Алматыда шілденің 4-і күні «Жаңа Қазақстан форумы» қоғамдық ұйымының өкілдері баспасөз мәслихатын өткізді деп хабарлайды Азаттық тілшісі. Жиында форум атынан сөйлеген саясаткерлер мен саясаттанушылар Әміржан Қосанов, Дос Көшім, Расул Жұмалы және Айдос Сарым «Қытайдың Қазақстан экономикасына экспансиясы» және өздерінің таяуда АҚШ-қа жасаған сапары туралы айтты.

Әміржан Қосановтың айтуынша, олар шілденің 3-і күні премьер-министрдің атына хат жолдап, Қазақстанға Қытайдан көшіріледі деген 51 кәсіпорынның иесі, оларға берілетін жер, зауыттардың экологияға әсері туралы мәлімет беруін сұраған. «Қытайдан үркуге қарсымыз, ынтымақтастық пен достықты ұстай отырып, елдің мәселесін қозғаймыз» деді Қосанов.

Бұдан соң сөз алған Расул Жұмалы өткен аптада бір топ адам Вашингонға барып, АҚШ сенатында, Конгрессте , Мемлекеттік департаментте және Ұлттық қауіпсіздік қызметінде бірнеше кездесу өткізгенін, БАҚ өкілдерімен жолыққанын айтты. Оның сөзінше, «Жаңа Қазақстан форумы» өкілдері кездесулерде Қазақстандағы ашаршылық тақырыбына халықаралық баға беру, билік транзиті, сөз бостандығы және ақпараттық қауіпсіздік жайын талқылаған.

Оқи отырыңыз: «Жаңа Қазақстан» саясатқа араласуды көздейді

Айдос Сарым кездесуде америкалықтардан ашаршылықты мойындату жұмысын қалай жүргізуді сұрағандарын, үш-төрт жылда бұл мәселеде нәтижеге жететіндерін айтты.  

Жиын арасында форум өкілдері өздерінің «биліктің жобасы емесін, Қазақстан билігін ашық сынайтын, шетелде тұратын бұрынғы банкир Мұхтар Әблязовке «қарсы емесін» де айтты. Олар оппоненттерінен өздерін «бүлдірген нәрсемізді анық айтып, дәл тауып» сынауын сұрады.

Дереккөз:Азаттық радиосы

Алматы қаласы туралы жаңалық оқу

Comments are closed.