Ата-әжеге бала бақтыру дұрыс емес пе?

2013

Бүгінде балабақша көбейгенімен баланы ата-әженің тәрбиесіне беру үрдісі әлі де жалғасып келеді.  Біреулер ата-әженің қолында өскен бала алғыр болады десе, екіншілері бұл пікірмен мүлдем келіспейді. Аяулы ата-әженің тәрбиесінде ұзақ уақытқа қалған бала қалай есейетінін және нендей қиындықты өткеретінін астаналық психолог-психатерапевт Айгүл Дүйсембаевадан сұрап көрген едік.

–Сізге «бала кезімде ата-әжемнің қолында өскен едім, содан осындай қиындық, зардап көрдім»  деп келетіндер бар ма?

–Дәл осы сұрақ, тура осы мәселемен әдетте ешкім шағымданбайды. Бізге клиенттер ата-аналары, бауырлары, аға-әкпелері, күйеуі, әйелі арасындағы қиын қатынастарын айтып келеді. Тынбай еңбектеніп түрлі табысқа жетсе де, өмірден қанағат таппағандарына шағымданатындар да бар. Адам күйзеліске түсу, мазасыздану немесе санасыз әрекетке ұрынуы мүмкін. Осылардың себебін қарай бастағанда көп жағдайда мұндай жандар бала кезде атасы мен әжесінің тәрбиесінде болғаны анықталады. Егер «балалық шағыңыз қандай болды?» деп сұрасаң, ол бірден «бақытыма орай ата-әжемнің қолында өстім, балалық шағым шаттыққа толы өтті» дейді. Онысы рас. Бірақ, осы шындықтың екінші жағы – жадының тереңінде жасырын жатқан жан жарақаты көрініп тұрады.

Адам мақсатқа жетуге еш аялдамастан ұмтылады: оқуда озат, «Алтын белгі», қызыл диплом, міндетті магистратура, жұмыс, жауапкершілігі зор қызмет сияқты өрлеу баспалдағына демалмастан асығады.

Өйткені әке-шешесі оны ата-әжесінің тәрбиесіне табыстап кеткен кезде балалық санасына «жақсы болу» деген шарт еніп, сіңіп қалған. Ол енді өзін ешкім тастап кетпес үшін, өзгелердің өзінен теріс айналмасы үшін өмір бойы алда, үздіктер қатарында көрінуге жансалып тырысады.

–Демек, ата-әженің қолында өскен балалар мақсатқа жету жігерімен ерекшеленеді ғой?

– Қалай болары отбасыға байланысты. Балаларының табысқа жетпегені, дұрыс жұмысқа тұрмағаны, күндерін көре алмай жүргенін немересінің көзінше сынап, мінеп отыратын ата-ана бар. Әке-шешесі жайлы жылы сөз естімеген балада ішкі қайшылық туындайды. Ата-ананы жақсы көру сезімі балаға тумасынан табиғаттан беріледі. Ал өзіне жақын адамдардан әке-шешесі туралы жағымды сөз естімеу бала жанын жаралайды. Бұл мәселені шешу оның қолынан келмейді, сондықтан екіжақты боп өседі.

Ата-әженің қолында өскен буынның арасында ішкілікке салынған, ойынқұмар немесе психологиялық қысымда жүрген, біреуді зор, өзін қор санайтындар жеткілікті. Ерекше айтып өтетіні бұл көрініс белгілі бір ұлтқа, әлеуметтік топқа, білімділік деңгейі мен дүние-мүлік мөлшеріне тәуелді емес.

– Анадан алыстап кеткен бала нендей көңіл-күйді өткереді?

– Баланың психологиялық әлеуеті алғашқы 3-4 жасында қалыптасатыны  көптеген ғылыми зерттеулерде дәлелденді.  Мәселен, ата-анасын сағынған балаға жылама дегендей тиым салынады. Немесе, әкесін «әке», шешесін «шеше» деп айтқызбайды. Бала үшін бұл үлкен соққы. Осындай тиымдарды бала эмоциясын шектеу делік. Ал бұдан да маңыздысы – сәбидің жақын адамдарын сезіне білуі. Дүние есігін жаңа ашқан сәби ана омырауының иісін сезінуі, әкесі мен шешесінің жүзін көруі қажет. Ал осының бәрінен сәбиді алыстатып жібергенде ол стресс яғни, күйзеліске ұрынады. Ғалымдар сәбилерде  депрессия болатынын анықтады. Сәби депрессиясы –бала айналасына бейжай боп, мазасыз ұйықтап, дұрыс тамақтанбай, ширап өспейді. Ата мен әже бала жанының күйзелісіне көңіл бөле бермейді. Әдетте, «бала ғой, ұмытып кетеді» дей салады. Бала сезімі ешкімді толғандырмайды. Ал шындығына келгенде әке-шешесінен ажырап қалуды бала өз өміріне төнген қауіп-қатер деп біледі. Ол үшін бұдан өткен қорлық жоқ.

