2009 жылдың күзінде Қазақ елі құрамасының  бас бапкері қызметіне тағайындалған  Мырзағали Құланұлы 60 жылдық  тамаша дәстүрі  бар республика боксын жаңа белеске көтеруге білек сыбана кірісті. 2013 жылы қазақ жігіттері әлем чемпионатында бұрын-соңды болмаған асуға табан тіреді. Алматыдағы әлемдік біріншілікте біздің боксшылар 4 алтын, 2  күміс, 2 қола медальді еншілеп, дүниежүзі бойынша командалық есепте 1-орынды жеңіп алды. Осы жылы  Мырзағалидың командасы Иорданияда болған Азия чемпионатында 7 «алтынды» олжалаған еді.  Бұл  қазақ құрамасының Азия чемпионаттарындағы рекордтық  нәтижесі болатын.

2013 жылдың қорытындысы бойынша Мырзағали Айтжанов 196 мемлекеттің бокс федерациясын  біріктіретін АИБА-ның ұйғаруымен жұмыр жердің ең таңдаулы жаттықтырушысы мәртебесіне ие болса, Данияр Елеусінов әлемнің ең үздік боксшысы атанды.

Мырзағали баптаған құрама 2014 жылы Инчхондағы Азия ойындарында да рекордтық белеске иек артты. Бұған дейінгі бес Азия ойындарында үш алтын медальдан артық олжалап көрмеген қазақ боксшылары осы жолы алты алтын жүлдені қанжығаға байлады.  Он салмақтың алтауында қазақтар топ жарды. Азия құрлығында 40-тан астам  ел барын  ескерсек, бұл  дегеніңіз –  талай  алпауыт мемлекеттің түсіне де кірмейтін жетістік.  Осындай рекордтық жеңістің нәтижесінде және  әлемдік рейтингте Б.Жақыпов, Д.Елеусінов, Ж.Әлімханұлы, И.Дычко секілді шәкірттері жеке-дара көш бастап, бұған қоса, тағы үш-төрт спортшысы  үздік  үштікке енген Мырзағали Айтжанов 2014 жылдың соңында әлемнің ең үздік жаттықтырушысы атағына екінші мәрте ие болды. Ендеше, Қазақстан  спортының тарихында екі жыл қатарынан Жер шарының ең үздік жаттықтырушысы атанған  жалғыз маман Мырзағали Айтжанов екенін  хатқа түсіріп қойғанымыз артық болмас.

Бүгін  Мырзағалидың бас бапкер қызметіндегі көзден таса, көпшілігіміз біле бермейтін әсерлі сәттері мен жекелеген боксшыларға қатысты тәуекелге бас тіккен кездерін тілге тиек еткенді жөн көрдік.

    Серік Сәпиев.  2010 жылғы Қазақстан чемпионатында әлемнің екі дүркін чемпионы Серік Сәпиев қызылордалық Рүстем Сыбаевтан ұтылып қалды.  Содан мамандар мен басшылардың басым көпшілігі Серікті ұлттық құрамадан шығару керек деген ойға нық бекіді. «Сәпиевтің жасы келді, бабы бұрынғыдай емес, орнын жастарға босатып берсін» деген әңгімені республикалық федерация басшылары қабырғасынан қойды.  Ал Мырзағали табандап Серікті қорғады. Себебі Сәпиев өзіндік қолтаңбасы бар боксшы, бәсекенің бірінші минутынан соңғы секундына дейін қарсыластарына ес жиғызбайды. Рингте ешкімнің атағына қарамай, тізгінді берік ұстайды. Жекпе-жек үстінде айтқаныңды қағып алады, қателігін тез түзейді, тапсырманы бұлжытпай орындайды. Жаттығуда қан сорпасы шыққанша тоқтау жоқ. Алла берген табиғи күшін, қайсар мінезін  еңбекқорлықпен шыңдап, үнемі жетілумен келе жатқан өнегелі спортшы.  Сондықтан бір сәтсіздікке бола оны құрамадан шығаруға болмайды. Қысқасы, Мырзағали бір жақ, қырық кісі бір жақтың кері келді. Айтжанов жастар үлгі тұтатын көшбасшымыз осы жігіт екенін жан-жақты дәлелдеп, хатқа түсірді де, хатты федерация президенті Тимур Құлыбаевқа жеткізді. Сәтін салғанда, Тимур Асқарұлы Мырзағалиды қолдап шықты. Сөйтіп, Серік Сәпиев команда капитаны ретінде жалақысы сақталып, құрамада қалды. Біраздан бері торығып жүрген бапкері Александр Стрельниковтың қабағы ашылып, жүзіне қан ойнап шыға келді.

