«Беймезгіл уақытта кәмелетке толмаған  балаларын кафеге жіберетін ата-аналарға айыппұл салып қана қоймай, аты-жөндерін баспсөз беттеріне жариялау керек». Ақтөбе облысының әкімі Бердібек Сапарбаев балаларын бетімен жібергендерге осындай шара қолдау керек деп кесіп айтты.

-Мектептер мен колледждер директорларының да жауапкершіліктерін арттыру керек. Егер оқу орнында төбелес, бопсалау орын алса басшы тек ауызша сөгіспен ғана құтыла алмайды,- деді Бердібек САПАРБАЕВ балалар арасындағы қылмысты жеңу жолдары туралы талқыланған жиында.

Жалпы, облыста кәмелетке толмағандар соңғы бес ай ішінде 71 қылмыс жасаған. Көбінесе балалар  ұрлық, тонау, қарақшылық, алаяқтық және бопсалауға барады екен. Олардың 76%-ы заңды бірінші рет бұзғандар.

-Қазір бұрынғыдай әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасынан шыққандықтан жастар  қылмысқа барады деп айта алмаймыз. Ол негізгі себеп болудан әлдеқашан қалған. Мысалы, қылмыстық жауапкершілікке тартылған жасөспірімдердің 72,4%-ы тұрмысы жақсы толық отбасылардан шыққан. 17 маусым күні №19 мектепте оқитын құрдасын өлтірді деген күдікті де тұрмысы тәуір отбасыдан шыққан, мамандандырылған физика-математика мектебінің 11 сынып оқушысы, — дейді жергілікті полиция қызметі бастығының орынбасары Жанна МАКАРЕВИЧ.

Естеріңізге салсақ, жуырда Ақтөбеде мектеп бітіруші Азат ДҮСІПОВ  пышақтан алған жарақаттан көз жұмды. Жасөспірімді жедел жәрдем көлігімен ауруханаға жеткізгенімен, Азат таң алдында қайтыс болған. Анасы ұлының жүрек тұсынан, мойнынан және аяғынан жарақат алғанын айтады. Кейін полицейлер Қылмыстық Кодекстің 99-бабы 2-тармағымен қылмыстық іс қозғап, күдіктіні қамауға алды. Күдікке ілінген де биылғы түлек. Ақтөбедегі атағы дардай білім ошағы- облыстық мамандандырылған физика-математика мектеп-интернатының түлегі. «Алтын белгінің» иегері.

Фото:24.kz

Алматы қаласы туралы жаңалық оқу

Comments are closed.