Алматы қаласындағы бұрынғы НКВД-ның кеңсесі болған, арыстардың қаны төгілген атышулы ғимараттың орнына қонақүй салынбақ. 2000 жылы президент Назарбаев қол қойған құжатта бұл жерден тарихи-мемориалдық кешен ашылсын делінген. Алайда 2005 жылы Тасмағамбетов әкім болып тұрған кезде бұл ғимарат сатылып кеткен.

Қуғын-сүргін құрбандарын тек 31 мамыр күні ғана еске алып қойып қашанғы жүрер екенбіз, осы… Рас, әр жерде сақталған музейлер бар, енді саламыз деп жатқандары да жоқ емес. Оның бәрі уақыттың өзі сыйға тартқан еркіндікпен келген бір жетістік екен. Дегенмен барын ұқсатып алмай жатып, әр жыл сайын жоспар құруға құштар біздің ел биыл да біраз жобаның басталатыны туралы айтып тастады. Бірақ соның бәрінің бастауында тұрған Алматыдағы НКВД-ның кеңсесі болған, бір кварталды түгел алып жатқан алып ғимараттың басы даудан арылмай-ақ қойды. Қазақтың асылдарын азаптаған, атып-асқан ғимарат бүгінде әркім бір келіп қосын тігіп, кәсібін жүргізіп, көшіп кете беретін орынға айналған жайы бар. Кәсіпкер атаулының ұзақ тұрақтамайтынының себебі ­– кәсібі дұрыс жүрмейді екен. «Қанды жер, қаралы тарихтың орны болған соң солай болады да» дейді елдің аузы. Ол да рас шығар, дегенмен осыдан біраз күн бұрын бір топ белсенді осы ғимараттың қонақүйге айналмақ екенін, әлдебір кәсіпкер қазірдің өзінде ішкі құрылысын бұзып, қайта жасап жатқанын айтып мәселе көтерген. Сол топтың басты мүшелері, Республикалық қуғын-сүргінге ұшырағандар қауымдастығының төрағасы Жұмабек Ашуұлы мен тарихшы, жазушы Бейбіт Қойшыбаевпен арнайы сөйлескенімізде, кәсіпкер тұрақтатпай келе жатқан ғимараттың қолдан-қолға көшуінің жаңа бір сырына қанықтық.

– Бейбіт аға, сіздер көп жылдан бері НКВД жендеттерінің қасап орны болған ғимаратты музейге айналдыру мәселесін көтеріп келе жатқандарыңыздан хабардармыз. Енді бір жақсылық бола ма деп жүргенде, мына хабар біраз жұртты қоңылтақсытып-ақ тастады. Не болып жатыр?

– Бұл ғимарат – бүкіл бір махалланы алып жатқан үлкен ғимарат. 2003 жылы екі қабатты 600 шаршы метрін алып, музей ашылған. Бірақ оның ғұмыры ұзақ бола қойған жоқ. Шамамен бір жарым жыл өтпей қайтадан жабылып қалды. Оның себебі – бүкіл ғимарат жекеменшікке өтіп кеткен. «Көшіңдер» деп келіп тұрған соң, біз жиылып қалалық әкімшілікке бардық. Олар «бұл ғимарат біздің балансымызда жоқ, күштік құрылымдардың біріне қарайды, біздің билігіміз жүрмейді» деп, жауапкершіліктен басын ала қашты.

Қараңызшы, баяғыда, жарайды, өзге елдің қол астында отырдық, қабағына қарадық, қорықтық. Енді өзіңе-өзің қожа болған уақытта сол кезде айта алмағанымызды айтып, көрсете алмағанымызды көрсетіп, қазақ деген елдің қандай азапты жолдан өткенін ұрпаққа көрсетуіміз керек еді ғой. Бұл, бір жағынан, демократияның бастамасы болар еді. Тарихындағы қасіретін айта білген ұлт бүгінгісінің де кемшілігін айта алар еді. Мұндай қанды қасаптың болашақта қайталанбауына ықпал ететін нәрсе ғой бұл, себебі музей – әншейін ішін экспонаттармен толтырып қоя салатын емес, кірген адам тебіреніп, қазақтың мұндай күйге не үшін, қалай түскенін біліп шығатын орын. Қасіреттің себебін білген ұлт енді өткен қателіктерді қайталамауға барын салады. Тәуелсіздіктің шын күрескерлерін тәрбиелеуіміз керек – кеше қандай болдық, бүгін қандаймыз, ертең қандай боламыз?

