Мен 2013 жылдың ортасына таман ұлтшыл-патриоттардан кетіп, құқық қорғау қызметімен шұғылдануды жоспарлап қойғанмын. Сол үшін «Қайнар» университеті заң факультетінің  сырттай оқу бөліміне түстім. Атырауда тіркелген «Демос» қоғамдық бірлестігінің  жетекшісі Тоғжан Қизатова да менің шешімімді қолдап, бірге жұмыс жасауға шақырған.

Күздің соңына қарай Еуропада өтетін азаматтық қоғам және адам құқықтары мәселесін талқылайтын бірнеше конференцияға қатысуымыз керек еді. Осы кезде интернет желісіне қазақ қоғамын дүр сілкіндірген хат шықты. Қазақстанның батыс облыстарындағы зиялы қауым атынан жазылған ашық хатта мұнай-газ өндіретін өңірдегі халық тұрмысының нашарлығы, әлеуметтік мәселелер мен экологиялық проблеманың әбден ушыққаны, бұған орталық биліктің көз жұма қарап отырғаны  айтыла келе, батыстың тумасы Иманғали Тасмағамбетовты президент сайлап алып, төрт облыстың өз алдына отау тігіп, Қазақстаннан бөлінетіні сөз болған. Сепаратизмге үндейтін, рушылдық пен жүзшілдікке тұнып тұрған хатты мен интернет арқылы одан әрі бірнеше адреске тараттым. Мұны не үшін жасағанымды өзім де нақты түсінбеймін. Экологиясы әбден нашарлаған аймақта тұрып жатқан халықтың әлеуметтік жағдайына саяси шантажға ұқсайтын осындай әдіспен биліктің назарын аударту жөн болып көрінді ме, өзімнің туып-өскен жеріме деген ықыласымды сол хатты таратып білдіргім келді ме, анығын білмеймін, әйтеуір өзімді кешіре алмайтын қате қадам жасадым.

ҰҚК қызметкерлері мені қыркүйек айының басында Астана қаласында қамауға алды. Олар бір-екі күн бұрын хатты жазған адамды Ақтөбеден ұстап әкеліпті. Сепаратистік сипаттағы хатты интернет желісі арқылы таратқанымды мен бірден мойындадым. Тергеу алты айға созылды. Тергеушілердің ойы бойынша, бұл хатты жазу және тарату – билікке таласқан әлдебір топтардың әрекеті. Бірақ бұл болжам өзінің дәлелін тапқан жоқ.

Бір кісілік камерада жападан-жалғыз жатқан адам жан азабын тартып қатты қиналады. «Таблиғи жамағат» тәрізді эзотерикалық ағымдар мен санамызды ортағасырлық қараңғылықпен бүркеп қойғысы келетін сәләфилік идеологияның мойныма салмақшы болған қамытынан бұлқынып, қайрат көрсетіп босап шыққан мен аяқасты ағат қадам жасап, жымысқы саяси мүдде көздеген әлдебір топтың қолжаулығына айналып, арандап қалғаныма іштей налыдым. Тән азабымен салыстырғанда  жан азабының әлдеқайда ауыр екенін бүткіл болмысыммен сезініп, өзімді кінәлап, жынданып кетуге шақ қалдым. Сот хат авторына 3 жыл, соның сөзін таратқаным үшін маған 4 жыл түрме жазасын кескенде де, «неге оған аз, маған көп» деген сұраулы ой болған жоқ.  Себебі мен Ақиқатты тауып, сол арқылы саяси көзқарасымды анықтасам да, қажет кезде оны басшылыққа ала алмадым, бір сәтте рушыл эмоцияның жетегіне еріп кеттім, адастым. Менің бұл қылығымды Құдай да кешірмейтіндей көрінді. Сол үшін қандай жазаға да көнуге дайын едім.

Сотталып, Алматы маңындағы Заречное түрмесінде жазамды өтеп жатқанда, трайбализм мен сепаратизмге саналы түрде қарсы екенімді айтып, баспасөз арқылы қазақ қоғамына ашық хат жаздым.

