Орал қалалық соты әр жылдары қала әкімінің орынбасары болған Владимир Дремасовтың ұлы Игорь Дремасовты Орал мен Қостанай қалаларындағы Kaspi Bank терминалдарынан сегіз миллион теңгеден астам қаржы ұрлады деп айыптап, бес жыл шартты мерзімге соттады.  

Сот үкімі бойынша, Игорь Дремасов серіктері — жергілікті тұрғындар Антон Емельянов және Дмитрий Зайкинмен бірге 2017 жылы желтоқсанда қаладағы азық-түлік дүкендерінің біріндегі банк терминалын ашып, бес миллион теңгеден астам қаржыны ұрлаған. Ал биыл ақпанда Қостанайдағы терминалдардың бірін бұзып, үш миллион теңгеден астам қаржы ұрлаған.

Үшеуі де «аса ірі көлемде жымқыру» бабы бойынша айыпты деп танылып, бірдей мерзімге шартты жаза кесілді. Бұған дейін сотталушылар прокуратурамен кінәсін мойындау туралы келісім жасасып, банкке келтірген шығынын толық өтеген.

Сот үкімі бойынша, сотталушылар пробациялық бақылауда болады. Оларға полицияға ескертпестен тұрғылықты жерін ауыстыруға және ойын-сауық орындарына баруға тыйым салынған.

Бұған дейін сотталушылар мен олардың адвокаттары Азаттыққа комментарий беруден бас тартқан.

Дереккөз:Азаттық радиосы

Алматы қаласы туралы жаңалық оқу

Comments are closed.