Келесі президент сайлауы Назарбаевсыз өте ме?

4371
Сейсенбі күні ғана BBC арнасының HardTalk бағдарламасына сұхбат беріп, «президент Нұрсұлтан Назарбаев 2020 жылы өтетін президент сайлауына түседі дегенге өз басым сенбеймін. 2020 жылғы сайлауға жаңа кандидаттар түседі» деген сенат спикері Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ бүгін «Бұл сөздер сұхбаттан жұлынып алынған» , – деп айды аспанға бір-ақ шығарды.

Тоқаевтың сұхбаты

HardTalk бағдарламасына сұхбат берген Қ.Тоқаевқа Қазақстандағы саяси жүйеден жан-жақты хабардар журналист Стивен САКУР  елдегі «демократия» жөнінде өткір сұрақтар қойып, біраз тақаған болатын. Осы сұхбатында Қазақстанда демократия бар екенін барынша дәлелдеуге тырысқан Тоқаев пен Қазақстандағы саяси жүйенің Совет одағынан бері өзгере қоймағанын алға тартқан BBC журналисі арасындағы әңгіме айналып келгенде, елді 27 жыл бойы басқарып отырған, сайлауда 97,8 пайыз дауыспен жеңіске жеткен Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВҚА ойысады.

BBC тілшісі «Назарбаевтың жөні бөлек дедіңіз. Солайы солай шығар. Ол – өзіңіз айтқандай, ұлттың көшбасшысы. Бірақ бұл Қазақстанды бір мезгілде мықты ететін де, осал ететін де жайт емес пе? Өйткені Назарбаев биліктен кеткеннен кейін не істеу керектігін шешу керек. Ал биліктің қалай ауысатыны белгісіз. Билік ауысатын кезең жеткенде не болатынын білесіз бе?» – деп, әңгіме басын ұзақ жылдар бойы билікте отырған Назарбаевқа бұрады. Бұған Тоқаев әуелі Назарбаевтың 2020 жылға дейін сайланғанын ескертеді. «Ол қайта сайлауға түсе ме, оны өзі шешеді», – дейді ол. «Егер жаңылмасам, ол кезде Назарбаев 80 жаста болады емес пе?» – деген Стивен Сакурдың таңданысына Тоқаев: «Иә, Малайзияда Махатхир Мохаммед 92 жасында үкімет басқаруға келді ғой», – дейді. «Бұл қызық пікір екен. Конституция бойынша ұлт көшбасшысы сансыз мәрте сайлауға түсе алатынын білемін», – деп тақырыпты жалғай түскен Стивен Сакурға Тоқаев бүй дейді: «Шынын айтқанда, өз басым Назарбаев 2020 жылы өтетін президенттік сайлауға түседі дегенге сенбеймін. Ол дана және парасатты адам. Әрине, бұл президенттің өзіне байланысты. Меніңше, 2020 жылғы президенттік сайлауға басқа үміткерлер түседі». «Қазақстан билігіндегі екінші адамсыз, тәжірибелі саясаткерсіз. Өзіңіз сайлауға түсесіз бе?» – деген сұраққа Тоқаев: «Олай деп айта алмаймын. Бұл көп жағдайға байланысты. Бірақ айтарым, Назарбаев биліктен кетсе де, ішкі және сыртқы саясатқа ықпал ететін адам болып қала бермек. Алда әлі де уақыт бар. Бастысы, тұрақтылық», – дейді.

«Менің сұрағым емес»

Десек те бүгін Тоқаев президент келесі сайлауға түспейді деген сөзі сұхбаттан жұлынып алғанын айтыпты. Сенат дәлізінде «Келесі сайлауға жаңа кандидаттар түсуі мүмкін дедіңіз, Қазақстанда Назарбаевты алмастыра алатын лайықты адам бар ма?» деген сұраққа Тоқаев бүй деген: «Бұл менің сұрағым емес. Бұл мүлдем басқа сұрақ. Мен өз сөзіме жауап беремін. Мен Қазақстанда халықаралық аренада беделі жоғары президент барын айттым. Оны халықтың түгелге дерлігі қолдайды. Сондықтан меніңше, сұхбатта айтылғандардан драма жасаудың қажеті жоқ. «HardTalk-қа сұхбат беру оңай емес, дегенмен сұхбат беруді жөн деп таптым. Өйткені елде демократия мен экономика дамуы үшін не істеліп жатыр, Батыс бізді түсінуі үшін сол жөнінде айтуымыз керек. Ең алдымен президент Н.Назарбаев дана, парасатты, ақылды адам, ұлы көшбасшы екенін, шешімді өзі қабылдайтынын айттым, бұл сұхбаттан жұлынып алынды».

Президент төңірегіндегі екі топ

Тоқаевтың сұхбатын сан-саққа жүгіртіп жатқан сарапшылар сенат спикері «президент келесі сайлауға түспейді» деген сөзді Ақорданың мақұлдауынсыз айтпас еді, бұл Ақордамен алдын ала келісіп барып айтылған сөз деп есептейді.

«Әрине, бұл Ақордамен келісілген мәлімдеме. Осылайша қоғам мен сыртқы саясаттағы серіктестерді Қазақстанда белгілі бір уақытта президент билігінің транзиті болады дегенге дайындап жатыр», – дейді саясаттанушы, «Альтернатива» қоғамдық зерттеулер орталығының жетекшісі Андрей ЧЕБОТАРЕВ. Саясаттанушының ойынша, қазіргі кезде президент айналасында екі топ бар. Бірі Н.Назарбаев Қазақстанды өмір бойы басқаруы тиіс десе, екіншісі президент көзі тірісінде билікті өткізіп беруі керек деп есептейді. «Бірінші топ үшін президенттің елді өмірбақи басқарғаны тиімді.  Себебі ештеңеден қорықпай, емін-еркін өмір сүріп, материалдық мәселелерін реттеп жүре бермек. Алайда жоғары лауазымдылардың тағы бір тобы президент билікті сол топтан шыққан біреуге немесе басқа бір ыңғайлы тұлғаға беріп кетсе деп дәмеленеді. Өйткені билік транзиті бейбіт жолмен өтсе, ойын ережесі мен кво-статусы сақталады деп үміттенеді. Сөйтіп, бірінші топ қазіргі рақат өмірін барынша соза түскісі келеді, ал екінші топ келесі президент тұсында да қолындағысын сақтап қалуды көздейді. Бұл ретте Тоқаевтың сенсациялық мәлімдемесі екінші топқа майдай жағады. Енді алғашқы топтың жауабын күту керек. Бірінші топтың өкілдері енді қоғамға «бейжай қарамайтын» қатардағы өзге азаматтар мен ұжымдарды ойынға қосып, президентті келесі мерзімге қалуға үгіттейтін мәлімдемелер, хаттар ұйымдастыруы мүмкін. Президентті осы топтардың қайсысы көндіре алатыны әзірге белгісіз».

Президенттің елді өмір бойы басқарғанын қалайтын топ демекші, ақпарат және коммуникация министрі Дәурен АБАЕВ 2020 жылғы сайлауға президент Н.Назарбаев түскен жағдайда бұдан барша қазақстандықтар ұтады деген пікір білдірді.

З.ЖЫЛҚЫБЕК.

ФОТО: twitter.com/tokayevkz, bbc.co.uk, sayasat.org.

МАТЕРИАЛДЫ РЕДАКЦИЯНЫҢ РҰҚСАТЫНСЫЗ КӨШІРІП БАСУҒА БОЛМАЙДЫ.

3 ПІКІРЛЕР

Comments are closed.