Белглілі психолог Римма Ефимкина «балалық шағым бақытқа толы болды» дейтіндердің көбі шындығында бақытсыз балалық шақты өткергендерін жазады. Сонда, ондай адам неге балалық шағын бақытқа балайды? Бұл психологиялық қорғаныс шарты. Бала тіршілік иесі ретінде тірі қалып, әрі қарай өмір сүріп кетуі үшін көрген үрейі мен қорқынышын тезірек ұмытуға тырысады. Еске алғысы келмейді. Бірақ, ол өскенде өмірінің бір сәтсіз белесінде, дағдарысты күндерінде балалық шағында жанына түскен жарасы «мен әлі бармын» дегендей белгі береді.

Төрт дүниесі түгел жандардың да өздерін бақытсыз сезінетіндері де осыдан. Сондай-ақ, өз баласы дүниеге келіп, ата-ана атанған сәтте адамға балалық шақта басынан өткерген эмоция, қорқынышы қайта оралады.

–Ата-әжесінің қолында өскендер көп жағдайда жалғыздықта қалатындай. Неге?

– Оған жақын адамдарының сатқындығы себеп. Әдетте бала екі жақты сатқындықты көрді. Біріншісі – ата-анасы басқаға беріп жіберді, ал екінші рет –мектеп қарсаңында немесе бозбала кезінде жақсы көретін атасы мен әжесі оны анда-санда көрген ата-анасына қайтарып жібереді. Қалада жүрген ата-ана бала жақсы білім алсын деп оны ата-әжесінің қолынан алып кетеді. Бұл кезеңде бала жақын адамдардан алыстап кеткеніне азаптанып, қатты сағынып қиналады.

Сөз реті кеп тұрғанда бір адамның тарихын айта кетейін, құрбымның сіңілісін ата-әжесі бағып алған. Ол мектепте жүргенде ата-әжесі қайтыс болып кетті. Өзі қазір қырықтан асты. Ол өз әке-шешесі, аға, сіңілілерімен қарым-қатынасын түзей алмады. Бүгінде жүйке тыныштандыратын антидепрессанттар ішіп жүр. Баласы жоқ, күйеуге шықпаған. Әке-шешесімен тіл табыса алмады, себебі, өзін тастап кеткенін  кешіре алмай жүр.

Сан жыл осы мамандықта жүріп байқағаным, әке-шешенің тәрибесінде өскендерден ғөрі ата-әжесі бағып алған балалардың зорлық пен қорлыққа  ұшырау қауіпі көбірек болады екен. Үлкеннің сөзі заң, оған қарсы пікір айтуға болмайды, оған тек бағынып, айтқанын істеу керек дейтін отбасыда өскен балалар әрнәрсеге мойынұсынғыш, көнгіш келеді. Мысалы, қыз бала көшеде өзінен үлкен ер азаматты кездестіріп қалды делік. Қыз бала үйде көрген тәрбие бойынша үлкеннің айтқаны заң, оны құрметтеу керек деп біледі. Өкінішке орай, өмірде үлкендердің бәрі ол ойлағандай емес. Қыз баланы бір қуысқа алдап апарып, айуандық істеуі мүмкін. Бұл кезде бәрі кеш. Осы себепті үлкенге құрмет көрсету, айтқанын бұлжытпай істеу деген қағидаға қазір басқаша қарау керек. Әлбетте, көшпелі өмір салтындағы ата-бабамыз үлкендердің айтқанынан шықпады. Себебі, үлкендер табиғат заңын, күн райын, жайлаудың ретін, қыстаудың қамын, малдың күйін, елдің намысы мен құнын жақсы білді. Осы білімнің арқасында ел тіршілік етті. Ал қазір өмір ағысы мүлдем өзгеріп кетті. Бала үлкендердің айтқандарының бәрі заң, дұрыс ақыл, жақсылық емес екенін білуі тиіс.

