Маусымның 25-і күні Шымкенттегі Әл-Фараби аудандық соты «пара алу кезінде ұсталған» Түркістан облыстық ішкі істер департаменті көші-қон полициясы басқармасының бұрынғы басшысы Нұрдәулет Төлегенұлының ісін қарай бастады деп xабарлайды Азаттық тілшісі.

Сот отырысына жәбірленушілер, прокурор Арман Өтегенов, айыпталушы Нұрдәулет Төлегенұлы мен оның туыстары қатысып жатыр. Сот отырысына судья Еркебұлан Төлешов төрағалық жасайды. Нұрдәулет Төлегенұлы мен жәбірленушілер журналистердің өздерін фото және видеоға түсіруіне рұқсат бермеді.

Сот тергеуі басталмас бұрын судья айыпталушыға құқықтарын түсіндірді. Айыпталушының адвокаттары іске тіркеуге Нұрдәулет Төлегенұлымен бірге тұратын мүгедек әкесі мен әпкесінің құжаттарын тапсырды.

Содан кейін прокурор Арман Өтегенов айыптау актісін оқыды. Айыптау актісінде айыпталушы Қазақстан заңнамаларына қайшы екенін біле тұра азаматтығы жоқ бір отбасының төрт адамына Қазақстан азаматтығын алып беруге уәде етіп, қызметін пайдалана отырып аса ірі көлемде алаяқтық жолмен ақша талап етіп, 40 мың доллар сұрағаны айтылды. Басқарма экс-басшысы Қылмыстық кодекстің 190-бабы («Алаяқтық») және 366-бабы («Пара алу») бабымен айыпталып отыр.

43 жастағы Нұрдәулет Төлегенұлы тағылған айыппен ішінара келісетінін айтты. «Алаяқтық дерегі бар, оны мойындаймын. Ал пара алу бабын мойындамаймын» деді ол.

Нұрдәулет Төлегенұлы сәуірдің 10-ы күні «Ауғанстанның төрт азаматына Қазақстан азаматтығын алуға көмек көрсету үшін пара алу кезінде» ұсталғаны xабарланған. Күдіктіні облыстық ішкі істер департаменті жеке қауіпсіздік қызметінің қызметкерлері мен Ұлттық қауіпсіздік комитеті облыстық департаментінің жедел тергеу тобы бірігіп ұстаған.

Дереккөз:Азаттық радиосы

Алматы қаласы туралы жаңалық оқу

Comments are closed.