facebook.com әлеуметтік желісінде Талдықорғандағы уақытша тергеу абақтысында Қытайдан қашып келген қандасымыз Сайрагүл САУЫТБАЙДЫҢ хаты тарай бастады. Әлеуметтік желі қолданушыларының бірі Сәуле ӘБІЛДАХАНҚЫЗЫ өз парақшасына түрмеден жолданған жасқа толы хатты жариялапты.

АТА ЖҰРТ ЕРІКТІЛЕР ұйымына!
Мен сіздерден көмек сұраймын. Менің заңсыз шекарадан өткендігім баршаңызға аян. Менің бұл əрекетім — тек отбасыммен бірге болу үшін. Шын мəнінде маған жаны ашып тұрған адам жоқ мұнда. Əр тергеу амалдары аяқтап, енді сотқа жіберіледі дейді.
Қытайдағы қазақтардың қазіргі жағдайы баршаңызға белгілі. Менің басты мақсатым— отбасыммен бірге болып, атажұртымда бейбіт өмір сүру екенін білесіздер. Бірақ қазіргі жағдайдан қарағанда мені қытайға қайта беріп жіберудің мүмкіншілігі басым болып тұр. Түрмеде мүмкіндік өте шектеулі. Мен жəне менің ісім үлкен бақылауда, əр қимылым терең зерттелуде. Менің орыс тілін білмейтінім жəне жергілікті заңды білмейтінімді əбден пайдалануда. Артымнан іздеп келетін тағы жоқ. Өзімді ең керексіз, ең жаман тастанды зат секілді сезініп отырмын. Кімнен, қайдан көмек сұрарымды білмеймін. Түрмеден жіберілетін хаттардың дəл орнына баруына күмəнім бар жəне менің арыздарымды белгіленген жерге жеткізу турасында арнайы бұйрық берілгендей. Сондағы мақсат менің өзімді өшіру. Əрине мен көптің бірімін. Менің бір үмітім сіздерде !
Көпшілікке менің жазған хаттарымды жеткізіп, маған қолдау көрсетулеріңізді сұраймын!!!
Егер балаларым болмаса мені бұл өмірде ештеңе ұстап тұрған жоқ. Шектеудің не екенін , қыспаққа алынғанының қандай екенін əбден көріп жатырмын. Ол күйінішті сөзбен жеткізу тіпті мүмкін емес.
Елім, жерім, балаларым деп келгенде мұндай қатыгездікке тап боламын деп мүлдем ойлаған емеспін. Менің жан айқайымды еститін адам болса, қолұшын созуларыңызды сұраймын!
Ал болмаған жағдайда соқыр, мылқау күйде өміріммен хош айтысудан басқа амалым қалған жоқ. Бостандықта жүрген адамдар азаматтық ала-алмай түсіп жүргенде түрмеде отырып, менің қысқа қолыма азаматтық қайдан тимекші?! Тек бір Алладан үмітімді үзбей келемін.
Бостандықта жүрген сіздер жанашырлық танытпасаңыздар басқа жерден көмек болуы мүмкін емес. Менімен байланыста отыратын бір амал табу керек. Талдықорған қаласында сөзімді бір адам болу керек. Менің жазған арыздарымды көпшілікке жеткізу үшін осы хатым сіздерге жеткен кезде бар мəселені дұрыс жағынан түсініп, маған қолдау көрсетеді деген сезімдемін. Қолдауларыңызға əбден мұқтажбын!!!
Бұл хат Серікжан Білəшұлына жетсе екен деп тілеймін.

Құрметпен: Сайрагүл Сауытбай.
20-маусым, 2018
ж.

Сайрагүл САУЫТБАЙДЫҢ күйеуі Уәли СЫЛАМ екі баласымен бірге 2016 жылы Қазақстанға оралған. Алты айдың ішінде азаматтық алған. Алайда әйелі Сайрагүл  Сауытбай Қытайда балабақша директоры болып қызмет еткендіктен, атажұртқа орала алмай, бір отбасы екіге бөлінген. Сайрагүлдің төлқұжатын жергілікті сақшылар тартып алғандықтан, Қытайдан шығу тіпті қиындаған. Қытайдағы қуғындаудан отбасымнан айрылысып қалам деп қорыққан Сайрагүл Сауытбай биылғы жылдың 5-сәуірінде төлқұжатының жоқтығына қарамастан амалын тауып, Қытайдан Қазақстанға өтіп, Алматы облысы, Еңбекшіқазақ ауданы, Бәйдібек ауылында тұратын отбасымен қауышқан. Шекараны кесіп өткен уақытта С.Сауытбайдың қолында тек Қытай азаматының жеке куәлігі ғана болған. Сондықтан С.Сауытбайдың Қазақстан аумағына қалай, кімнің көмегімен кіргені белгісіз. Бір белгілісі, ол екі елдің арасындағы еркін сауда аумағы арқылы келген. Уәли Сыламның айтуынша, мамырдың 22-сі күні ҰҚК-ның шекара қызметінің өкілдері С.Сауытбайды үйінен әкеткен.

Фото: sputniknews.kz

Алматы қаласы туралы жаңалық оқу

Comments are closed.