Үлкендердің дегенінен шықпай өскендер ержеткенде өзгелердің жетегінде жүреді. Қандай бастық болса да, айтқанына бағынғысы кеп тұрады. Онысын дұрыс һәм қажет деп біледі. Өйткені, ол өзінен жоғары адамды зор санайды. Психологияда бұл құбылысты «проекция» дейді. Яғни, индивидтің өзін-өзі қорғау әрекеті.

– Бала үшін кері әсері болса, ата-әжеге бала бақтыру үрдісі неге осы күнге дейін жалғасып келеді?

– Баласын әке-шешесінің тәрбиесіне бергендер көп жағдайда оның салдарына ойланбайды. Олар үшін ата-әженің немересін баққаны қалыпты құбылыс. Иә бұдан басқа тәрбие түрін білмейді. Үлкендер өздері көрген тәрбиені соңындағы буынға беріп жүре береді. Егер бала кезде бастан кешкен психологиялық күйзеліс айтылмаса, оның шері тарқатылмаса, онда ол өзінің бастан кешкенін өз баласына дәл сол күйінде қайталайды.  Яғни, әке-шешсіне баласын тастап жүре береді.

–Дегенмен, көптеген ата-ана өз баласын әке-шешесіне қариялардың көңілі үшін береді ғой…

– Қазір бұрынғыдай емес, зейнеткерлердің көбі тың, ширақ, қуатты. Осы кісілердің басым бөлігінде өмірдің маңызы тек жұмыс болып келген.  Ал зейнетке шыққан соң өздерін далада жалғыз, крексіз қалғандай сезініп, жұмыстың орынын әйтеуір бір нәрсемен толтыруға тырысады. Ал зейнеткерлік өмірдің мағынасын табудың ең оңай жолы – бала бағу. Шындығына келгенде бұл таза санасыз эгоизм. Немере бағуды  психологиялық  қорғанысқа айналдырып алады. Апа, әжелер әдетте  «Баланың қасымда жүргені оған жақсы, сендерден гөрі мен дұрыс қараймын. Өздеріңді бақтым ғой, мұны да бағамын» деп шығады. Ата-әжелер үшін осылайша өздерін «біз қажетпіз» деп көрсету аса маңызды. Ал мұндай қажеттілік көрсетуге құштарлықтың жалғыз себебі адамдар жастайынан өз өміріне, жеке бастарына көп мән бермейді. Содан келіп, бала үшін, жұмыс үшін, немере үшін ғана өмір сүреді.

–Осы ана дамыған елдерде қарттар уақыттарын өздеріне арнап, әуес істерімен әлекке түсіп, оқу оқып, мамандығын өзгертіп, тіпті отбасын құрып жатады.  Бізде неге ондай емес?

–Елуден асқандардың көбі оқу оқуды ұят санайды. «Тустарым не айтады. Әне қызым жиеніммен қиналып жүр. Биге қатысып, оқу оқығанша жиенімді бағайын» дейді. Оларда өтелмеген парыз бен кінә сезімі бар. Жас кезінде түрлі жағдаймен өз балаларына жеткілікті көңіл бөле алмағандар көрсетілмей қалған аналық мейірімін қартайған шақта немересіне, жиендеріне бергісі кеп тұрады. Сөйтіп, өзінің осы қажеттілігін өтеуде немересіне кері тәрбие беретінін аңғармайды. Немесе өзін ақтауға бір сылтау тауып алады: «Көрдіңдер ме, немеремді қарап, бағып балаларыма өмірімді құрбан етіп отырмын. Осы себепті дем алмаймын!».  Ал сол кісінің балаларынан сұрасаң, олар шешелеріне «баламды бағып бер» деп айтпағанда, шешесінің өзі белсеніп кірісіп кеткені белгілі болады. «Мамамыз бір өзі тұрады, өзін жалғыз сезінеді» дейді балалары. 

– Ал осындай өз айтқанын орындататын ата-ананы қалай атайсыздар?