Қанды жер, қаралы тарихтың орнына қонақүй салмақ

НКВД ғимараты орталық Қызылордадан Алматыға ауысып келген күннен бастап жұмыс істеген, қазақтың көсемдерін мұрнынан тізіп, көгендеп берген, тіпті о баста төрт айдың ішінде 7,5 мың адамды қудалау туралы шешім қабылдап, кейін, жоспарды артығымен орындап, тағы да квота сұрайтын кез бар ғой, міне, сол астыртын саясаттың бәрі осы ғимаратта жүрген. Жалпы, қазақтың қай қасіретін де індетіп келсең, түбі осы ғимараттан шығады. Жертөлесі, ішкі түрмесі бар, өзі де қанды жер, ал қазақтың өзге жеріндегі атып-асулардың бәріне негізгі нұсқау осы жерден беріліп отырған. Мәскеумен тікелей жұмыс істеген де осы мекеме. Музей жабылғалы осы мәселені көтеріп келеміз, әлі ешкім қозғалмайды. Бұл жерді сатып алып жатқандардың тарихпен, ұлтпен ісі жоқ, сатып жібергендер де солай.

Сонда сіздерге айтпай, сырттай сатып жіберген бе?

– Солай болып тұр ғой. Қанша жыл болды, әлі жүрміз, біріне-бірі сілтейді. Қалалық әкімдік бұған шамаларының келмейтінін, Астана шешетінін айтады. Бұл өзі өте үлкен аумақты алып жатқан мекеме. Ішкі түрмесінде кімдер жатпады, жертөлесінде кімдер атылмады?! Мылтықтың даусы естілмесін деп, машинаны оталдырып қояды екен, адам ататын жерді жендеттер «Тир» деп атайтын болған. Сол жерде атып, одан ары қапқа салып, қаланың сыртына апарып тастай беретін болған. Соның бәрін біле тұра, ең болмағанда әлгі 600 шаршы метрді сақтап қоюға болар еді ғой ең құрығанда… Жұмыс істеп тұрғанда келген жұрт кәдімгідей тарихқа қанығып, көздеріне жас алып қайтатын. Ел-жұрт риза болды, тіпті шетелдіктер де көп келетін. Бұл 600 шаршы метр істің басы болатын, біздің жоспарымыз бойынша, содан ары үлкейтеміз, ақырында ғимараттың бүкіл аумағын мемориалдық кешенге айналдырамыз деп жүргенде сатылған да кеткен.

Музей жабылған соң, ондағы экспонаттар қайда кетті?

– Оның бәрі қалалық әкімдіктің қолына өтті. Қалалық музейдің кішкене бір бұрышына, арнайы бөлім ашып кейбірін қойды, көбі сыймай қалды. Сыймағандары қоймасында жатыр деп естимін, нақты хабарымыз жоқ. Қалалық музей қазір басқа бір ғимаратқа көшті дейді, одан кейін негізгі бөлімнен орын берілді ме, жоқ па, білмедім.

— 600 метр жерді алдыңыздар. Музейді қаншалықты жасақтай алдыңыздар?

— 600 метр де қос қабатымен есептегенде аса кішкене жер емес, біраз дүние сыйып-ақ тұрған. Бұл жер президенттің жарлығымен бөлінген. Біраз бөлім болды. Ғасырдың басындағы ұлт қозғалысы кезінен бастап, тарихи кезеңдердің бәрі қамтылған. Суреттер, бейнелі картиналар, әртүрлі деректер… Мұның сыртында енді жиналып жатқан дүниелер қаншама…

-Музейдің жұмысына қаржыны қайдан алдыңыздар?