«Құрметті оқырман, отандастар!

Қазақ мемлекетінің Ресеймен шекаралас солтүстік пен батыс өңірлерінде сепаратистік ойлар мен қимыл шараларға қолдау көрсетіп, ақпараттық, қаржылық, идеологиялық көмек жасап отырған шовинистік, империалистік, кеңестік жүйені аңсайтын күштер екені ешкімге жасырын емес. Оған дәлел – тәуелсіз біртұтас Украина мемлекетін территориялық бөлшектеу процесі және сол жобаны жүзеге асырып жатқан Ресейдегі саясаткерлер, қарулы күштер, қоғам қайраткерлері, БАҚ өкілдері, т.б.

2013 жылы ғаламтор арқылы электрондық адреске Батыс Қазақстан ақсақалдарының атынан И. Тасмағамбетовке жазылған ашық хатын таратамын деп 4 жылға бас бостандығымнан айырылдым. Хаттың мәтініндегі Батыс Қазақстан өңірін толғандыратын кейбір мәселелер мені ойландырғаны рас, бірақ тек техникалық таратушы ретінде қатыссам да, әлдекімдердің жымысқы саясатына алданып, арандатушылықтың (провокация) еріксіз құрбаны болғаныма өкінемін. Хаттың авторлары мен мүдделі топтарды құпия мәліметті жарияламау турасында (подписка о неразглашении) қол қойғаным үшін айта алмаймын. Еліміздің тәуелсіздігіне қауіп төндіретін сепаратистік, трайбалистік, шовинистік, террористік, т.б. идеяларға  қарсы  екенімді  айта  отырып,  Қазақ мемлекетінің тұтастығына (унитарлық), демократия мен зайырлылық, биік мәдениет пен өркениеттік процеске жетелейтін, либералды экономикаға негізделген, гуманистік принциптерге сүйенетін, ашық және азаматтық қоғам болып қалыптасуына бар күш-жігерімді саламын.

 Құсайынов Тұрарбек Құсайынұлы,

ЛА 155/14 түзету мекемесі, Заречное ауылы.                                           

18 қараша  2015 жыл».

Мен бұл хатты қамаудағы жаза мерзімімді қысқарту яки ерте босанып шығу үшін жанашырларымның өтінішімен немесе түрме әкімшілігінің айтуымен жазған жоқпын. Түрмеде жатып өзім іштей түйсінген қателігімді енді қоғам алдында мойындап, бетімді ашып алғым  келді.

«Мені түрме түзетті» деп айтудан аулақпын. Себебі онда әділдік жоқ. Сотталушының жазасы – бостандығын, еркіндігін шектеу. Өмір бойы жеке бас еркіндігім үшін күрескен менің түрмеге қамалуым – ең ауыр жаза еді. Сол уайымның кесірінен шалдыққан псориаз ауруымды маған берілген жазаның қосымша бонусы деп білдім. Түрмеде сотталушыларды әскери парадқа шыққан солдаттардай сап түзеткізіп, алаңды айналдырып  жер тепкілетіп жүргізіп қояды. Аяғыма түскен салмақтан балтырымның тамырлары сыртына шығып варикозға шалдықтым. Бұл енді түрме тәртібі деген желеумен сотталушыларға әдейі тән жарасын салу, қинаудан басқа ештеңе емес. Немесе түрмедегі «нашарлап кеткен тәртіпті қалпына келтіру» үшін сотталушыларды алаңға жинап, тірсегіне құйымшағын тіреп отырғызып қойып, сырттан сойылмен қаруланған солдаттарын кіргізіп, ұрып-соғып тепкілеуді «профилактика» емес,  садизм деп атаған жөн. Сондай бір «операцияда» қатты соққы алып, екі апта бойы жамбасымды көтере алмай, темір төсекте сұлап жаттым.

