымдық бизнес болғасын ба, басқалай себебі бар ма — қатысуға ынта білдіргендер жоқ»,дейді Атырау қалалық қаржы бөлімі коммуналдық меншік секторының бас маманы Гүлшара ЖАРЫЛҒАПОВА.

Суға түсушілердің қауіпсіздігін қамтамасыз ететін Батыс өңірлік аэроұтқыр жедел құтқару жасағы мемлекеттік мекемесі де суға түсу маусымының ресми басталуын күтіп отырғанын білдік. Мекеме күн сайын заңды жағажайларда рейдтер жүргізеді, бірақ, күшейтілген режимге маусым жария етілгеннен кейін ғана көше алады. Су астын сүзіп шығып, тазалау жұмысы да сол кезде қолға алынады екен. Жасақта 63 құтқарушы бар, оның 33-і – сүңгуірлер.

Облыс аудандарында судан құтқарушылар жұмыс жасағанмен, заңды тіркелген бір де бір жағажай жоқ! Барлық аудандарда тұрғындар «жабайы» жағажайларға шомылады. Биыл жаз басталғалы Махамбет ауданынан 2003 және 2011 жылғы екі бала суға кетті, олардың денесі әлі іздестіріліп жатыр. Маусымның 20-сы күні Жылыой ауданынан жанындағы кісіні құтқарам деп суға кеткен 2001 жылғы баланың денесі табылды.

Фото автордікі.

Алматы қаласы туралы жаңалық оқу

Comments are closed.