Түркияда сайлау алдында жаппай шерулер өтті

49


Түркия азаматтары бүгін мерзімінен бұрын парламент және президент сайлауына дауыс береді. Осының қарсаңында оппозициялық Республикалық халық партиясының кандидаты Мухаррем Индже Стамбул қаласында сайлаушыларымен кездесті. Ол Измир мен Анкарада жаппай қолдауға ие болғанын, ал Стамбулдағы өз жақтастарының шеруіне бес миллионға жуық адам жиналғаны туралы мәлімдеген. Оппозициялық Cumhuriyet басылымы «Стамбул полициясы шеруге бес миллионға жуық адам қатысқанын растады» деп хабарлады.

Жақтастары алдында сөйлеген сөзінде Мухаррем Индже егер Түркия президенті болып сайланатын болса «ел азаматтарын кемсітуді және мемлекет қаржысын орынсыз жұмсауды тоқтатуға» уәде берді.

Инджемен бірге оның бәсекелесі, Түркияның қазіргі президенті Режеп Ердоған да Стамбулда өзін қолдайтын сайлаушылар алдында сөйледі. Ердоған соңғы 15 жыл бойы жоғары билікте отыр: әуелі премьер-министр болған ол 2014 жылдан бері президент қызметін атқарып келеді.

Түркияда парламент пен президент сайлаулары өз мерзімінен бір жарым жылға ерте өткелі отыр. Президент Ердоған биыл сәуірде елде кезектен тыс президент және парламент сайлауы өтетінін жариялаған. 

Осы жолы президент сайлауында жеңіске жеткен тұлға елдегі ең құзыреті күшті президентке айналмақ — үкіметті де басқарады, парламентті де таратып жібере алады. Өткен жылы Ердоғанның ұсынысы бойынша Конституцияға президенттің өкілетін күшейтетін өзгерістер енгізуді референдум нәтижесінде аздаған басымдықпен сайлаушылар қолдаған болатын деп хабарлайды Reuters.

Дереккөз:Азаттық радиосы

3 ПІКІРЛЕР

Comments are closed.