Түрме әкімшілігі сот шешімі бойынша бостандығы ғана шектелген сотталушыға үнемі өз тарапынан қосымша жаза қосқысы келіп тұрады. Мысалы, 4 жылға сотталған мен тәртіп бұзбасам, екі жылдан кейін қалған жазамды шартты түрде өтеу үшін түрмеден босап шығуыма болатыны заңда көрсетілген. Бірақ мені босатпады. Неге? Бұл сұраққа ешкімнен жауап ала алмайсың. Сонда барлық азаматтардың құқығы тең, заң алдында бәрі бірдей деген постулат қайда қалды?! Түрме әкімшілігі тарапынан жасалатын қысым сотталушылардың басқа жақтан тірек, пана іздеп топ-топқа жіктеле бастауына себепші болады. Кейбіреулер түрме әкімшілігінің ыңғайына жығылып, «хозбандаға» кіреді. Олар  асхана,  түрме   әкімшілігінің   бөлмелерінің  тазалығын   қадағалау  сияқты қызмет жасап жүреді. Оларға әкімшілік оң қабақпен қарайды. Бұрын дінмен шаруасы болмаған кейбір адамдар қысымға ұшырағанда діндарлардың тобына қосылуға мәжбүр болады. Мұны журналистер «түрменің исламизациялануы» деп атап, дабыл қағып жүр. Бұл топқа кіретіндердің басым бөлігі – Қылмыстық кодекстің 170 және 174-бабтарымен сотталғандар. Маған тағылған айып та осы бабтардың бір тармағы болатын. Түрмеге түскен адам жөнінде сотталушылар хабардар болып, оның өмірбаянын түгел біліп отырады және оны өздерінің тобына қосып алып, жамағатының ауқымын кеңейтуге деген талпыныс бар. Заречное ауылы маңындағы  түрмеге  келгенімде,  менімен діндар  топтың  өкілі  әңгімелесті. Алғашында «құраншы» екенімді бетіме басып, кінәлап алды, «адаспайтын адам жоқ, тура жолға бетбұрыс жасасаң, біздің қауымнан тірек табасың»  деген  сыңайда  әңгіме  бастады.  Мен  діни  тақырыптан  қалыс  қалғам  жоқ, рационал монотеизм қағидаттары бойынша Ақиқаттың не екенін оның өзіне тәптіштеп түсіндіріп беріп едім, ойланып тұрды да, басын бір шайқап, жөніне кетті. Көп ұзамай діндарлар қауымының өз ішінде жасаған ұйғарымы құлағыма жетті. Басшысы жамағат мүшелерінің маған жақындауына, сөйлесуіне тыйым салыпты. Себебі мен олардың сеніміне селкеу түсіріп, иманын бұзады екенмін… Оларға ренжіген жоқпын – қайта өзімді еркіме қалдырғандарына қуандым.

Мен Заречноедағы түрмеде Жаңаөзен оқиғасына қатысты сотталып, сонда жазасын өтеп жатқан Владимир Козловқа қарап бой түзедім. Ол әлеуметтік теңдік, әділдік жолында күресіп, мұнайшылардың құқығын қорғаймын деп түрмеге түсті. Владимир Козлов түрмеде де азаматтық позициясынан айныған емес, үнемі әділеттілік жағында болды. Жазасын өтеушілердің құқықтарын айтып, олардың емделуіне, заңда көрсетілген басқа жеңілдіктерге қол жеткізуіне көмектесті. Ол ешкімді ұлтына, дініне қарап бөліп-жарған емес. Құқықтық көмек сұрап келгендердің бәріне қайда, қалай арыз жазуды тапжылмай үйрететін, сауаты жетпегендерге ерінбей өзі жазып беретін, азаматтық құқықтарын табанды қорғауға үндейтін.  Ол осы ісімен нағыз либерал-демократтың үлгісін көрсетті.

