Қырғызстанның Жазаны атқару мемлекеттік қызметі (ЖАМҚ) қазақстандық белсенді Мұратбек Тұңғышбаевты Ұлттық қауіпсіздік мемлекеттік комитеті (ҰҚМК) қызметкерлеріне оны экстрадициялау туралы талап бойынша берген. Бұл туралы Азаттықтың Қырғыз редакциясына ЖАМҚ баспасөз қызметінен хабарлады.

Ведомство Тұңғышбаев экстрадицияланды ма, жоқ па деген сұраққа жауап бере алмайтынын айтты. Белсендіні экстрадициялау — ҰҚМК құзырында. Бірақ арнайы қызмет бұл мәселеге қатысты комментарий бермей отыр.

26 маусымда ҰҚМК қызметкерлері Мұратбек Тұңғышбаевты заттарымен бірге Бішкектегі тергеу абақтысынан алып кеткені белгілі болған.

25 маусымда Бішкектің Октябрь аудандық соты Қырғызстан Бас прокуратурасының Мұратбек Тұңғышбаевты Қазақстанға қайтару туралы шешімін қолдаған. 26 маусымда құқық қорғаушылар мен белсенділер Бішкекте кездесу өткізіп, сот шешімінің заңсыздығын, Қазақстанда белсендінің азапталуы мүмкін екенін айтқан.

Бұған дейін Қырғызстанның жазаны атқару комитеті Тұңғышбаевты Қазақстанға экстрадициялау процесі бір айға дейін созылуы ықтимал екенін хабарлаған.

Қазақстан билігі блогерді «экстремистік ұйым ретінде тыйым салынған «Қазақстанның демократиялық таңдауы» қозғалысын қолдайды» деп айыптап отыр. Тұңғышбаев пен оның туыстары бұл айыптың саяси астары барын мәлімдеп, халықаралық ұйымдардан араша сұрайды.

Бұған дейін қырғызстандық құқық қорғау ұйымдары мен азаматтық белсенділер Тұңғышбаевты Қазақстанға экстрадициялауға қарсылық танытқан.

21 мамырда Қырғызстан Бас прокуратурасы Мұратбек Тұңғышбаевты Қазақстанға экстрадициялау туралы шешім шығарған. Бұған дейін оны қамауға алу туралы шешімге қарсы берілген шағымдардың ешқайсысы қанағаттандырылмады. Қырғызстанның миграциялық қызметі 5 маусым күні Азаттыққа Мұратбек Тұңғышбаевтың өзіне босқын мәртебесін беру туралы өтінішін қарастырып жатқанын хабарлаған еді.

Дереккөз:Азаттық радиосы

Алматы қаласы туралы жаңалық оқу

Comments are closed.