Қызылордада Әдеп жөніндегі кеңестің кезекті отырысы өтті. Жиын барысында 8 тақырып талқыланды. Оның ішінде мемлекеттік қызметке нұқсан келтіріп, әдепсіз мінез танытқан шенеуніктің мәселесі қаралды. Облыстық ішкі саясат басқармасы басшысының орынбасары Гаухар ИСМАИЛОВА депуттарға жекіп сөйлегені үшін жауапқа тартылуы мүмкін.

Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Қызылорда облысы бойынша департаментінің берген мәліметіне сүйенсек, өткен мамыр айында Гаухар Исмаилова Арал ауданына іс – сапарға барған. Шенеунік жиналысқа қатысып, дәл осы жиында әдепсіз мінез танытқанға ұқсайды. Қандай мәселеге ашуланғаны белгісіз, әйтеуір басқарма басшысының орынбасары депуттарға жекіп сөйлеп, әдепсіз мінез танытқан. Мұнымен қоймай, кейбір азаматтардан жиналыстан шығуды да талап етіпті.

«Облыстық Әдеп жөніндегі кеңеске Арал аудандық мәслихат депутаттарынан шағым түсті. Тәртіпке сай арыз толыққанды зерделенді. Кеңес мүшелері ішкі саясат басқармасы басшылығына қарамағындағы қызметкерге «қатаң сөгіс» беру туралы ұсыныс жолдады», — деп мәлімдеді Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Қызылорда облысы бойынша департаментінің баспасөз қызметі.

Айта кету керек, Гаухар Исмаилованың өзі кеңестің отырысында бой көрсеткен жоқ. Жиналғандар іс – сапарда жүрген шенеунікке көкейлеріндегі сұрақтарды да қоя алған жоқ. Ендігі кезекте жауапты шенеунікке қандай жаза қолданылары әзірге белгісіз.

Фото: facebook.com

Алматы қаласы туралы жаңалық оқу

Comments are closed.