Қапасқа түсіп, бәрінен түңіліп қиналып жатқанда «Қазақстандағы парламентаризмді дамыту қорының» төрайымы Зәуреш Батталованың маған жасаған моральдық қолдауы ешқашан ұмытылмақ емес. Ол Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының (ЕҚЫҰ) бастамасымен 2013 жылдың күзінде Варшавада өткен демократия және заң үстемдігі мен адам құқықтарының өлшеміне қатысты халықаралық конференцияда сөйледі, қамауда жатқан менің, басқа да саяси сипаттағы айыппен сотталған қазақстандықтармен қатар, құқықтарымның сақталмай отырғанын айтып, мәселе көтерді. Осыдан кейін құқық қорғаушылар мен журналистер түрмеде жазасын өтеп жатқандардың жағдайына баса назар аудара бастады. Мен де еңсемді көтеріп, түрме әкімшілігінен медициналық көмек беру, туыстарыммен кездестіру, хат-хабар алу сияқты  конституциялық құқықтарымды талап еттім. Талабым еленбеген кезде құқық қорғаушыларға арыздандым. Тәнімді қапаста ұстаған түрмеде басқа да бостандықтарымды сақтау үшін құқықтарымды қорғап қалуға талпындым.

Зәуреш Батталованың халықаралық биік мінберде айтқан мәлімдемесі түрмеде жігерім құм болып үгітіліп бара жатқан маған тағы да рухани күш беріп, қайта серпілтті, бұдан былай қандай қиыншылық болса да мойымауға үйретті. Өткен өмірімді, осы уақытқа дейінгі біліп-білмей істеген қателігімді және жетістігімді сыни тұрғыда қайтадан ой елегімнен өткізіп, оның бәрін ақылымның таразысына салып  өлшедім.  Өзім қатысты болған ешбір нәрсені, ешқандай оқиғаны өмірбаянымнан сызып тастағым келмеді. Мені рухани қапасқа салғысы келгендерге, өзінің саяси мүддесіне жетудің құралы етпекші болғандарға деген ішімдегі  бұрынғы ыза мен кектің жалынын өшірдім. Оларды басқа емес,  өзім үшін кешірдім. Себебі олардың ісі де менің өмірлік тәжірибемнің қалыптасуына үлесін қосты. Мұның бәрі – менің тағдырым. Оны көнерген заттай керексіз қылып күресінге лақтырып жібере алмайсың, ақтық демің таусылғанша өзіңе жабысып бірге жүреді. Мен үшін өмір – жаратылысымды, Құдай берген рухани еркіндігімді сақтап қалу жолындағы күрес. Өткен өмірімнен жинаған тәжірибемнің бәрін сол күреске пайдаланамын деген шешімге келдім.

ЭПИЛОГ ОРНЫНА

Мен саналы өмірімнің бір кезеңін ғана баяндаған әңгімені түйіндегім келмейді. Жұмыс жоспарымды, алдыма қойған мақсатымды жариялауды да жөн көріп отырғам жоқ. Мені  қиын-қыстау кезеңде қолдап, сенімімнен айнымай, азаматтық позициямды сақтап қалуыма үміт беріп, жігер қосқан адамдарға ризашылығымды білдіргім келеді. Олар: «Қазақстандағы парламентаризмді дамыту қорының» төрайымы Зәуреш Батталова, «Демос» қоғамдық бірлестігінің жетекшісі Тоғжан Қизатова, құқық қорғаушылар Әсел Нұрғазиева мен Бақытжан Төреғожина, адвокат Жанар Балғабаева,   журналист Нәзира Дәрімбет, досым әрі жанашыр ағам Серік Абай. Өресі биік осындай азаматтардың замандасы болып, қатар жүргенімді мақтаныш етемін.

СОҢЫ

Фото:24.kz

Тұрарбек Құсайыновтың «Мен қалай рухани жаңғырдым» кітабынан үзінді. 

МАТЕРИАЛДЫ РЕДАКЦИЯНЫҢ РҰҚСАТЫНСЫЗ КӨШІРІП БАСУҒА БОЛМАЙДЫ.

 

Алматы қаласы туралы жаңалық оқу

Comments are closed.