Шілденің 6-сы күні кешкісін Алматы мен Астанада мерекелік шаралар өтетін жерлерде қауіпсіздік шаралары күшейтілді деп хабарлайды Азаттық тілшілері.

Бүгінгі Астана күніне арналған мерекелік концерт Астанада EXPO кешені аумағында, Алматыда — Қазақ-британ техникалық университетінің алдындағы Астана алаңында өтеді деп белгіленген.

Екі қалада да мерекелік шаралар өтетін аумақ темір турникетпен қоршалып, оны жағалай полиция күштері бақылап тұр. Қоршаудың ішіне полиция қызметкерлері көрермендердің сөмкелерін, кейбірін қалтасын мұқият тексеріп кіргізді.

Алматыда Азаттық тілшісі белгісіз ер адамды полицияның бірнеше қызметкері ұстап, арнайы көлікке күштеп отырғызғанын байқады. Ол адам өзінің не үшін ұсталғанын түсінбейтінін айтып үлгерді.

Оқиға орнында жүрген Алматы қалалық ішкі істер департаментінің баспасөз хатшысы Салтанат Әзірбек ұсталған адам кім және не үшін ұсталғаны туралы Азаттық тілшісінің сұрағына жауап беруден бас тартты. Ол сауалды жазбаша жолдауға кеңес берді. Полиция көлігінде отырған билік өкілдері «ешкімді ұстамағаны» туралы айтты.

Көп ұзамай Азаттық тілшісі тағы бір ер адамды полиция ұстап, құжаттарын тексергеннен кейін алып ке ткенін көрді.

Астанда мерекелік шара өтіп жатқан EXPO қалашығы аумағында да полиция бақылауы күшейтілген. Ол жерде полиция қызметкерлері мен қызмет көліктері, прокуратура өкілдері жүр. Бұған дейін Астана ІІД қала тұрғындарын кешкі мерекелік шараларға балаларды ертіп әкелмеуге шақырған.

Дереккөз:Азаттық радиосы

Алматы қаласы туралы жаңалық оқу

Comments are closed.