Еуропадағы қауіпсіздік пен ынтымақтастық ұйымы (ЕҚЫҰ) «Азат Еуропа / Азаттық Радиосы» (АЕ/АР) медиакорпорациясына «шетел агенті» туралы заңды бұзған деген негізбен 100 мың рубль (шамамен 550 мың теңге) көлемінде айыппұл салған Мәскеудің Тверь аудандық бітімгершілік сотының шешімін айыптады.

Сот шілденің 5-і күні шығарған шешімінде АЕ/АР медиакорпорациясын Ресейде «шетел агенті» деп танылған үкіметтік емес ұйым ретінде мемлекеттік органдарға заңда көрсетілген міндетті мәліметті бермегені үшін айыпты деп таныған. ЕҚЫҰ мәлімдемесі сот шешімі шыққан күннің ертесінде жарияланған.

«Сот шешімі «шетел агенті» туралы заңның БАҚ қызметіне кедергі келтіретінін және Ресейдегі ақпарат еркіндігі кеңістігін тарылтатынын айқын аңғартады», — деп мәлімдеген ЕҚЫҰ-ның баспасөз еркіндігі жөніндегі өкілі Арлем Дезир.

«Азат Еуропа / Азаттық Радиосы», «Америка дауысы» және оларға қатысы бар өзге бірқатар ақпараттық жобаларды Ресейде осыдан сегіз ай бұрын «шетел агенті» санатына қосқан. Мұндай жіктеу қараша айында күшіне енген заң негізінде жасалған болатын. Аталған заң шетелден қаржыландырылатын бұқаралық ақпарат құралдарын «шетел агенті» деп тануға мүмкіндік береді. Құқық қорғаушылар мен батыс елдері үкіметтері Ресейдің «шетел агенті» туралы заңын сынаған.

Дереккөз:Азаттық радиосы

Алматы қаласы туралы жаңалық оқу

Comments are closed.