Ресей президенті Владимир Путин АҚШ президентінің қауіпсіздік бойынша көмекшісі Джон Болтонға оның Мәскеуге келген сапары екі елдің арасын жақсартады деп үміттенетінін айтты. Екі саясаткер 27 маусымда Кремльде өтіп жатқан кездесу алдында журналистерге қысқаша тіл қатты. Болтон АҚШ президенті Дональд Трамп пен Ресей президенті Владимир Путиннің ықтимал жүздесуі туралы келіссөз жүргізіп жатыр.

Путин «Қырғи-қабақ соғыс» кезеңінен бері қарым-қатынасы күрделі күйде қалған екі елдің арасы қазір де жақсы емес екеніне меңзеп, АҚШ-тағы «ішкі саяси тартысты» кінәлі етіп көрсетуге тырысты, Трампты айыптамайтынын білдірді.

Болтон АҚШ билігінің ғаламдық тұрақтылықты мақсат тұтатынын мәлімдеді. Ол Путинмен кездеспей тұрып Ресейдің сыртқы істер министрі Сергей Лавровпен және Қауіпсіздік кеңесінің жоғары лауазымды мүшесі Юрий Аверьяновпен жеке жүздескен.

Ақ үйдің баспасөз хатшысы Сара Сандерс Twitter-де Болтонның екі ел президенттерінің кездесуін талқылайтынын хабарлаған. 

Ресейдің сыртқы істер министрлігі Лавров пен Болтонның Сирия мен Украина дағдарысы туралы сөйлескендерін мәлімдеді. Ресейдің 2014 жылы Қырым түбегін аннексиялап, Шығыс Украинадағы сепаратистерге дем беруі АҚШ-пен қарым-қатынасын ушықтырып жіберген факторлардың біріне айналған. 

Болтон Мәскеуге барар алдында 25-26 маусым күндері Лондон мен Римде аялдап, АҚШ-тың одақтастарымен кездескен. Ол сәрсенбі күні Мәскеу уақытымен кешкі сағат 19.30-да (Астана уақыты бойынша 22.30 — ред.) баспасөз мәслихатын өткізіп, Трамп пен Путиннің қашан, қайда кездесетінін жариялауы мүмкін.

АҚШ-тың мемлекет хатшысы Майк Помпео өткен аптаның соңында жергілікті телеарнаға берген сұхбатында Трамптың Путинмен «жуыр арада» жүздесуі ықтимал екенін айтып қалған.

Кейбір ақпарат көздері президент Трамп 11-12 шілде күндері Брюссельде өтетін НАТО саммитіне қатысып, 13 шілде күні Лондонға барған соң 15 шілдеде я Вена, я Хельсинкиде Путинмен келіссөз өткізеді деп хабарлаған.

2016 жылы АҚШ-та өткен президент сайлауынан кейін америкалық билік өкілдері мен қауіпсіздік қызметтері Ресейді «демократ кандидат Хиллари Клинтонға қарсы болып, республикашыл Дональд Трампты қолдап, сайлау нәтижесіне әсер ету үшін үгіт-насихат процесіне араласты» деп айыптаған. Мәскеу бұл айыптауды терістеп келеді. Бұл дауды АҚШ-та арнайы құрылған тәуелсіз тексеру тобы әлі зерттеп жатыр.

Дереккөз:Азаттық радиосы

Алматы қаласы туралы жаңалық оқу

Comments are closed.