Ертіс толқынын күй тулатты

334

1 шілде – ұлттық домбыра күніне орай Семейдің Ертіс жағалауын жергілікті өнер ұжымдары күй күмбіріне бөледі. Ұрпақ бойына рух дарытып, қазақтың кім екендігін танытатын домбыраның қадір-қасиеті тарихтан белгілі. Ақын Қадырдың «Нағыз қазақ қазақ емес, нағыз қазақ –домбыра» деп жырлауы да бекер болмаса керек.

Жағалауда жүрген жұрт арасынан сөзге тартқан адамымыз Қырғызстаннан келген қонақ болып шықты. Айыр қалпағымен ұлттық болмысын көрсетіп тұрған Сапарбай Чутбаев қазақтың домбырасы мен қырғыздың қомузы барда ұлттық өнердің өміршең болатынын тебірене тілге тиек етті.

«Мен негізі Семейдегі құдаларыма Ош облысы, Қарасу ауылынан қыдырып келгенмін- дейді ол-  Қызымыз Жәмилә Новосібірде оқып жүргенде семейлік Ержан атты азаматпен танысып сөз байласып дегендей, ақыры тағдыр айдап, Семей жеріне келін болды. Әрине, қуаныштымыз. Қызың арқылы өріс кеңейгеніне не жетсін?!  Бұл жолғы келісіміз қазақтың домбыра мерекесіне дәл келген екен. Мен өзім музыка пәнінің мұғалімімін. Қырғыздарда да қомуз күні бар. Әсерім күшті. Қазақ-қырғыз ежелден бірлігі мен туыстығы жарасқан жұрт. Әдет-ғұрыптарымыз да ұқсас. Туыстық байланысымызды нығайта түсетін де осындай өнер шаралары деп ойлаймын».

 Ертіс жағалауы өзге қаладағы тарихи-өлкетану музейі де келушілерге есігін айқара ашыпты. «Домбыра-дастан» атты көрмеге қазақтың ұлттық өнерінде ұмытылмас із қалдырған белгілі тұлғалардың домбыралары қойылған. Бұл көрмеден Абайдың ақын шәкірті Тәңірберген Әміреновтің, айтыскер ақын Сапарғали Әлімбетовтің, әйгілі әнші, тілі шұрайлы жазушы Жәнібек Кәрменовтің, ақын Ақылбек Манабаевтың және Шәкәрім әндерін наихаттаушы Келденбай Өлмесековтің домбыралары көз тартады. Өнер жәдігерлерінің барлығын да осы таланттардың отбасы әр жылдары арнайы келіп тарту еткен.

Музейдің жақында ғана тағайындалған директоры, ақын-журналист Қайрат Сабырбайдың айтуынша, бұл музейде өзге де құнды жәдігерлер жетерлік. Тарихи-өлкетану мұражайының негізі Семейде 1883 жылы құрылғаны мәлім. Музей орналасқан ғимараттың өзі 1895 жылы салынған. Сұлтанмахмұт Торайғыровтың әйгілі «Әлиханның Семейге келуі» атты мақаласына себеп болған Алаш көсемі, ұлт қайраткері Ә. Бөкейханның ел-жұртымен кездесуі де осы ғимаратта өткені белгілі.

Түптеп келгенде «Ұлттық домбыра күні» қала жұртшылығына ерекше серпіліс сыйлаған қуанышқа толы болды. Қала әкімі Ермак Сәлімов дәл осы күні дүниеге келген бірінші перзент — Гүлжанат Нұртазинаның кішкентай сәбиін перзентханаға барып арнайы құттықтап, домбыра тарту етті.

3 ПІКІРЛЕР

Comments are closed.