Бұл күнде есірткіге әуестік  нағыз қасіретке айналды. Есірткімен күрес қанша жерден күшейсе де, ата-ананың көмегінсіз нәтиже болмайтыны айқындалды.

Жамбыл облыстық наркологиялық диспансерінің бас дәрігері Жақып Жексембиев бұрындары нашақорлар көбінесе ата-анасы толық емес отбасыларда жиі кездессе, бүгінде тәрбиелі, зиялы отбасылардың балалары да осы жолға түсіп жатқанын айтады. «Мұндай дертке шалдыққандардың жас шамасы 15-40 жас аралығындағылар, жиі келетіндер 25-40 жастағылар», – дейді Ж.Жексембиев.

– Облыстық наркологиялық диспансерінің психологтері мен әлеуметтік қызметкерлері науқастарға өздерінің ішкі жан дүниесін қалыпқа келтіруге және қоғамда өз орнын табуға көмектеседі. Сонымен қатар түсіндіру жұмыстары үнемі жүргізіліп отырады. Дәрігерлеріміз ай сайын өздеріне бекітілген білім беру нысандарында дәріс оқып, семинар, дөңгелек үстелдерге қатысып және сауалнама жүргізеді. Дегенмен жастардың жағымсыз әдетке бой алдырмауына ең алдымен ата-анасы, туыс-бауырлары қадағалау жүргізгені жөн. Балалықпен есірткінің дәмін татып көрген жеткіншектің қылығын алдымен отбасы мүшелері байқайды. Мұндай жағдайда ертерек шара қолданып, ем жүргізген дұрыс.

Бұл жердегі басты мәселе  отбасында дер едім. Үйдегі ата-анасы баласына дұрыс тәрбие беріп, ұрпағының болашағына немкетті қарамай, қашанда бақылауда ұстап, ата-аналық мейірімін төгіп отырса, бала теріс жолға түспейді деп ойлаймын. Темекі тарту, ішімдік, нашақорлық – осылардың бәрі қызығушылықтан, тек «бір рет тартып көрсем, бір рет ішіп көрсем» деген әуестіктен басталады. Баланың жүрген ортасына, жора-жолдастарына да көп байланысты. Тағы бір себеп – жастардың жұмыс істемей, бос сандалып жүруі. Есірткіні бір-екі тартып, бір-екі рет ине салған соң, қалай тәуелді болғанын өздері де білмей қалады. Сосын не істейді? Есірткі сатып алу үшін кез келген қылмысқа барады. Ал ата-анасы көп жағдайда іс насырға шауып, асқынғанда ғана біледі. Егер дер кезінде әкеліп жатқызса, онда ем де өз нәтижесін берері анық, – дейді Жамбыл облыстық наркологиялық диспансерінің бас дәрігері Жақып Жексембиев.

Демек, бала есірткіге еліп кетпеу үшін ата-ана ең алдымен ұл-қызына берер тәрбиесін түзеуі тиіс.

Алдияр Барысхан

Тараз қаласы

 

Алматы қаласы туралы жаңалық оқу

Comments are closed.