Әдетте дін бөлек, мемлекет бөлек десек те, еліміз діни үгіт-насихатқа, дін қызметкерлерін, дінтанушыларды даярлау сапасын жақсартуға, мұсылман қауымның өз ішіндегі береке-бірлікке, дінаралық татулыққа ұдайы баса назар аударып келеді. Дегенмен діни басқарманың еліміздің барлық мешіттеріндегі діни уағыз-насихат жұмыстары жаңа сапалық деңгейге көтерілді деп айта аламыз ба?

Рас, қазір дін қайраткерлерінің басым көпшілігі бұдан бес-он жыл бұрынырақтағыдан әлдеқайда өзгерген. Сауаттылық, салиқалылық, білімділік деңгейлері жан-жақты жоғарылаған. Уағызды, насихаттық әңгімелерді жұртқа иланымды жеткізіп, иманға ұйыта алады. Кез келген кертартпа ағымдарға тектілікпен тойтарыс бере біледі. Қасиетті Құранның сүрелерінен, пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) хадистерінен, дәстүрлі діни дүниеліктерден, арғы-бергі тарихтан дерек-дәйектерді дәлелді келтіре алады.

Жақында дін істері және азаматтық қоғам министрі Дархан Кәлетаев «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» заңға толықтырулар енгізу қажеттілігін уақыттың өзі көрсетіп отырғанын айтты.

– Кейбір топтардың осы заңнама жобасын «ислам дінінің мүдделеріне қайшы келеді, мұсылмандарға қарсы бағытталған» деген жалған мәлімет таратып жүргенін де жасыруға болмайды. Бұл мәліметтер мүлде негізсіз, – деп мәлімдеді Д.Кәлетаев.

Яғни министр имамдарды заңнама жобасына барынша қолдау білдіріп, аталған заң жобасының пайдасын, артықшылықтарын халыққа толықтай түсіндіруге атсалысуға шақырды.

Дархан Кәлетаев дін саласында имамдармен бірлесе атқаратын жұмыстың негізгі алты бағытына тоқталып өтті. Олар: теріс діни ағымдардың қызметіне тосқауыл қою, деструктивті діни ағымдармен жұмыс жүргізетін имамдар мен теологтардың білімі мен білігін көтеру, діни экстремизм мен радикализм идеялары таралуының алдын алуға қатысты ақпараттық-түсіндіру жұмыстарына тұрғындарды кеңінен қамту, жастардың бойында радикалдық идеяларға қарсы нөлдік иммунитетті қалыптастыру, мешіт имамдарының уағызын «Уағыз айтудың бірыңғай тәртібінде» бекітілген қағидат бойынша жүзеге асыру, «Мешіттердің ішкі тәртіп ережесін» жетілдіру.

Жалпы, баршамыз үшін де Отаннан қасиетті ештеңе жоқ екені аян. «Отанды сүю иманнан» деген, ислам діні ақиқат пен парасаттылық, адамгершілік пен кішіпейілділік қасиеттерге үндейтін ұлы дін болса, Отан – сол қасиеттерді жүзеге асыратын, пенделерді өркениетке бастайтын ұғым. Ата-бабалар қорғаған, кейінгі ұрпақтарға мұра етіп қалдырған Отанның азаттығы бәрінен қымбат. Алдымыздағы қаншама буын армандап, аңсаған тәуелсіздік тұсында тіршілік кешудеміз. Бәріміздің де көгеріп-көктейтін, жапырақ жаятын жеріміз – кең-байтақ Отанымыз. Отанды сүю, әрине, иманнан екені сөзсіз. Имансыздар Отанның қадір-қасиетін терең түсіне алмайды. Біздің Отанымыздың көркеюіне, еліміз бен жеріміздің тұтастығына, кеңпейілділігімізге, бірлігіміз бен ынтымағымызға іріткі салғысы келетіндер көп. Бөлінушілікке, жіктелушілікке ұрындырғысы барлар аз емес. Отанды сүюдің мәнісі туған елге, туған жерге қызмет етуде, сөзбен ғана емес, іспен көрсетуде екенін бұрын-соңды өткен ардақтылардың бәрі де айтып, аңғартып кеткен.

Сондай-ақ Дархан Кәлетаев дін саласындағы заңнамада бет әлпетті жабуға тыйым салудың не себепті енгізіліп отырғанын айтты.

– Бет әлпетті жабу қазақ халқына жат. Бұл тарихымызда да, мәдениетімізде де болмаған. Сондықтан әйелдердің бет әлпетін жабуына заңды түрде тыйым салып отырмыз. Бұл тұрғыда қоғамда дұрыс пікір бар, көпшілігі қолдап отыр, – деді Д.Кәлетаев.

Сонымен қатар Дін істері және азаматтық қоғам министрі мектепте орамал тағу мәселесіне орай өз пікірін білдіріп, мектептің талабын ұстану қажеттігін баса айтты.

Ал Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, бас мүфти Серікбай қажы Ораздың айтуынша, бүгінде имамдардың біліктілігі арнайы сараптау комиссиясында қаралады. Сондай-ақ өңірлердегі өкіл имамдардың құзыреті мен жауапкершілігін арттыру жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Қазір еліміздегі мешіт салудың бірыңғай стандарттарын әзірлеу ұсынылуда. Онда мешіт салу үшін сол аймақтағы халық санын ескеру қажет. Айта кетейік, қазіргі уақытта республикада 106 мешіттің құрылысы жүріп жатыр. Аталған стандарт еліміздегі мешіттер құрылысы мен оны ашу рәсімін бір жүйеге келтірмек. Бүгінгі таңда имамдардың әлеуметтік жағдайын жақсартуға бағытталған кешенді шаралар жолға қойылуда. «Уақып» қайырымдылық қоры арқылы өңірлердегі 355 имамға стипендиялық қолдау көрсетілуде.

Алматы қаласы туралы жаңалық оқу

Comments are closed.