Түрмедегі әйелдер колледж дипломын қалай алған?

506

Атыраудағы әйелдердің УГ-157/11 түзету мекемесінде жазасын өтеп жатқан отыз қыз-келіншек мекеме аумағындағы колледжді бітіріп, қолдарына диплом алды. Олар бостандыққа шыққаннан кейін тігінші, кондитер, аспаз, шаштараз болып жұмыс істей алады. Бұл турады zhasalash.kz сайтының Атыраудағы тілшісі хабарлайды.

-Аяғын жазым басқан жандардың ішінде болашақта қоғамнан өз орнын табуды қалайтындары көп. Біз сол үшін олардың білім алуына жағдай жасап отырмыз, — дейді УГ-157/11 мекемесі колледжінің директоры Амангелді ҮДЕРБАЕВ.

Облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының мәліметінше, жыл басынан бері 57 адам бостандыққа шыққан. Қазіргі таңда пробация органдарында 185 адам есепте тұр, тағы 242 адам жұмыс сұрап, өтініш беріпті.

-Бұл тізімнің ішінен жазасын толық өтеген 142 адамға әлеуметтік көмек көрсетілді, 29 адам жұмысқа орналасты, 15-і квота бойынша жұмыс тауып, 8-і қоғамдық жұмысқа тартылды, қайта даярланғаны – 19 адам. Өкінішке қарай, он екі адам мемлекеттің ұсынған көмегінен бас тартса, бір адам денсаулығына байланысты жұмысқа жарамсыз деп танылып отыр. Бір адам бостандыққа шыққаннан кейін жеке кәсіпкер атанса, тағы үшеуі «Бастау Бизнес» жобасы бойынша кәсіпкерліктің қыр-сырын үйреніп жатыр, — дейді аталған басқарма басшысы Асқар ЖАНАХМЕТ.

Дегенмен, түзету мекемелерінен шыққан жүзге тарта адам әлі де әлеуметтік көмекпен не жұмыспен қамтылмапты. Олар естіп-біліп отырса да тиесілі мекемелерге уақытылы келіп, тіркелмеуі арқылы өздерінің қалыпты өмірге тез бейімделуіне кедергі жасап отыр екен.

Фотолар автордікі.

3 ПІКІРЛЕР

Comments are closed.