Батыс Қазақстан облысы Қазталов ауданының полициясы Қарасу және Жұлдыз ауылының ортасындағы далаға құлаған белгісіз объектіні тексеріп жатыр. Бұл туралы Азаттық тілшісі хабарлайды.

4 шілде түнде полицияға Бостандық ауыл тұрғындары аспаннан «белгісіз отты шар» құлағанын айтып хабарласқан. Объект құлаған маңда өрт болып, оны төтенше жағдай мамандары өшірген. 

Әлеуметтік желі қолданушылары объектінің фотосы мен видеосын жариялап, оны «көлемі — үш те үш метр, ортасында люкке ұқсас дөңгелек бар. Материалы мата сияқты жұмсақ» деп сипаттап жатыр. 

Интернет қолданушылар объект құлағаннан кейін «ұялы байланыс дұрыс істемей қалғанын» да жазды.

Ал Қазталов ауданы әкімінің орынбасары Нұретден Құтхожин Азаттыққа «объектінің құлауынан елді мекендерге ешқандай зиян келген жоқ» деді. Әкім орынбасарының айтуынша, қазір объект құлаған аймақта мемлекеттік органдардың өкілдері кіретін координациялық топ жұмыс істеп жатыр және ол маңға жақын күндері экологтар барып, экспертиза жүргізіледі.  

Батыс Қазақстан облысы ішкі істер департаменті Азаттыққа әлеуметтік желіде тараған хабарға қатысты нақты комментарий беруден бас тартты. 

Оқи отырыңыз: Зымыранның құлауы ауыл тұрғындарын дүрліктірді

2014 жылы наурызда Батыс Қазақстан облысының Бөкей ордасы ауданының Шоңғай ауылының маңына Ресейдің Капустин Яр полигонынан ұшырылған метеорологиялық «МН-300» зымыраны құлаған. 

Дереккөз:Азаттық радиосы

Алматы қаласы туралы жаңалық оқу

Comments are closed.