-Біз концепциясын жасадық, негізгі жұмысты жүргізген қалалық әкімдік қой. Қаржы қалалық әкімдіктен шықты. Бұл істің басы-қасында болып, бар шаруаға мұрындық болған – Жұмабек Ашуұлы басқарып отырған Қазақстандағы қуғын-сүргін құрбандары қауымдастығы. Қазір де осы ғимараттың ішінде өзінің жеке кабинеті бар, бірақ одан да шық деп жатқан көрінеді. «Бір айдың ішінде босат» деп талап қойып отыр дейді.

Бұдан кейін жағдайды толығырақ білмек оймен Жұмабек Ашуұлының өзіне хабарластық. Біз қоңырау шалғанда «республикалық БАҚ өкілдері жаппай үнсіз қалды» деп таусылып отыр екен.

– Жұмабек Ашуұлы, тарихи-мемориалдық кешен болуға тиіс алып ғимарат енді қонақүйге айналады дейді. Істің бұлайша насырға шабуына не себеп болды?

– Атақты НКВД-ның кеңсесі – 1934 жылы салынған зұлымдық ордасы. Небір қасаптар болған ғой, білесіздер. Кейін, еліміз тәуелсіздік алған соң, бұл жерде біздің ҰҚК отырды. 1999 жылы ҰҚК Астанаға қоныс аударған соң, бұл ғимарат бізге жалға берілген. 2000 жылы 14 сәуірде президент Нұрсұлтан Назарбаевтың бұйрығымен бұл үй, бұл үйдің ауласындағы атышулы ішкі түрме, Қарасай батыр көшесіндегі Наурызбай мен Чайковский көшесіне дейінгі аллея, ал Наурызбай батыр көшесінің арғы бетіндегі қарағай саябағы «Қазақстандағы саяси қуғын-сүргін тарихы мұражай кешені» болуы керек болатын. Аллеяның екі бетінде бүкіл атылғандардың аты жазылуға тиіс еді. Осы жоба бойынша 2003 жылы Храпунов әкім болып тұрған кезде музейдің бірінші кезеңі ашылды. Екінші кезеңі бойынша экспонаттар жинау сияқты қосымша жұмыстар жүріп жатқанда бұл ғимараттың жекеменшікке өткенін естідім. Ол кезде қала әкімі Иманғали Тасмағамбетов еді. Әкімшілікке барғанымызда бізге Тасмағамбетовтің орынбасары Қайрат Жаңабергенов пен ішкі саясат басқармасының бастығы «бұл – тарихи ғимарат, жекеменшікке берілмейді» деді. Сөйтіп жүргенде күзде «музейді босатыңдар, бұл біздің жекеменшігіміз» деп екі жігіт келіп тұр.

…Бізді қуып шықты, жұмыстың бәрі тоқтады. Содан бері алысып келеміз. Бір қолдан бір қолға өтеді, әр ауысқан сайын жаңа қожайындар маған «босат» дейді, мен «босатпаймын» деймін. Бармаған жеріміз жоқ, президентке дейін хат жаздым. Менің хатымды алады да, Алматы қалалық әкімдігіне сілтейді. Ал олар «бұл сатылып кеткен ғимарат, біз ештеңе істей алмаймыз» деуден танбайды.

Әр қожайын ауысқан сайын у-шу болып жатамыз. Мен әлгі қожайындарға: «Бұл тарихи ғимарат, оны жекешелендіруге болмайды деген заң бар. Одан да қолың қышып бара жатса, қазір мемлекет пен жеке кәсіпкерлік әріптестік деген бар, сол бағдарлама арқылы ғимаратты музейге айналдырыңдар», – деймін. Оларға сенің тарихың не керек, бастарын ала қашады. Өздерінің басы даулы ғимаратты сатып алғанын білген соң, тыныш отыра алмайтындарын көрген соң тағы біреуге сатқанша асығады.

Біз мұнымен тоқтамаймыз. Бұл тарихи ескерткіш қой, елдің игілігіне көшпей қоймайды.

