Әдебиет – арыздың емес, ардың ісі

1281

Ағымдағы жылдың 20 маусымында «Жас Алаш» газетіне «Бибі-Ана» деп аталатын қордың президенті Бибігүл Иманғазинаның «Келеңсіздіктермен күресуден танбаймын» деген мақаласы жарық көріпті. Бұл мақалада  басты «келеңсіз» ретінде менің атыма неше түрлі келеңсіз сөздер айтылып, ашықтан-ашық ғайбатқа барыпты. Иманғазинаның мақаласы ашу-ызаға, өз кінәсін білмей, өзгеге жала жабуға, шығармасының жолы болмай қалғанын «ата жауы» (Бибігүлдің сөзі) Дулат Исабековтен көріп, неше түрлі былғаныш сөздермен арға тиетін бәле-жаласын үйіп-төгіпті. Өзін Бибі-анамын деп атайтын адамға мүлде жат, мәдениет, этика дегеннен жұрдай, дөрекі  пайымдауға толы екен. Бұл мақаланы ақталу үшін емес, қалың оқырманның көңілін күдіктен тазарту үшін жазып отырмын.

«Мемлекеттік сыйлыққа комиссия мүшелерінің бірі, менің ата жауым Дулат Исабеков: «Бұл кітапты мен «Жазушы» баспасында директор боп отырғанда шығарған болатынмын, одан бері қанша жыл өтті, сондықтан Иманғазинаның «Тауқыметін» талқылауға ұсынудың да қажеті жоқ» деп, мені сыйлыққа ұсындырмай қойыпты» деген пікір айтыпты. Мүлде білмей айтылған ғайбат сөз. Комиссия  отырысына 17 автордың кітабы ұсынылған болатын. Отырыс басталғанда комиссия төрайымы 17 автордың жетеуі юристік сараптамадан өтпей қалғанын, талқылауға 10 автордың кітабы ұсынылатынын ресми хабарлап, дауыс беру үшін сол тізімді бәрімізге таратып берді. Талқылауға жіберілмеген кітаптардың ішінде «Тауқымет» те бар. Демек, оның «құлап» қалғанына  Бибігүлдің «ата жауы» – менің түк те қатысым жоқ. Біз юристік сараптамадан өткен шығармаларға ғана жасырын дауыс беруге құқылымыз. Бар болғаны осы. Ал Нұрлан Оразалин бұл шығарманы комиссия қарауына қайта ұсыну жөнінде пікірін айтты. Осы жерде мен оған қарсы сөйледім. Романның атам заманда шыққанын, көркемдік дәрежесі ешқандай сын көтермейтінін, өзін-өзі мақтаудан тұратын, тіпті «құбылыс», «явление», «мать Тереза» деп күлкі  тудыратын тұстары барын айтып, егер бұл шығарманы комиссия талқылауына қайта ұсынатын болсақ, «қалған алты авторды да қосайық, олар да өзін ешкімнен кем санамайды. Ондай жағдайда Мұрат Әуезовтің ойлы, парасатты, әлемдік әдебиеттану деңгейінде асқан білімділікпен жазған «Времен связующая нить» деген ауқымды кітабын да қайта қарайық» деп пікір айтқаным рас. Бибігүл кітапты толықтырдым дегенді баса айтады, Мұрат та толықтырған. Үш-төрт адам қолдап сөйлесек те, Мұрат Әуезовтің бұл кітабы да қайта қаралмады. Бұл жерде ереже солай. Мың жерден мақтасаң да, даттасаң да шешім қабылданған соң, ол мәселеге қайтып оралу деген болмайды.

«Тауқыметтің» талқылауға түспей қалуының себебі – осы.

Мемлекеттік сыйлықтар жөніндегі комиссияның шешімі бойынша шығармасы «өтпей» қалған автор тек Иманғазина емес,  талай-талай талантты авторларға бір дауыс, екі дауыс жетпей, марапатқа ие бола алмай қалғандар толып жатыр. Егер олардың бәрі шығармаларының жолы болмай қалғаны үшін Иманғазина сияқты байбалам сала берсе не болғаны? Одан да өзіңді-өзің  қамшыла, ешкімнен өзіңе «ата жау» іздемей, ескі дүниені қағып-сілки бермей, жаңасын жаз! Көрсет жұртқа шын талант екеніңді. Дүкенбай Досжанов, Иран-Ғайып, Ғалым Жайлыбай т.б. ақын-жазушылар әуелгі кезде «сүрініп» қалғандары үшін ренжісе ренжіген шығар, бірақ қарсы пікір айтқан адамға жауығып, тас лақтырып бәле жапқан емес.

Екінші мәселе – «Тауқымет» романының (оны «роман» деуге де келмейді) шығу тарихы жайлы.