Араға жарты жыл салып Президент кубогы үшін сында Сәпиев Сыбаевты еркін жеңіп шықты. Сол жылы Азия ойындарының алтын тұғырына табан тіреген Серік Сәпиев 2011 жылы әлем чемпионатының күміс медалін, 2012 жылы Лондон олимпиадасының алтын жүлдесін жеңіп алды.

    Данияр Елеусінов. 2010 жылғы Азия ойындары қарсаңындағы іріктеуде Данияр дарынды боксшы Мерей Ақшаловтан ұтылып қалды. Басшылар мен мамандардың  басым көпшілігі Азия ойындарына  Ақшаловтың  барғанын жөн санады.  «Мен Даниярдың бойынан екінің біріне бұйыра бермейтін буырқанған қайратты, найзағайдай жарқылдаған отты байқадым, – дейді Мырзағали  сол күндерді көкейде қайта жаңғыртып. – Жеңілгенін мойындағысы келмейді. Ал көп жігіттер ұтылысқа мойынсұнады. Елеусінов қашан есе қайтарғанша жаны жай таппайды. Қас-қағым сәтте қиядағыны сезе қояды. Аса зерек, ойлау қабілеті шахматшыдан   кем емес. Әр қимылын  дәл есептейді. Сұмдық жылдам. Қалыпқа сыймайтын спортшы. Қысқасы, оның алысқа сілтейтінін ішкі түйсігіммен сездім».

Иә, Айтжановтың ішкі түйсігі алдаған жоқ. Данияр Елеусінов Гуанжоудағы Азия ойындарында қарсыластарының  ту-талақайын шығарды.   Төрт жекпе-жекте   оған әрі кетсе үш-төрт соққы ғана дарыған шығар. Осы жеңіспен арқаланған Елеусінов  әрі қарай сұрапыл қимылға көшті. 2013 жылы әлем чемпионы, 2014 жылы Азия ойындарының, 2016 жылы олимпиаданың жеңімпазы атанды.   Бас бапкердің дәл қажет кезде демеп жібергені қандай тамаша болған…

    Мерей Ақшалов.  Республикалық Қажымұқан спорт интернатының түлегі. Кішкентайынан білеміз. Оқуға зерек, үлгілі спортшы болды. Көргенді жерден шыққан. Интернаттағы «түбі, маңдайы жарқырап шығады-ау» деп үміт артқан санаулы баланың бірі болатын. «Мерейдің еңбекқорлығы мен қайсарлығына тәнтімін, – дейді Мырзағали. – Тәрбиесіне адам қызығады. Көзі сыр бере бастағанына қарамастан, бағы жанар сәтін сабырмен күтті. Біз де тілектес болдық. 2013 жылы Азия чемпионатында топ жарды. Осы жылы мыңдаған спортшының асыл арманы болған әлем чемпионы атағына қол жеткізді».

     Әділбек Ниязымбетов. Маңғыстаулық бозбала 2008 жылы Қазақстанның ересектер  чемпионатын жеңіп алды. Бірақ Азия чемпионатында сәтсіздікке ұшырап,  2009  жылы ұлттық құрамадан шығып қалды. Содан 2010 жылғы Қазақстан чемпионатында Данабек Сужановқа жол беріп қойды. 2011 жылы   Қазақстан халықтарының спартакиадасында  тағы да жолы болмады.  Дәл осы тұста Мырзағали Айтжанов тәуекелге бел буды. Әділбектің қарым-қабілетін ескере келе, бапкері Марат Жақиевпен кеңесіп, оны 75 келіден  81-ге ауыстырды. Себебі Ниязымбетовке  салмақ «қуған» жаға қоймайды. Ал 81 келіде еркін көсілуге тиіс. Жастығына қарамастан, ақылды жігіт. Бұл салмаққа жылдамдығы асып тұр.  Бойына соққы дарытпайтын әбжіл.   Айла-тәсілге епті.  Және осыдан екі жыл бұрын құрамадан шеттеп қалған іштегі қыжылы әлі суымаған. Сөйтіп, Айтжанов пен Жақиев тізе қоса, Ниязымбетовті  әлем чемпионатына іріктеу  жарысына қосып жіберді. Әділбек ер екен, айтулы жарыста шоқтығы биік тұрды. Осы тұстан дау шықты. Кезінде совет құрамасының бапкері болған және   басқа да мамандар: «75 келіде Қазақстанды ұтуға жарамаған спортшы  81 келіде әлем чемпионатына қалай барады?!» деп шу көтерсін. Тағы да егес, тағы да талас. Мырзағали  қасқиып тұрып алды. «Мен бұл жігітті басқа қырынан көріп тұрмын. Көресіздер,  Әділбек алысқа сілтейді. Осы әлем чемпионатында мықтылығын көрсетеді әрі олимпиада жолдамасын ұтып алады», – деді Айтжанов сеніммен.  Бокстың талай өткелегінен өткен дөкейлердің мұны тыңдағысы жоқ. Мырзағалидың  ішкі түйсігі алдамапты: Ниязымбетов 2011 жылғы әлем чемпионатының күміс жүлдесін жұлып түсті. Кеше ғана жабыла қарсы болған әріптестері Айтжановтың қолын қысты. Әділбек болса содан кейін екі бірдей олимпиаданың (2012, 2016), тағы бір әлем чемпионатының (2015) финалында айқасты. 2014 жылы Азия ойындарында топ жарды.

