Бүгінгі таңда адамзатты алаңдататын, әлемдік деңгейге көшкен мәселенің бірі – нашақорлық. Біреулер есірткі таратып, байлыққа кенеліп белшесінен батып жүр. Ал қаншама жан бұдан бақытсыздыққа ұшырап, ажал құшуда. Құқық қорғау органдарының нашақорлық дертінің алдын алуға бағытталған шараларының жүргізілуіне қарамастан, бұл дертке ұшыраған адамдардың, сондай-ақ есірткіге байланысты қылмыстардың саны жылдан-жылға өсіп келеді. Осы ретте Жамбыл облыстық ішкі істер департаментінің есірткі бизнесіне қарсы күрес басқармасының бастығы, полиция подполковнигі Асхат Алметов биылғы алғашқы жартыжылдықта облыс бойынша есірткіге байланысты 360  құқық бұзушылық тіркелгенін айтады. Оның 110-ы қылмыс, қалған 250-і қылмыстық теріс қылық болып табылады. Бұл ретте есірткіні сатудың – 75, ірі көлемде сақтаудың – 25, контрабандалық жолмен тасымалдаудың – 25, есірткі затын заңсыз өсірудің екі және есірткі немесе психотроптық заттарды тұтыну үшін притондар ұстаудың екі дерегі анықталған.

– Заңсыз айналымнан барлығы 950 келіден астам әртүрлі есірткі заттары тәркіленді. Оның ішінде  8 келі 548 грамм героин және 91келі 586 грамм гашиш  есірткі заты бар. Есірткі бизнесі саласында ұйымдасқан қылмыстарды жоюға бағытталған жоспарды жүзеге асыру барысында бес қылмыскерден тұратын, Жамбыл облысы Т.Рысқұлов ауданының тұрғындары болып табылатын «Абдиевтер» қылмыстық тобы құрықталды. Олардың тұрғын жай мекендерінен бес келіден астам героин есірткі заты, 5 миллион 86 мың 200 теңге, 500 қырғыз сомы және зергерлік алтын бұйымдары тәркіленді. Бұдан бөлек, «Хонда» және «Киа спорттейдж» маркалы автокөлік, «Беларус» тракторы прицептік агрегатымен айып тұрағына қойылды. Қазіргі таңда барлық қылмыстық топ мүшелері қамауға алынып, тергеу амалдары жүргізілуде, – дейді А.Алметов.

Сондай-ақ маусымның 1-інде басталған  «Көкнәр–2018» іс-шарасы басталған 20 күн ішінде есірткіге қатысты 56 құқық бұзушылық  тіркеліпті. Оның ішінде  есірткі сатудың –  4, контрабандалық жолмен тасымалдаудың – 1, ірі көлемде есірткі сақтаудың үш және есірткі затын заңсыз өсірудің екі дерегі анықталған.

– Тағы бір айта кетерлігі, бұрын нашақорлардың басым көпшілігі жағдайы төмен отбасылардан, толық емес отбасыларынан шығатын болса, қазір зиялылардың, бай-бағландардың ұл-қыздарының есірткіге елтуі ерекше байқалады.  Бұл ретте есірткі бизнесіне қарсы күресті тек құқық қорғау органдарының қызметкерлері ғана емес,  еліміздің әрбір азаматы бірлесе жүзеге асыруы тиіс, – дейді А.Алметов.

Нұрболат ӘЛДИБЕК

Жамбыл облысы

Алматы қаласы туралы жаңалық оқу

Comments are closed.