– Дәл осылай айтамыз. Олар үшін бала — айырбас немесе әсер ету құралы. Баланың пікірін ешкім сұрамайды. Соңғы кезде өз айтқанын орындататын ата-ана көбейіп келеді. Ал бала  —  манипуляция құралы.

–Сонда, ата-анасы немересін бағуға сұрап отырса, жас жұп не істеуі керек?

–Бізде өкініштісі балаға тұлға, тірі жан деп қарай бермейді. Баланың сезімі емес, үлкеннің сөзі басым. Осы себепті ата-әженің немере бағу үрдісі жалғасып келеді.  Дегенмен, қоғамның алға дамуы үшін болашақ ұрпаққа күш салумыз керек. Оған жету үшін баланың көңіл күйі, сезіміне құлақ асып, санасу қажет.

–Анасынан алыстап кеткен баланың қиналысын айттыңыз. Ал бұл жағдайда ананың сезімінде нендей өзгеріс болады?

– Ол әйелдің мінез-құлқына, жігеріне байланысты. Санасы бала сияқты, ішкі ойы балалық кептен өспеген өздерін бала санайтын әйелдер болады. Олар туған баласын өзгеге бағуға бергенде қатты қиналмайды, тіпті іштей қуанады. Осы балалық санадан өспеудің кесері кейін қартайғанда алдарынан шығады. Оларға балалары қарамай кетеді немесе тіл табыса алмайды.

–Балалық шақта бастан өткерген жан жарақатынан қалай айықса болады?  Психотерапия бұған көмектесе ала ма?

– Әдетте жеке немесе топтық психотерапея өткізеді. Өзің болып иә кітап арқылы психологиялық мәселені шешу өте қиын. Өзіңді қолдайтын орта керек.  Қауіпсіз аймақта шереңді алаңсыз тарқататын сенімді адам қажет. Ал қауіпсіз аймақ дегеніміз әлбетте ол психотерапевтің кеңсесі. Егер қиналған адам іштегі мазасыз шерін туған-туысына айтса, олар «Есің дұрыс па? Әке-шешең керемет адам ғой» деуі мүмкін. Осыдан кеп адам көпшіліктің сөзіне, табасына қалудан қорқып, өзіне деген сенімсіздік орнап, өзінің біртүрлі екеніне қуыстанып жүреді.

–Жасыратыны жоқ, қазір жастар балаларын ауылдағы шал-кемпірге қалдырып, өздері қалада жұмыс іздеп жүр. Сонда бүкіл бір буын сіз айтқан қатерлерді бастан кешіріп жатыр ғой?

–Бала бағудың осы түрі бұрыннан бар.  Совет заманында қаңғыбастар (закон о тунеядстве) заңы бар кезде, балабақшаға жете алмаған балалар әжесінің тәрбиесіне берілді. Дегенмен, қазір бұл үрдіс азайған болар деп үміттенем. Психологиялық көмектің артуынан ата-анасына балаларын тастап кететіндердің қатары азаяды. Әлбетте көп жағдайда амалдың жоқтығынан, өмірдің қиындығынан тастайтыны түсінікті. Мұндай жағдайда, бала жаны жарақаттанбайтын жақтарды іздеген жөн. Мәселен, ата мен әже баламен ашық сөйлесу керек. Ата-анасы оны өте жақсы көретінін, амалдың жоқтығынан, жұмыс істеу керек болғандықтан ғана олардың алыста жүргенін, кешікпей келетіндерін түсіндіріп отырулары шарт.  Ата-ана да балаға «жұмыс үшін ғана сенен алыста жүрміз. Өзіңді қатты жақсы көреміз. Көп кешікпей бірге боламыз» дегендей сөздерді ашық әрі жиі айтулары қажет. Осындай психиологиялық сауатты жүргізу өте маңызды. Еш жағдайда баланы алдауға болмайды. Бала ата –әже  мен  әке-шешенің айырмасын біліп, түсінуі қажет. Бала жылаған кезде  оған тиым салуға мүлдем болмайды. Қайта онымен тілдесіп, айтқанын тыңдап, онымен бірге мұңая, қуана білуді үйрену аса маңызды.

Уақыт бөліп, сұрақтарымызға жауап бергеніңізге көп рақмет! 

Әңгімелескен Анар Арыстанбек

Фото: egemen.kz

3 ПІКІРЛЕР

Comments are closed.