Семейдегі облыстық Абай кітапханасында жазушы-ғалым, филология ғылымдарының докторы, алаштанушы, профессор Тұрсын Жұртбай жерлестерімен кездесу өткізді. Кездесудің басты ерекшелігі – Тұрсын Жұртбайдың мектеп бітіргендеріне 50 жыл толуына орай сыныптастарының және оқырмандарының алдында сырын шертіп ағынан ақтарылғаны болды. Тағы бір айтар жайт, жақында ғана ашылған Қазақстан Жазушылар одағының Семей филиалының алғаш рет ұйымдастырған ісінің осы кездесуден басталғаны. Филиал басшысы, жас ақын Мерей Қарт тізгінін ұстаған кештегі емен-жарқын кездесудің әсерлі сәті жетерлік. Балалық шағында білім алған Абай ауданы, «Қызыл Ту» совхозындағы (қазіргі Тоқтамыс ауылы) Ж. Молдағалиев атындағы орта мектепте өткен жылдарын жазушы әсерлі әңгімеледі. Әсіресе, қазақ  әдебиетіне құштарлығын оятқан ұстазы Жәңгір Исайынқызы, шығармашылық өрістеуіне бағыт берген Мерғали Ибраев, Төлеужан Ысмайлов тәрізді таланттардан көрген тағылымын тамсана баяндады. Негізгі әңгіме ауаны да Ахмет, Міржақып шығармаларымен таныстырған ұстазы Жәңгір Исайынқызының өнегесі  болғандығын атап өтті.

Жазушының кездесуіне келген сыныптастарының арасында көзге түскен төрт қыздың бірі Алтын Тұрысбекованы қысқаша әңгімеге  тарттық.

-Бүгінгі жазушы Тұрсын Жұртбаймен бір сыныпта оқыдыңыз. Қандай оқушы болды?

-Оқуға алғыр болды. Қолынан кітап түспейтін. Әдеби білімге ұмтылысы бәрімізден ерекше болатын.

-Тағы басқа қандай пәнге  құмартты?

-Сабақты бәріміз жақсы оқуға тырыстық. Бірақ, Тұрсын тек әдебиет, тарих қана емес, математиканың есептерін шығаруға да жүйрік болатын. Шимайлап өлең шығарып жүретіні де есімізде. Негізінде әдебиет әлеміне алғашында ақын болып келді ғой ол. «Қоңыр қаз» деген жыр жинағы жарық көргені есімде.

-Мектепте кейін аты белгілі болған адамдармен бірге оқыған кімге  де болсын мәртебе ғой. Әсіресе, бірге оқыған қыздар үшін… «Махаббаттың ғажабы, басталады партадан» дейтін еді ғой…

-Сұрағыңызды түсіндім. (Қасындағы құрбыларына да қарап өткен жазушының сыныптасы бір күліп алды-авт). Бірақ, расы керек, ол кезде сезім, махаббат туралы айту тұрмақ, ойлау деген ұғым жоқ болатын. Оның үстіне, ол кездің әр мұғалімі бір-бір тұлға еді ғой. Тек сабақ оқуға міндеттейтін. Әсіресе, жаңағы Тұрсын айтып өткен Жәңгір мұғалімнің талапшылдығы сондай бір-бірімізге артық көзқарас білдіруге мұршамыз болмайтын. Кім біледі енді… Әйтеуір Тұрсын өзімен-өзі жүретін. Қағазын шимайлап, кітабын оқып дегендей… Әйтеуір ешқайсымызға көз қысып, сөз салған емес. Махаббат деген болған жоқ.

-Байқауымша, сыныптас қыздар ғана келген сияқты…

-Иә, өкініштісі сол, бірге оқыған ұлдардың көбісі өмірден озып кетті. Айтқалиев Бекен, Шаған Жамқанов, Марат Оразали, Қайырхан Мұсабаев қандай адал да ақкөңіл азаматтар еді. Қабыл Көшербайұлы деген сыныптасымыз қазір Балқашта тұрады. Отандық медицина саласынан өз жолын тапқан білікті дәрігер. Міне, сол азаматтармен бірге оқып, мектеп бітіргенімізге де жарты ғасыр болыпты. «Елу жылда ел жаңа» деген осы…

Жазушы-ғалым Т. Құдакелдіұлының жерлестерімен кездесуде ақын Тыныштықбек Әбдікәкімұлы Тұрсын Жұртбай есімінің алаштану саласында ерекше естілетініне тоқтала келіп, «Бесінші маусым жұпары» кітабынан «Сөз» атты өлеңін оқып берді. Ал жазушының бала күнде шыңдалуына ағалық ақылын айтып, бағыт берген қадірменді қарт Әбдеш Имаханов Шыңғыстаудан түлеген Тұрсын Жұртбайдың Әуезов аманатын ақтаған жазушы болмауына хақысы жоқтығын тебірене тілге тиек етті.

Алматы қаласы туралы жаңалық оқу

Comments are closed.