Ақтөбеде мектеп бітіруші Азат ДҮСІПОВТІ пышақтап өлтірді деген күдікті қамауға алынды. Күдікке ілінген де биылғы түлек. Ақтөбедегі атағы дардай білім ошағы- облыстық мамандандырылған физика-математика мектеп-интернатының түлегі. «Алтын белгінің» иегері. Ең үздік оқушыларының осындай жағдайға тап болғанына ұстаздары да сене алмай отыр.

"Алтын белгі" иегері кісі өлтірді деген күдікпен ұсталды
Қарагөз Тілеубергенова

— Бала біздің мектепке 7-сыныптан бастап қабылданды. Физикаға жетік. Кванттық физика, облыстық олимпиада, түрлі білім жарыстарында топ жарды. 15- маусым күні аттестатын алып, «Алтын белгісін» қорғап, мектепті бітіріп кетті. Мінезіне келсек, өте жақсы бала. Біреу үшін кешірім сұрай алатын бала. Біз өзімізде таң қалдық естігенде, — дейді Ақтөбе облыстық мамандандырылған физика-математика мектеп-интернатының директоры Қаргөз ТІЛЕУБЕРГЕНОВА.

Ал Азат Дүсіповтің анасы болса, қылмысты жасаған адам тиісті жазасын алсын деп отыр.

"Алтын белгі" иегері кісі өлтірді деген күдікпен ұсталды
Эльвира Дүсіпова

— Ұлым өте тәртіпті, кісіні ренжітетін адам емес еді. Өзім сырқаттанғалы жанымнан шықпады. Үйдегі шаруаларға қолғабыс етіп, інілеріне, қарындасына бас-көз болды. ҰБТ тапсырып, грант иеленсем екен, теміржолшы болсам деген арманы бар еді құлынымның. Жазда әкеме көмектесіп, қаражат жағынан қолғабыс болсын, жұмыс істеймін деп жоспарлады. Сөйтіп жүргенде, міне, қапияда қаза болды. Әлі сене алар емеспін. Күдікті қамауға алынды деп жатыр ғой. Тиісті жазасын алса,- дейді Азат Дүсіповтің анасы Эльвира ДҮСІПОВА.

"Алтын белгі" иегері кісі өлтірді деген күдікпен ұсталды
Марқұм Азат Дүсіпов

Қайғылы жағдай 19-маусым күні Ақтөбеде болған. Орталық стадионнан «Ақтөбе-Ордабасы» матчынан келе жатқан Азат Дүсіповті пышақтап кетеді. Жасөспірімді жедел жәрдем көлігімен ауруханаға жеткізгенімен, Азат таң алдында қайтыс болған. Анасы ұлының жүрек тұсынан, мойнынан және аяғынан жарақат алғанын айтады. Кейін полицейлер Қылмыстық Кодекстің 99-бабы 2-тармағымен қылмыстық іс қозғаған.

«Ақтөбе қалалық №2 сотының 2018 жылғы 20 маусымдағы Қаулысымен ҚР Қылмыстық кодекстің «Адам өлтіру» бабының 2-тармағы бойынша күдікті ретінде танылған кәмелет жасқа толмаған Б. қатысты «күзетпен ұстау» түріндегі бұлтартпау шарасы санкцияланды»,- деп хабарлады облыстық соттың баспасөз қызметі.

Фотолар автордікі.

МАТЕРИАЛДЫ РЕДАКЦИЯНЫҢ РҰҚСАТЫНСЫЗ КӨШІРІП БАСУҒА БОЛМАЙДЫ.

Алматы қаласы туралы жаңалық оқу

Comments are closed.