Керекуде бензин тиелген цистерна отқа оранып, екі өрт сөндіру қызметкерін күйік шалды.

Төтенше оқиға қала сыртында орналасқан жүк көліктеріне арналған автотұрақтардың бірінде 21-ші маусым күні болған. Өрт алдымен КамАЗ көлігінен бастау алған. Яғни, онда тұрған пластмасса ыдыстарға құйылған бензин сол машинаны жөндеу кезінде тұтанған екен. Кейін сол маңдағы 16 тонналық жанар-жағармай тиелген цистернаға ұласыпты. Төтенше оқиғадан зардап шеккен 26 жастағы Дидар Рустемовтың айтуынша, ол оқиға орнына әріптестерімен жеткен. Қызыл жалынмен арпалысқан олар өрттің сол жердегі өзге көліктерге көшпеуі үшін қолдан келгенді жасапты. Алайда, тілсіз жау күтпеген жерде қайта тұтанып, өрт сөндірушілердің өзін құтқаруға тура келген. Енді есін жиған маманның өзі аман қалғанына шүкірлік етуде.

Өрт сөндірушілердің өздері өртеніп кете жаздаған
Дидар Рүстемов және медициналық қызметкер

-Лапылдаған өртті сөндіріп, цистернаға мініп, оны суытуды жөн санадық. Бірақ, кенет өрт қайта тұтанып, 2-3 минут ішінде күшейіп кетті. Секіруге тура келді. Әріптестерім көмектеспесе, жағдай басқаша аяқталар еді. Құдай сақтап, аман қалдым,- дейді зардап шеккен өрт сөндіруші Дидар РУСТЕМОВ.

Бет-жүзі мен қолы күйген өрт сөндіруші сержанты қазір Павлодар қалалық №1 ауруханасының күйік бөлімінде жатыр. Дәрігерлер болса, оның жағдайы әріптесіне қарағанда тәуірлеу деп отыр. 

-Беті мен екі қолын күйік шалған. Бөлімшеде арнайы ем-дом қабылдап жатыр. Қолының күюіне байланысты медбикелер тамақтандыруда.Жағдайы орташа тұрақты,-дейді Павлодар қалалық №1 ауруханасының дәрігері Марат ҚАНЖЫҒАЛЫ.

Ал облыстық Төтенше жағдайлар департаменті мамандарының айтуынша, жалын жалпы аумағы 45 шарты метр аумақты шарпып үлгерген. Отпен бір жарым сағат арпалысқан олар оқиға орнында қауіпсіздік ережесі сақталмаған деп отыр.

-Алдын ала болжамдарға қарағанда жөндеу жұмыстары өткізу кезінде техникалық қауіпсіздік сақталмаған.Жану кезінде камаздың үстінде пластикалық бөтелкелер болды және қасында цистернаның жануы болды.Пластикалық бөтелкелерді енді жанар-жағармай тасымалдауға тыйым салынған,-дейді Павлодар облысы ТЖД бөлімінің басшысы Қазбек БИСЕКЕЕВ.

Тілсіз жаудың нақты себебі алдағы күндері анықтаулы тиіс. Жергілікті ақ халаттылар болса, өрттен зардап шеккен екінші өрт сөндірушінің бетінің екі пайызы күйіп, аяғы сынған дейді.Сондықтан дәрігерлер 44 жастағы Данияр ТУХТАМЕТОВҚА бүгін шұғыл ота жасады. Қазір оның жағдайын бақылап жатыр.

Өрт сөндірушілердің өздері өртеніп кете жаздаған

Ал отқа оранған 16 тонналық бензин цистернасының ішінде 10 тоннаға жуық жанар-жағармай болған көрінеді. Өртенген аумақ жергілікті жауапкершілігі шектеулі серіктестіктердің біріне тиесілі. Ал қызыл жалынды ауыздықтау үшін оқиға орнына жалпы саны 70-ке жуық өрт сөндіруші мен 14 техника жұмылдырылған. Қазір бұл оқиғаға қатысты арнайы тергеу-тексеру жұмыстары басталған. Төтенше жағдайлар департаменті мамандары болса, екі өрт сөндірушіге қызметтік борышын өтеу барысында жарақат алғандары үшін арнайы өтемақы төленеді деп отыр. 

Фотолар автордікі.

МАТЕРИАЛДЫ РЕДАКЦИЯНЫҢ РҰҚСАТЫНСЫЗ КӨШІРІП БАСУҒА БОЛМАЙДЫ.

Алматы қаласы туралы жаңалық оқу

Comments are closed.