     Жәнібек Әлімханұлы.   2012 жылы  19 жасында Қазақстан чемпионы атанды.  Ұзамай  халықаралық турнирде әлем чемпионы, украин Евгений Хитровтан нокаутпен жеңілді. «Қазақстанды ұтқанда жабыла шашбауын көтерген кейбір адамдар осы нокауттан кейін Жәнібектен безіп шыға келді, – дейді Мырзағали Құланұлы.  –  Мен оның бұл сәтсіздігіне қатты күйінген жоқпын. «Хитров өте мықты боксшы, сақ болуың керек еді» деп арқасынан қақтым. Сол сәтте Жәнібек іштей күйіп, намыс буып тұрды.  Содан оған үш апта демалыс бердім. Одан кейінгі жаттығуларда жұдырыққа салмай, жеңіл баптап отырдым. Мен боксшыны, бас-көз жоқ,  жарысқа сала бергенді ұнатпаймын. Есін жиды-ау дегенде Сербияға жарысқа жібердік.  Тағы да сәтсіздік. Бұл жолғы жеңілістің тамыры тереңде екен. Жәнібек бала кезінде қос   шынтағын зақымдап алыпты. Екі шынтағында жарықшақ бар екен. Жәнібекпен шешіле сөйлесіп, бірден Қазақстан бокс федерациясының вице-президенті Бауыржан Оспановқа телефон соқтым.    Бауыржан екі сөзге келген жоқ. Бірден емдеуге жіберді. Бір жарым айдан кейін жаттығуы қайта жалғасты. Байқаймын, кәдімгідей тыңайып қалыпты. Соққысы  жойқын, жілік майы тоқ. Жұтынып тұр. 2013 жылы жазда Азия чемпионатында құрлықтың екі дүркін  чемпионы, өзбек Шухрат Абдуллаевты сан соқтырды. Осы Азия чемпионатын жеңгеннен кейін Алматыдағы  әлем чемпионатында жеке-дара шықты. 2014 жылы Азия ойындарын ұтты. Салмақ «қуса», тұсалып қалатын боксшының бірі – осы Жәнібек.  Ал оны 75 келіден 81-ге ауыстырудың реті келмеді. Бұл салмақта Ә.Ниязымбетов бар. Дәл Рио олимпиадасы қарсаңында Жәнібектің тамыры тартылып, жарақаты сыр берді. Риода еркін көсіле алмағаны, бәлкім, содан болар…»

    Иван Дычко.  2013 жылы  Алматыдағы әлем чемпионатының финалында Иван әзірбайжан батыры Магомедрасул Меджидовтан нокаутпен ұтылды. Талай маман «Дычконың жеткен жері осы» десті. Айтжанов басқаша тұжырым жасады. Иванды  алты ай бойы қолғап кигізбей, жүгіртіп, секіртіп, темір көтертіп… туған баласындай мәпелеп ұстады. «Дычконы неге сонша өбектейсің?» дегендерге жауабы дайын: «Асықпаңдар, бұл жігіт бізге олимпиада медалін әпереді».  Дычко ұлттық құраманың ғылыми тобының жіті қадағалауында болды. Бас бапкер қателескен жоқ:  біраз мамандар бір нокаутқа бола тізімнен сызып тастай жаздаған Иван Дычко келесі – 2014 жылы Азия ойындарында алтын медальға, 2015-тегі әлем чемпионатында күміс медальға,  2016 жылғы  олимпиада ойындарында  қола медальға қол жеткізді.

Иә, ұлттық құраманың бас бапкері болудың қызығы мен шыжығын Мырзағали бір адамдай біледі. Ал оның жеке шәкірттеріне тоқталсақ, Біржан Жақыпов пен Қайрат Ерәлиев – дүниежүзінің чемпиондары, Еркебұлан Шынәлиев – Бейжің олимпиадасының және әлем чемпионатының қола жүлдегері.  …Өзі бір басына жететін мінезі, атан түйеге жүк болар тарихы бар азамат.

Қыдырбек Рысбек

Алматы қаласы туралы жаңалық оқу

Comments are closed.