Қырғызстаннан Қазақстанға жақында экстрадицияланған, Астана тыйым салынған «Қазақстанның демократиялық таңдауы» қозғалысының жұмысына қатысқан деген күдікпен іс қозғаған қазақстандық белсенді, блогер Мұратбек Тұңғышбаев тергеу уақытында Алматыда абақтыға екі айға қамалды. Бұл туралы Азаттық тілшісіне оның адвокаты Гүлнәр Жуаспаева хабарлады. Адвокат бүгін тергеуші Алмат Қаңтарбаевпен кездесіп сөйлескенін айтты.

— Тергеушінің сөзінше, ол Тұңғышбаевты үйқамаққа алу туралы құжаттар әзірлеген. Алмалы аудандық сотының судьясы Жарылғасова Тұңғышбаевты үйқамаққа босату туралы шешім шығарған. Бірақ прокуратура қарсылық танытып, қалалық сотқа шағым берген. Қалалық сот Мұратбек Тұңғышбаевты екі айға қамауға қаулы еткен. Маған мемлекеттік адвокат қазір ғана құжаттарды берді. Бұл екі сот кеше бір күннің ішінде өтіп кеткен сияқты, – деді адвокат Гүлнәр Жуаспаева.

Ол сот құжаттарын сәлден соң Facebook-тағы парақшасына жариялайтынын айтты.

Бұған дейін Бішкектегі экстрадициялау туралы сотқа қатысқан құқық қорғаушылар сотта Қазақстан жағының Тұңғышбаевты елде бір ғана баппен (405-баптың 2-бөлімі — Экстремистік ұйымның әрекетіне қатысу) жауапкершілікке тартуға уәде бергенін мәлімдеген. Адвокаттың айтуынша, тергеуші Қаңтарбаев Мұратбек Тұңғышбаевқа сол бір баппен ғана айып тағылғанын айтқан.

Гүлнәр Жуаспаеваның айтуынша, Мұратбек Тұңғышбаев қазір Алматыдағы СИ-18 тергеу изоляторында отыр. Адвокат шілденің 2-і күні онымен кездесуге баратынын айтты.

Мұратбек Тұңғышбаевты Қазақстанға әкелгелі бері бірнеше күн бойы туыстары оның қайда екенін біле алмаған еді.

Оқи отырыңыз: Туыстары Тұңғышбаевты Алматы полициясында ұстап отырғанын айтады

Қазақстандық оппозициялық белсенді әрі блогер Мұратбек Тұңғышбаевты 26 маусымда Қырғызстан Ұлттық қауіпсіздік мемлекеттік комитеті Қазақстанның құқық қорғау органдарына тапсырған. HRW адам құқығын қорғау ұйымы Қырғызстанның азаптауға ұшырауы мүмкін екеніне қарамастан саяси астары бар іс бойынша айыпталған белсенді Мұратбек Тұңғышбаевты Қазақстанға тапсыруын айыптаған.

Мұратбек Тұңғышбаевты Қырғызстан арнайы қызметі 10 мамырда Бішкекте Қазақстан билігінің сұрауымен ұстаған. 25 маусымда Бішкектің Октябрь аудандық соты Қырғызстан Бас прокуратурасының Мұратбек Тұңғышбаевты Қазақстанға қайтару туралы шешімін қолдаған.

Қазақстан билігі Мұратбек Тұңғышбаевты «экстремистік ұйым ретінде тыйым салынған «Қазақстанның демократиялық таңдауы» қозғалысын қолдайды» деп айыптап отыр. Тұңғышбаев аталған қозғалысқа қатысы жоғын айтып, бұл айыптың саяси астары бар деп мәлімдеген.

21 мамырда Қырғызстан Бас прокуратурасы Мұратбек Тұңғышбаевты Қазақстанға экстрадициялау туралы шешім шығарған. Бұған дейін оны қамауға алу туралы шешімге қарсы берілген шағымдардың ешқайсысы қанағаттандырылмады. Қырғызстанның миграциялық қызметі 5 маусым күні Азаттыққа Мұратбек Тұңғышбаевтың өзіне босқын мәртебесін беру туралы өтінішін қарастырып жатқанын хабарлаған болатын.

Дереккөз:Азаттық радиосы

Алматы қаласы туралы жаңалық оқу

Comments are closed.