Мен «Жазушы» баспасына 1992  жылы директор болып келдім. Бұл жылдар еліміз үшін ең қиын кезең еді. Баспалардың күні күн емес. Қағаз, ақша жоқ. Қағаздың бағасы түске шейін бір басқа, түстен кейін екі басқа боп жатқан аласапыран кез. Жұмысқа кірісіп, баспаның жұмыс графигін тексеріп қарағанда ерекше жағдайға тап болдым. Баспаның тақырыптық жоспарында Б.Иманғазинаның «Тауқымет» романы тұр екен. Көлемі – 50 баспа табақ, таралымы – 50 мың. Астапыралла! Мұндай көлем, мұндай таралым классик жазушыларымыз түгіл, әйгілі фантастар мен детектившілер үшін де қиял боп көрінетін. Баспаның бас редакторы Әнес Сараев пен бөлім меңгерушілерін, бухгалтерия мен жоспарлау бөлімін жинап алып, істің мән-жайын білуге кірістім. Сөйтсем, осы кітаптың шығуына қолдау көрсетіп, сол кездегі «Оңтүстік-мақта» компаниясынан (президенті Жақсылық Арзымбетов) 600 мың сом ақша баспаға аударылыпты. Бибігүл мақаласында көрсеткендей, бұл ақшаға 10 машина емес, 100 «Жигули» (шестерка) келеді екен. Өте мол қаржы. Сол мол қаржыдан баспаның есепшотында бір тиын да қалмаған. Ақша қайда кетті? Жоқ! Бұрынғы директор ағам Қалдарбек Найманбаевпен хабарластым. Сол кезде ол Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының төрағасы боп ауысып кеткен еді. Ол ағам болса адам түсінбейтін бір сылтауларды айтып, баспахананың ақшасы төленіп қойған деген судыр сөздер айтумен болды. Кітаптың версткасы, подписнойы келді. Енді оны 50 мың тиражбен басып шығару түске де кірмейтін процесс еді. Жұмыс тоқтап қалды. Иманғазина болса екі күннің бірінде хабарласып, «кітабымды шығар» деп талап етеді. Оныкі заңды да. Заң бар, ақша жоқ. Ақшаның қайда кеткенін ешкім білмейтін болып шықты. Айдап отырып сол кездегі министр Алтынбек Сәрсенбаевқа, министрдің орынбасары Әлібек Асқаровқа барып, орын алып отырған қиын жағдайды баяндап шықтым. Олар да шарасыз. Оларда да тауып бере қоятын қаржы жоқ. Істің ақыры сотқа түсті. Совет аудандық сотының әлденеше отырысына Қалдарбек көкем бірде-бір рет келмеді. Сот басталар алдында айрықша жайды байқадым. Романды шығару жөнінде, әдетте баспа авторымен шарт жасасады. Үш дана етіп. Бірі – авторда, екіншісі – баспада, үшіншісі – министрлікте  болуы шарт. Баспада да, министрлікте де келісімшарт атымен жоқ. Тек Бибігүл Иманғазинаның қолында ғана бір данасы бар. Оның өзі қолмен толтырылған. 90-жылдары баспа ісі жөніндегі ешқандай келісімшарт қолмен толтырылмайтын. Осының өзі заңға қайшы болатын.

Сонымен не керек, мен үшін «сот» эпопеясы  басталды. Сот баспаға 7 миллион сом және  моральдық залал үшін 4 миллион сом (ол кезде әлі сом) айыппұл белгіледі. Ондай  үлкен сома түгіл, айлық жалақысын ала алмай отырған баспа үшін мұндай айыппұлды өтеу мүмкін емес еді.

Қалалық соттың бастығы Қайрат Мәмиге барып, аудандық соттың шешімін бұздырамыз. Аудандық сот, не бәлесі бар екенін қайдам, қайта шешім шығарады. Әбден күйіп кеткен соң, сол кездегі жоғарғы соттың төрағасы Малахов жолдастан бір-ақ шықтым. Ол «моральдық шығын» деген тармақты алып тастап, 11 миллионды 7 миллионға түсірді. Өйткені кітаптың подписной басылымы шыққан еді. Демек, моральдық шығын жоқ деген сөз. Сарыағаш жаққа жолым түскенде Арзымбетовке арнайы жолықтым. Ол кезде Жақсылық осы ауданның әкімі еді. «Баспаға ақша аударғаның рас па?» дедім. «Рас» деді. Менің одан бар білгім келгені осы еді.

Сонымен, 600 мың сом ақша ұшты-күйлі жоғалып тынды. Жоғарыда айтқандай, мен баспаға директор болып 1992 жылы келдім. Бибігүлдің айтуынша, ақша бұдан екі жыл бұрын аударылыпты. Содан бері неге кітап шықпаған? Неге 1993 жылы ғана подписной басылымы келеді? Қолмен жазылған келісімшарт неге бір-ақ дана боп Бибігүлде сақталған? Бұл да  үлкен  күдік тудыратын факт. Бибігүлдің өзі құпия бір шындықты жасырып отырған сияқты.

«Кітап сегіз айдың ішінде шығуы керек еді» дейді Бибігүл. Мен баспаға 1992 жылы келдім, демек, ақша 90-жылдары аударылған. Содан бері сегіз ай емес, екі жылдан астам уақыт өтіпті. Автор бұған дейін қайда жүрген? Баспаның есепшотында 600 мың түгіл, 600 сом ақшаның жоқ екенін Бибігүл ханым «жүдә» жақсы біледі. Білгеннен соң дауласуға кірісті. Бар сенгені – қолында тұрған қолдан жасалған (фиктивный) келісімшарт қана. Енді мен ойлаймын, сол ақшаның «жоғалып кеткен» себебін Бибігүл мен баспаның бұрынғы директоры білген шығар-ау деп.

Ал менің қызметтен кеткен себебім басқа жұмысқа ауысуыма байланысты болатын. 1994 жылы емес, 1995 жылы «Тауқыметтің» подписной басылымы шыққан кезде.

Ал дәл осы романым көркемдік жағынан «роман» деген үлкен жанрға жауап бере алатын шығарма деп ойласаң өзің біл, Бибігүл! Бұл да бір әдебиеттегі құндылық деген ұғымның бүгінде әбден құлдырап бара жатқанының дәлелі шығар.

Алла ақырын берсін! Бірақ мен саған «ата жау» емеспін. Жоқ жерден жау іздеме, Бибігүл! Ол кезде 50 баспа табақ бір романды 50 мың тиражбен  «ата жауың» мен түгіл, туған бауырың да шығара алмас еді.

Әдебиет – арыздың емес, ардың ісі.

Дулат Исабеков, жазушы

Фото: zakon.kz

3 ПІКІРЛЕР

Comments are closed.