Өткенде, 31 мамыр күні бұл мәселені үлкен жиында тағы көтердік. Содан кейін қалалық әкімдік өз балансына қайтадан өткізіп алады деген әңгіме шықты. Содан үміттеніп жүргенде ғимараттың ішкі құрылысын бұзып жатыр деген сөз шықты. Мен Астанада жүр едім, алып-ұшып келдім. Бұлар өз ақшаларына сатып алғанын, не істесе де өздері білетінін айтады. Расында, бұларға кінә таға алмайсыз. Бәрін бүлдіріп отырған 2005 жылы қитұрқы жолмен жекешелендіріп жіберген атқамінерлер. Ал ғимаратты сатып алғандардың уәжі – бұл ешқандай да тарихи ескерткіш емес. Бұдан асқан қандай тарихи ескерткіш керек? Осыдан бірнеше күн бұрын ғана шықты ғой, «Сайран» автовокзалын тарихи ескерткіштердің қатарына қосу туралы. Оған қарсы емеспін, сақталсын, бірақ дәл осы ғимараттың «Сайраннан» қай жері кем? Бұл қазақтың қанды тарихының жылнамасы тұратын орын ғой.

– Сіздің ғимаратта жеке кабинетіңіз бар дейді. Жалдап отырсыз ба?

– Бар. Жалдап отырған жоқпын. Не үшін жалдауым керек? Бұл жерді ешкім жалдап отыруға тиіс емес, бұл – халықтың мүлкі. Оған ешкімнің қол сұғуға хақысы жоқ.

– Сізге «кабинетті босат» деп жатыр дейді…

– Босаттыра алмайды. Біз соңына дейін күресеміз. Ешкімнің күмәні болмасын, бұл ғимарат түптің түбінде тарихи ескерткіш деген статусын қайтарып алады. Және о бастағы жоспар бойынша үлкен мемориалдық кешенге айналады.

Менің таңғалғаным, біз дабыл қағып жатқанда республикалық БАҚ өкілдері қара көрсеткен жоқ. Шынымен, қазақтың асылдарының қаны төгілген, жаны қиналған, басы кесілген жердің ешкімге керек болмағаны ма? Жаны шырқырап, ұлттың ертеңі үшін, біз үшін жанын қиған ұлылардың қаны сіңген жерден ашылған қонақүйдің төрінде шалжиып жатпақпыз ба? Мүмкін, қалың ел біле қоймайтын шығар, бірақ біз білдіруіміз керек қой. Ел қандай жерді басып жүргенін білуі керек, әйтпесе… «Аруақ атады» деген ауыр сөз бар, содан қорқуымыз керек.

Қанды жер, қаралы тарихтың орнына қонақүй салмақ

P.S. Айтпақшы, 2005 жылдан бері бірнеше қолға өткен, қаралы тарихтың куәсі болған қанды ғимараттың ендігі қожасы – «МАК-сервис Лтд» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі. Қонақүйге икемдеп, ішкі құрылысын өзгертіп жатқан да солар. Бірақ дау туғалы бері құрылысшылар ғимаратқа келмепті. Сірә, мекеменің даулы екенін енді ғана білген сияқты. Жұмабек Ашуұлы «бұрынғы иесі сататын кезде ғимараттың тарихи орын екенін айтпаған болуы керек» деген күдік келтіріп отыр. Және ұзынқұлаққа сенсек, ғимараттың жаңа қожайындары «Машкевичтің адамдары» деген де дерек бар. Газет беті қатталып жатқанда қарсы тараптың да пікірін білмек болып хабарласуға тырысып едік, жөнін айтар жөнді кісісі табылмады. Бұған дейін иелік еткендердің ешқайсысының ісі дұрыс жүрмей, сатылумен келе жатқан атышулы ғимаратқа қатысты әрбір оқиғаны редакциямыз назарда ұстайтын болады. 

Фотолар автордікі. 

МАТЕРИАЛДЫ РЕДАКЦИЯНЫҢ РҰҚСАТЫНСЫЗ КӨШІРІП БАСУҒА БОЛМАЙДЫ.

Алматы қаласы туралы жаңалық оқу

Comments are closed.